Мұқтаж жандардың өтініші жерде қалмайды
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында партияның «Кедергісіз келешек» жобасын іске асыру жөніндегі айлық аясында қоғамдық қабылдау өтті. Іс-шараға қатысқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ермек Бықыбаев пен облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген алдына кірген әрбір жанның мәселесіне терең бойлап, шешілу жолын нұсқады.
Бірінші болып кірген Айбол Қылышбеков 2008 жылғы баласы мен әйелін мүгедектік топқа шығару мәселесімен келіпті. Айтқан шағымы бойынша қай мекемеден қайсысына бару керектігі жүйеленіп түсіндірілді.
Келесі кірген Гүлмира Абраманова атты көп балалы ана мектеп жасындағы бүлдіршіндеріне оқу құралдары мен киіміне қолұшын беруді сұрады. 5-баласына аяғы ауыр келіншектің айтуы бойынша, жұбайының тұрақты жұмысы жоқ, өздері 35 мың теңгеге пәтер жалдап тұрады. Бұл кісінің өтінішімен балаларына «Мектепке жол» акциясы бойынша қажетті керек-жарағы алынып берілетін болды.
Шу ауданы Төле би ауылының тұрғыны Өміркүл Масақова үшінші болып кірді. Кезінде Қаратау қаласында үйі болған ол кісінің пәтері тастанды үйлер қатарына саналып, баспанасыз қалған ана Шу ауданына қоныс аударыпты. Ол тек аты ғана, қоныс дегеніміз қонақ үйдің бір бөлмесін 20 мың теңгеге жалдап тұрып жатыр екен. Қанша жылдан бері тұрғылықты жерінен шешімін таппай келе жатқан мәселелерінің ақ-қарасын айырып, әділдікке қол жеткізгісі келетін Өміркүл ханым көз жасын да сығып алды. Айтуынша, талай есікті тоздырған өзінің шыдамы да таусылуға шақ қалыпты. Шырылдаған ананың уәжі бір емес, бірнеше екен. Соның ең бастысы – баспанаға көмектесер кәсіпкерлер табылса. Сонымен қатар немересіне мектеп киімін сатып әперуге де қалтасы көтермей отыр екен. Баспана әпере алмайтындықтарын кесіп айтқан қоғамдық қабылдау өкілдері өтініш иесінің қалған талаптарына көмек көрсетілетіндігін жеткізді.
Ал соңында сөз алған «НұрПеризат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Акпаев: «Қоғамдық көліктерде жүру үшін мүгедектерге мемлекет тарапынан берілетін 2460 теңге компенсация транспорттық компанияларға тікелей аударылатын болса. Сөйтіп бізге тек жол жүру билеті берілсе», – деген тілегін жеткізді.
Нұрлан Әбдіғалиұлының сөзіне сенсек, Тараз қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар саны мыңға жақын. Ал ақшалай беріліп жүрген көмекке ешкім толыққанды жүре бермейді, оның үстіне тиын-тебенді кейбірінің көзі көрмейтіндіктен, санай да алмайды.
Қоғамдық қабылдау барысында көтерілген мәселелер бойынша тиісті жауаптары беріліп, олардың «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы тарапынан назарда ұсталатындығы айтылды.
Альмира Омарова
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді