Асқарбек АЙДАРОВ.
Менің жаңғыруым Не қаладым өмірден, не іздедім?
Көншітпеді көңілді кей іздерім.
Ой, арманым күй болып күңіреніп,
Толқын атты кеудемде теңіздерім.
Еш амалын таппадым, қайда барам?
Бақ-береке бермеді пайда маған.
Салым суға кететін сәттерім көп,
Бақытты ма бақиды ойламаған?!
Не тындырдым, мен енді не істеймін?
Күйкі тірлік күйбеңмен келіспеймін.
Арманымды ең көркем алға тартып,
Бұл майданда қайтсем де беріспеймін.
Шыңдаламын болаттай, шынығамын,
Ағып жатса бойымда тұнық-ағын.
Қажет емес басымның тыныштығы,
Жан қалауын білмеймін, кім ұғарын?
Арнасымен ақса егер жан-бұлағы,
Жүрегімнің ашылар сан қыры әлі.
Өткенім мен бүгінім, болашағым,
Қозғалады, санамда жаңғырады.
***
Қабыспады жердегі мен көктегім,
Келмей қойды-ау көңіл құсым – көктемім.
Тектілік пен талғам деген әлемде,
Ұмытқаным...
Жоғалтқаным көп менің.
Өгей сана, өгей таным – өзге өлең,
Қалау бар ма, қай қалыпқа өзгерем?
Шотын шауып шапқыладым шендінің,
Алқам-салқам, қайраңда тұр өз кемем.
Тамашалап тағдыр-талай тартысын,
Талқан еттім табиғаттың талқысын.
Жанталасып жаға жыртып жүргенде,
Ар-ұяттың жоғалтыппын жартысын.
Бақыт іздеп жер қалмады кезбеген,
Бақыт-бағдар сұрап алып өзгеден.
Қарабастың, күнкөрістің қамын жеп,
Тайсақтадым мақсатымнан көздеген.
Өзгеру ме?..
Тиек болған тіліме,
Түлемеді талап-тілек, түгім де.
Бір кездері көзін ашқан талайдың,
Сол түсінік түкке алғысыз бүгінде.
Қайғы-мұңым ішке сыймай қоздаған,
Үмітімнің үрдісінен озбаған.
Жапан-түзде жалғыз кетіп барады,
Көңілімнің қара нары боздаған... Жусан исі Зәрем менің зәр түбіне кеткенмен,
Хабарым жоқ болашақтан, өткеннен.
Жанды жалдап, тісті қайрап күн көрем,
Өмір атты өтемін деп өткелден.
Шаттығымның шайқадым ба тұнығын,
Қадірімнің құбылады құны мың.
Арыстандай айбатты едім кеше мен,
Ал бүгін ше?..
Құлқынымның құлымын...
Суалғандай кеудемдегі сыр-бұлақ...
Тақпақ айтам, мақтау жазам, жыр құрап.
Сағымды да сындырғанмын сан мәрте,
Мен-мен деумен өз төсімді ұрғылап.
Ғайып еді – шығар шыңым, ұшпағым,
Көз көрімнен ары асып ұшпадым.
Тоғыспады тоғыз жолдың торабы,
Илегенмен бір терінің пұшпағын.
Қауқарым жоқ қазығымды қағардай,
Сорым қалың, маңдайым да ағармай.
Ойсоқты боп орға талай жығылдым,
Қазынамнан құнды-пікір таба алмай.
Қандай таным, қандай амал ұстаймын,
Кейде күдік, кейде үміт ұштаймын.
«Құс жолына» телміремін түн қатып,
Қос қанаты қайырылған құстаймын.
Шындық іздеп шыбын жаным шырқырап,
Сырымды айттым сай сүйегім сырқырап.
Маңғаз далам өзгертпеген келбетін,
Жарықтық-ай, жусан исі бұрқырап. Өзге өлшем Жырла жүрек,
Жырла арманым, жырлай түс,
Ей, тағдырым тезіңе сал, сынай түс!
Жаным көкті, тәнім жерді қалайды,
Бітетұғын түрі жоқ қой бұл айтыс.
Талас-тартыс, тауқымет те имеген,
Жан-тәнімде жер қалмады күймеген.
Көкейіме кіріп кетіп күмәнді ой,
Шығара алмай шарасыз бір күйге енем.
Мен білмеймін?..
Көздеді екен жау нені,
Санамдағы сөндірді ме сәулені.
Шыбын жаным қолбалаға айналып,
Ал тәнімнің жүріп-ақ тұр дәурені.
Шырмауында шат-шадыман шақтардың,
Қуанышын қалыбына шақтар кім?
Көбелектің кебін киген сәтімде,
Өнегемді отқа атуға шақ қалдым.
Сайқымазақ сахнасы – өмірім,
Өзгереді бет-бейненің өңі мың.
Қылжақтаймын, қарық етем күлкіге,
Көпшіліктің көтеремін көңілін.
Біз біреуге қараған күн құрысын,
Мазам қашты, тарылды ғой тынысым.
Тексіз таным тамырына сілтеген,
Тасқа тиді ар-ұжданым – қылышым.
Бір ауыз сөз шығармастан тісімнен,
Сартап болған сенімімнің күшімен.
Танып көрем бақытымды, бағымды,
Басқа өлшем, басқа болмыс ішінен. Құн мен құндылық Есім шықты басқа кенет бақ дарып,
Мәңгі бақыт жырын жырлап мақтанып.
Дәтке қуат, жанға шипа болардай,
Түк таппадым жан дүниемді ақтарып.
Қарекетім қағидама қас бүгін,
Паш еткендей парасаттың пәстігін.
Талма жерден періп өтіп танымды,
Шырмауына шырматылдың нәпсінің.
Сан-сынақты бірге өткерген серігім,
Жауар бұлттай торлап алды сері-мұң.
Өтірігім өрге жүзіп барады,
Сетінеді селкеу түскен сенімім.
Төңіректен тыңдай алмай текті үнді,
Көкейіме сары уайым кеп тұнды.
Ақылгөйлер жігерімді жасытып,
Ит-тірлігім амалымды жеп тынды.
Тамағым тоқ, киімім де көк бүгін,
Өтіп жатыр әрі-сәрі көп күнім.
Арман-жырым арсыздыққа арандап,
Құлындағы құраққа да жетті үнім.
Алдаспан – жыр қынабында тоттанып,
Қасіретім қабырғама батты анық.
Құнын жойған құндылығым кетті ме?
«Барсакелмес» аралына аттанып.
Толғау айтам көңіл-күйім толмаса,
Есіл-дертім үміт-гүлім солмаса.
Шын бақыттың не екенін білмеймін,
Сәл-пәл ғана сезінгенім болмаса. Үміт пен күдік Жеті қабат шарлап көктің санатын,
Жұлдызымның сәтін күтем жанатын.
Жат қалауы шындығымды шалғылап,
Орып түсті пырағымның қанатын.
Арман-дертім – аялаған ардағым,
Көңілім жоқ...
Қан жылайды ар жағым.
Пендешілік – пешененің жазуы,
Татып жүрмін зұлымдықтың зардабын.
Тоқсан ауыз сөзден түйін түйдірген,
Бабам нарды қобыз шалып идірген.
Қадірім жоқ, қажетім жоқ қоғамға,
Құмырадай шала-пұла күйдірген.
Ұстай алмай арманның ақ күлігін,
Жер басқанмен дей алмаймын тірімін.
Тілек тілеп, қам-қарекет етсемде,
Ой-санамның баса алмадым бүлігін.
Ниетімді нығметке бұрсам да,
Пейілімді парасатқа құрсам да.
Қасиетімнің қоса алмадым бастарын,
Топырақ, жел, су мен оттан тұрсам да.
Көзбен көріп тағдыр-талай таласын,
Жер-жаһанның жүктеп алып наласын.
Жақсы оймен мекен етіп келемін,
Үміт пенен күдігімнің арасын.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді