Сіз бен біз көшеден өткенде...

Сіз бен біз  көшеден өткенде...
ашық дереккөз
Сіз бен біз көшеден өткенде...

Қолайсыздық тудыратын жайт – жүргінші жолақтарының жоқтығы

Қоғамда кейбір қызмет түрлерінің ашық әрі жариялы түрде көрсетілмеуінің салдары сыбайластық әрекетке итермелеуі мүмкін. Оған түрткі болатын қарапайым мысалдар өмірде көптеп кездеседі. Соның бірі көшелердегі жаяу жүргіншілер жолақтарының жоқтығы болуы да кәдік. Мәселен, Тараз қаласының бірқатар көшелеріндегі жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі белгілердің тұсында жолақтар мүлдем жоқ немесе нашар көрінеді, өшіп қалғандары да бар. Шаһардың әл-Фараби, Шостакович, Т.Рысқұлов, Байзақ батыр, Саңырақ батыр, Айша бибі көшелеріндегі жаяу жүргіншілер өткелдерінде белгінің бар екенін сол жолмен жиі жүретін жүргіншілер болмаса, былайғы жұрт пен көлік жүргізушілері көрінбей қалған жолақ сызықтарын байқамауы да мүмкін. Біріншіден, бұл жаяу жүргіншілердің жол қауіпсіздігіне қауіп туғызады. Екіншіден, жаяу жүргінші жолақтарының жоқтығы немесе көрінбеуі сыбайлас жемқорлық тәуекелін тудыратыны тағы бар. Нақтырақ айтсақ, жолағы жоқ болғандықтан жаяу жүргінші өткелін байқамаған көлік жүргізушісінің жол қозғалысы ережесін абайсызда бұзу ықтималдығы артады. Ал жол патрульдік полициясы қызметкерлерінің мұндай жолақсыз аумақтардағы ереже бұзу фактілеріне баса көңіл бөлетіні жасырын емес. Жалпы заң талабы бойынша да мұндай жағдайда ереже бұзған көлік жүргізушісіне әкімшілік жаза қолданылатыны белгілі. Өзінің жол қозғалысы ережесін бұзғанын тәртіп сақшысынан білген кей жүргізуші айыппұлдан құтылудың түрлі амалдарын, оның ішінде заңсыз сыйақы беру немесе танысы арқылы мәселені шешу жолдарын қарастырады. Осындай жағдайлардың алдын алу әрі өңірде қалыптасқан ахуалды зерделеу мақсатында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті арнайы мониторинг жүргізіпті. Мониторинг барысында қаланың барлық көшелерін қамти алмағанымен, бірқатар кемшіліктерді анықтаған. Аталмыш департаменттің бас маманы Айжан Мәдімарованың айтуынша, зерделенген аумақтарда жаяу жүргіншілер аптасына кем дегенде 1-2 жол-көлік оқиғасына тап болатыны белгілі болған. Бұл – 350 мыңдай ғана тұрғыны бар Тараз қаласы үшін өте көп көрсеткіш. «Көрсетілген кемшіліктер, көтерілген мәселелер арнайы мониторингтік топ отырысында талқыланып, тиісті мемлекеттік орган басшыларына ұсыныстар берілді», – дейді ол. Тараз қалалық ішкі істер бөлімінің Жергілікті полиция қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, тұрғындар көп жүретін аудандарда жол апаттары көп орын алады екен. Сондықтан жаяу жүргіншілердің жолды кесіп өту қарқындылығына да талдау жасалды. Талдау жасалған аудандардағы жаяу жүргінші өткелдерінен әр жарты сағатта 160-тан 350-ге дейін адам өтетіні анықталды. Бұл фактілер шаһар көшелеріндегі жаяу жүргінші өткелдерінің жай-күйі жол патрульдік полициясы мен жергілікті атқару органдары тарапынан жіті зерделеуді қажет ететінін көрсетеді. Ол үшін аталған олқылықтардың орнын толтыру керек. Жол белгілерінің талаптарға сай болуы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сеп болып қана қоймай, полиция қызметкерлері мен жүргізушілер арасындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға ықпал етеді.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Ұқсас жаңалықтар