Әлеумет
Қазақтілді ақпарат кеңістігіндегі интернеттің рөлі қандай?
- author «Ақ жол»
- 12 шілде, 2014
- 213
Қазақтілді ақпарат кеңістігіндегі интернеттің рөлі қандай?
Бұл сұрақ кейбір оқырман үшін ескі де сауал болуы мүмкін. Алайда, Қазақстан БАҚ-тарының барлығы интернетпен етене танысып, терең «достасып» кетті деуге әлі де ертерек. Сөз жоқ, ғаламтор қазақстандық жаңа масс-медианың келбетін қалыптастырып, электронды үкімет, порталдар мен сайттар, блогосфералар, әлеуметтік желілер арқылы қазақтілді БАҚ интеграциясын жасады. Бірақ, оның барлығы жаңа медианарық талаптарына сай келе ме?
Жаңа медианарықта өз өнімін өткізіп, бәсекеге қабілетті болу - қазіргі редакцияның басты талабы. Кей деректер бойынша, Қазақстанда 2500-ден астам газет-журнал, 300-ге жуық интернет-портал, 8 мыңға жуық интернет сайт қызмет етеді. Бірақ, осы ақпарат құралдарының барлығы оқылымды, танымал дей алмаймыз. Сондықтан, өмірімізді интернет шырмаған мына заманда БАҚ-тың да оқырман сұранысына лайық бейімделу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұдан әлемдік баспасөз де айналып өткен жоқ.
Медиа сарапшылардың пікірінше, 2008-2012 жылдар аралығында көптеген елдерде баспа басылымдары саны жағынан 20 пайызға дейін төмендеген. 50 пайызға дейін жарнамадан қағылған әлемдік атақты басылымдар редакцияларын шұғыл реформалап, интернет нұсқаға ауысуды қолға алған екен. Мысалға, Америкадағы әйгілі «Time» газетінен кейінгі екінші орындағы «Newsweek» апталығы 2013 жылдың басынан бастап, газеттің баспа нұсқасынан бас тартқан. Мұның себебін, басылымның бас редакторы Тина Браун: «жаңа медианарықтың қарқынды дамуын ешкім тежей алмайды сондықтан, көштен қалмау керек» деп түсіндіріпті. Ал «Time» газетінің өзі соңғы 7 жылда 19 пайыз оқырманын жоғалтып, 3,3 млн.ға тиражы азайған екен. Америкалық «Research Center» зерттеу орталығы АҚШ-тағы баспа БАҚ-тың соңғы 10 жылда 20-дан 40 пайызға дейін төмендегенін жазады. Дәл осындай жағдай Батыс Еуропада да орын алып отыр. Англияның атақты «The Guardian» газетінің редакциясы жақында басылымның Интернет-газетке көшкелі жатқанын хабарлады. Германияда 18-29 жас аралығындағы жастар арасында жүргізілген сауалнамада жастардың бір пайызы ғана газетті сатып алып оқитынын айтыпты. Францияның атақты «Liberation» апталығының тиражы соңғы он жылда 129 мың-ға кеміп, 28 пайызға азайып кеткен. Ресейде 2013 жылы баспа БАҚ-қа жарнама беру 5 пайызға кеміп, медиахолдингтер 8 млрд. рубль жоғалтыпты.
Мультимедиялық журналистиканың бірнеше анықтамасы болса да, біздің түсінігімізде қазір редактордың жаңа медианы игеруіне байланысты анықталып отыр. Редактор журналистерден ақпаратты жедел әрі сапалы, фото, видео нұсқасымен талап етіп қана қоймай, оқырманға жетуі үшін әлеуметтік желіде барынша насихаттауды талап етуі қажет. Батыста осы конвергентті журналистика коммерциялық талаптар үшін дамыған. Біздің елімізде қоғамның сұранысына қарай бейімделіп отыр. Себебі, қазір интернетке қолы жеткендердің көбісі әлеуметтік желілерге тіркелген. Мәселен, 2011 жылы Facebook-та 340 660 қазақстандық болса, 2012 жылы бұл сан 450 мыңға жеткен. 2013 жылы жарты миллионннан асқаны анық. 2012 жылы Twitter-дің қазақстандық қолданушыларының саны бес жүз мыңға жетіпті. Ресейлік коммуникациялық сервис mail.ru, «Мой мир» желісіне күн сайын 1 млн. 562 қазақстандық қолданушы кіреді екен. Ал әлеуметтік желілердің ішінде 2008 жылы алматылық студенттер құрған Yvision.kz блог-тұғырнамасына бүгінде 238 900 қолданушы тіркелген.
Қарап отырсаңыз, редакция тұщымды ақпарат ұсына білсе, мыңдаған, тіпті, миллиондаған оқырман шедевр мақалаңызды, блог жазбаңызды «жұтып жіберуге» әзір отыр. Бұл интернеттің қазақ баспасөзіндегі рөлін тағы көрсетсе керек.
Еліміздегі тиражды, танымал газеттердің редакциялары жаңа медианарыққа бейімделіп, басылымның интернет сайттарын да оқырман назарына ұсынып жатқанына аса көп бола қойған жоқ. Соңғы бес жылда сондай интернет-газеттердің өз аудиториясы қалыптасып, басылымның қағаз нұсқасынан гөрі өтімдірек бола бастағаны айтылып жүр. Мұнымен қатар, қоғамдық-саяси бағыттағы қазақтілді тәуелсіз сайттар мен порталдар интернет қолданушылардың негізгі бөлігін өзіне қарата алды. Яғни, интернет қазақ оқырманын ақпарат кеңістігінде тоғыстырды. Қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал етіп, БАҚ пәрменділігін арттырды.
Осы орайда, қазақтілді БАҚ-қа қатысты тағы бір жайтты ерекше айта кету керек. Баршаға белгілі, қазір жастардың назары қолындағы смартфонында. Оқырман сұранысына лайық, редакция өз аудиториясын айқындап алып, қызықты айдарлар мен тақырыптарды дамытса қазақтілді БАҚ-тың интернеттегі үлкен аудиториясы, әлеуетті тұтынушы жас оқырман дап-дайын тұр.
Қазақтілді ақпарат кеңістігіндегі интернеттің рөлі туралы айтқанда қазақ журналистикасының мазмұнын да естен шығармағанымыз абзал. Сауатты жазумен қатар, жанрды, қызықты айдарларды дамыту - қазақ оқырманын тартудың бірден бір құралы. Қазіргі уақытта журналистикада жанр деген ұғым жоғалып бара жатқанын аға буын, ардагер журналистер айтудай-ақ айтып келеді. Қысқа да нұсқа ақпаратқа ыңғайланған интернет басылымдарында бұл мәселе енді елеусіз қалғандай. Тіпті, республикалық газеттердің сайттарында көптеген айдарлардың айлап жаңартылмай жататыны осыған дәлел. Ақпараттық сайттардың тұрақты оқырманы әртүрлі қызықты айдарлармен жарияланатын сұхбаттар мен мақалаларды да іздейтінін ұмытпасақ керек-ті.
Сөз соңында айтарымыз, интернет қазақ баспасөзіне жаңа леп әкеліп қана қоймай, талапты да күшейтті. Ендігі жерде қазақ аудиториясы қазақтілді БАҚ-тан сапалы дүниелер күтеді. Қазақ баспасөзі сапалы, қазақ журналисі өткір болсын дейміз.
Алмас Қуанбаев
Ақпарат көзі: www.kazinform.kz
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді