Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Қожахан Жабағиев жұмыс сапарымен Жуалы ауданына келді. Мәжілісмен сапарын Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңбырлатып суғару құрылғыларының жұмысымен танысудан бастады. Жаңбырлатып суғару құрылғысының ағын су үнемдеудегі пайдасын бітік шыққан жүгеріден-ақ аңғаруға болады. 275 гектар жүгері кісі бойындай биік өсіпті, жайқалып тұр. Енді осы мол өнімді шашау шығармай жинап алса, жемшөп мәселесі туындамайтыны сөзсіз. Өз сөзінде Мәжіліс депутаты да осыны атап өтті. «Жол бойы егін алқабын көріп, көңілім тойды. «Гамбург» ЖШС жемшөп мәселесін шешкен сияқты. Қазір жүгері өсіретін шаруашылықтар аудандарда кемде-кем. Мынау бастама құптарлық екен. Жүгері – сиырдың сүттілігін арттыратын бірден-бір күшті азық», – деген Қожахан Көкірекбайұлы серіктестіктегі мал шаруашылығына да назар аударды. Серіктестіктің жүгері алқабының көлемін арттыруы бекер емес. Шаруашылықтағы мүйізді ірі қараның саны 1644 болса, оның 700-і сауынды сиыр екен. Аудан әкімінің орынбасары Әбдікәрім Үркімбаевтың мәлімдеуінше, серіктестік 1200 сауынды сиырға арналған ферма салып жатқан көрінеді. Ал округ әкімі Көбейсін Хайралапов «Гамбургтің» 150 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырғанын айтады. – Біз қазір Парламентте ауыл шаруашылығына қатысты жаңа заң жобасын қарап жатырмыз. Ондағы мақсат – елімізде кенжелеп қалған ауыл шаруашылығын көтеру. Елбасы Н.Назарбаев Жолдауында да, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да ауылды көтеруді, ауыл шаруашылығын дамытуды, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетуді міндеттегені белгілі. Президенттің ауылда туып, қазіргі таңда үлкен қызметте жүрген азаматтарды туған жерін түлетуге, ауылын көркейтуге үлес қосуға шақыруы – көптеген қалталы азаматтарға ой салғаны анық. Міне, біз бүгін сол ауыл тұрғындарына қалай көмектесеміз, ауыл шаруашылығын, ұсақ қожалықтарды қалай аяғынан тік тұрғызуға болады деп, елге келіп, аудандарды аралап жүрміз. Сіздердің айтқан әрбір ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізді зерделеп, заң қабылдайтын кезде назарға алатын боламыз. Менің жұмыс сапарымның мақсаты да сол, – деген Қожахан Жабағиев бүгінгі таңда ұсақ шаруа қожалықтар өндірген өнімдерін экспортқа шығара алмай отырғанын сөз етті. Бұдан кейін Парламент Мәжілісінің депутаты аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылындағы халықты жұмыспен қамту орталығына барды. Халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Мақсат Зиябеков осы орталықта қызметтің 765 түрі көрсетілетінін, соның 435-і цифрландырылғанын жеткізді. Мәжілісмен сол ғимараттың үстіңгі қабатында орналасқан аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында да болды. Орталық директоры Сәбитхан Қожанов атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды. Аудан орталығында сүт өнімдерін шығаратын, кезінде одаққа аты шыққан «Бурное сүт компаниясы» орналасқаны көпшілікке мәлім. Оны басқарып отырған Әбдібек Пошқаевтың есімі былтыр іріктелген үздік 100 қазақстандықпен бірге аталады. Ауданға келген мәртебелі меймандар осы зауытқа соқпай кеткен емес. Қожахан Көкірекбайұлы да жарты ғасырдан аса тарихы бар кәсіпорынға атбасын бұрып, жұмысымен танысты. Әбдібек Пошқаевтың айтуынша, бүгінде кәсіпорынның әлеуеті бұрынғыға қарағанда екі есеге артқан. Өнімі Ресейге экспортталуда. Сондай-ақ Астана мен республикамыздың басқа қалаларында да компанияның сүт өнімдеріне деген сұраныс көп. Дегенмен істі ілгерілету үшін қосымша қаржы керек. Әбдібек Пошқаев депутатқа бүгінгі таңда банктерден несие алу өте қиын екенін жеткізді. Жұмыс сапарының соңында Қожахан Жабағиев Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының музейіне барды.
Марат Құлибаев, журналист.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді