«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Депутат деген ер екен, елдің қамын жер екен

Депутат деген ер екен, елдің қамын жер екен
ашық дереккөз
Депутат деген ер екен, елдің қамын жер екен

 Мемлекеттік биліктің бастауы – халық. Ал, мәслихат – халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ететін және Қазақстан Республикасының заңдарының іске асуы үшін қажетті шараларды белгілеп, олардың жүзеге асырылуын қадағалайтын жергілікті өкілді орган.

Еліміз тәуелсіздік жылдарында саяси, экономикалық үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Оған жергілікті өкілетті органдар өкілдерінің де қосқан үлесі зор. Мәселен, аудандық мәслихат депутаттары Президентіміз Н.Назарбаевтың еліміздің әлем елдері алдындағы абыройы мен беделін көтеруге, тәуелсіздік пен елдігімізді нығайтуға бағытталған сарабдал саясатын қолдап, іске асырылуына атсалысып келеді. Жуалы аудандық мәслихатында 13 сайлау округі бойынша сайлаушылар сеніміне ие болған 13 депутат белсенді жұмыс жүргізуде. Менің әріптестерім өз сайлаушыларының мүдделерін қорғау мен олардың лайықты өкілі болуда депутаттық міндеттерін абыройлы атқаруға күш салуда. Мәслихат депутатының жұмысы халық өмірімен тығыз байланысты. Өз басым халық үшін еңбек етіп, туған еліме, туған жеріме қызмет етіп жүргенімді мақтан тұтамын. Негізгі мамандығым – техник-механик. Ауылшаруашылығы саласында 1988 жылдан бері еңбек етіп келемін. Оның ішінде 2001 жылдан бастап «Зылиха» шаруа қожалығының жетекші маманы, 2009 жылдан төрағасымын. «Зылиха» шаруа қожалығы бүгінде тынымсыз еңбектің нәтижесінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуде. Жалпы ауылшаруашылығы саласы – ел экономикасының дамуында екпінді үлесі бар сала. Сондықтан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына ерекше тоқталды. Бүгінде ауылшаруашылығы саласының дамуына негізгі кедергі – ұсақ шаруашылық құрылымдары. Ауданымызда жері аз ұсақ шаруашылықтар көп. Олар инновациялық агротехникаға негізделген технологияны енгізуге, инвестиция тартуға қауқарсыз. Сондықтан ауыл шаруашылығын ірілендіру қажет. Мен «Нұр Отан» партиясының «Партияның жаңа 50 тұлғасы» жобасына қатысушы ретінде және аудандық мәслихаттың депутаты тұрғысында жобаның маңыздылығы мен ауқымдылығын ескере отырып, ауданның бетке ұстар кәсіпкерлерімен, шаруашылық басшыларымен бірнеше рет кездесулер өткіздім. Іс-шаралар барысында заман талабына сай озық технологияларды енгізе отырып, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру, аудан халқының сұранысына ие болып отырған бау-бақша, көкөніс өнімдерін сақтайтын жаңа заманауи қондырғылармен жабдықталған қоймалар салу мәселелері сөз болды. Нәтижесінде Шымбұлақ ауылындағы Нұрбол Темірбековтің «Темірбекова» шаруа қожалығы заманауи технологиямен жабдықталған 7000 тоннаға арналған астық қоймасын салуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге Түктібай ауылындағы «Зылиха» шаруа қожалығы, яғни өзім, аудан халқының сұранысына орай бау-бақша, көкөніс өнімдерін сақтайтын заманауи технологиямен жабдықталған 2000 тонналық қойма салуды қарастырып отырмын. Иә, Елбасымыз айтқандай, ауылшаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында саланы ауқымды жаңғырту қажет. Ол үшін аудандық мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері, ауылшаруашылығы бөлімінің мамандары халық арасында тұрақты түрде түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізіп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің мемлекеттік қаржылық қолдау бағдарламалары аясында берілетін көмектің қолжетімділігін арттыруға атсалысуымыз керек. Меніңше, әрбір депутат өзінің білімі мен өмірлік тәжірибесін, кәсіптік қарым-қабілетін біріктіріп, өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарар болса, әрдайым нақты нәтижелерге жететін болады. Уақыт бір орнында тұрмайды. Кез-келген мәселеге жаңаша көзқараспен қарап, дамытып отыру қажет. Осы тұрғыдан алғанда да мәслихат депутаттары өзгелерге үлгі бола білуге тиіс. Мен өзім сайлаушыларыммен әрдайым тығыз байланыстамын. Ауылдық округте өтетін іс-шаралардан қалмауға, мүмкіндігінше көмектесуге тырысамын. Теңге бағамының өзгеруіне сай базарда картоп бағасының көтерілмеуі үшін он тоннаға жуық картопты базарға шығарып, ортақ іске үлес қостым. Тараз, Алматы, Астана қалаларына да талай рет жәрмеңкеге өнім апарып қайттым. Депутат – халық қызметшісі. Міне, осы атаққа лайық болуға тырысуымыз қажет.

30Керімқұл Бегалиев, Жуалы аудандық мәслихатының депутаты.

 Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар