«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Партияның қалалық филиалына жаңа төраға сайланды

Партияның қалалық филиалына жаңа төраға сайланды
ашық дереккөз
Партияның қалалық филиалына жаңа төраға сайланды

«Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалының кезектен тыс өткен ХХІІІ конференциясында Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінен туындайтын міндеттердің орындалу барысы талқыланды. Жиынға партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев, қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов, «Нұр Отан» париясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арын Асқарбеков және делегаттар қатысты. Алқалы жиында, сондай-ақ партияның қалалық филиалы төрағасы және бірқатар өзгерістер енгізілген саяси кеңес құрамы қайта сайланды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Мұратхан Шүкеевтің ұсынысымен және конференция делегаттарының дауыс беруімен Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов партия филиалының төрағасы болып сайланып, саяси кеңес бюросының мүшелігіне қабылданды. Жалпы көшбасшы партияның қалалық филиалының кезектен тыс конференциясында Ұлт Көшбасшысының 5 әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылу барысының күн тәртібіне шығарылуы бекер емес. Өйткені облыс орталығында тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны басым. «7-20-25» бағдарламасы қабылданғалы бері көпшіліктің ертерек баспаналы болатынына сенімі артты. Жиында осыны айтқан қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Қаржаубай Бекболатов Президент Үндеуі бойынша атқарылып жатқан игі жұмыстарды, партиялық бағдарламалардың жемісін атап өтті. «Өңірімізде бүгінгі таңда тұрғын үй саясаты белсенді жүріп жатқанына қарамастан, 21 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр», – дей келе, жаңа жобамен бірге тұрғын үй мәселесінің шешілуіне «Нұрлы жол» бағдарламасының ықпал етеріне сенім білдірді. – Мемлекет басшысының «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасы өңірдегі бірқатар өзекті мәселенің оң шешілуіне үлес қоспақ, – деген аталмыш филиал жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Гүлшат Құлабекова Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті және ондағы партия мүшелерінің атқарып жатқан жұмыстарына егжей-тегжейлі тоқталды. Мәселен, облысымыздың аграрлық сектор ретіндегі ерекшеліктерін ескере келе, оқу орнында «Агрономия», «Өсімдік қорғау және карантин» және «Ветеринариялық санитария» мамандықтарының ашылғанын сөз етті. Аталған білім ордасы сәуір айында жаңадан тағы бір оқу корпусын іске қосыпты. Ал қазір «Тараз» қонақ үйінің ғимаратын сатып алып, 400 студенттің жатақхана мәселесін шешуге мүмкіндік жасап жатыр екен. Әлеуметтік бастаманың 4 және 5-бөлімдеріне тоқталған делегат Серік Жетібаев қазір шаһарда 922 жер телімін беру жоспарланып, оның 250-і бірінші кезекте өз қаражаттары есебінен құрылыс салуға ұмтылғандарға берілетінін тілге тиек етті. Бір емес, бірнеше мәселе талқыланып, алдағы жоспарлар нақтыланған конференция соңында Президиум мүшелері қаулы қабылдап, делегаттар филиалдың жаңа төрағасына сәттілік тіледі. Өз кезегінде Ғалымжан Әбдірайымов та өзіне сеніп тапсырылған міндетін адал атқарып, көпшілік үмітін ақтауға тырысатынын жеткізді.

Альмира Омарова Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар