Облыс аумағында 2011 жылдан бастап, «Тараз-Жаңатас», «Шу-Отар», «Шығанақ-Мыңарал» темір жол бекеттері бойынша жолаушылар пойызы бағытқа шығып жүр. Бұл темір жол бағыттарының әлеуметтік маңыздылығы жылдан-жылға артып, жолаушылар саны да көбейген. Осыған орай, облыс әкімінің ықпалымен облыстық бюджеттен қомақты қаржы қарастырылып, «Тараз-Жаңатас» бағытындағы пойыз Елордамыздың төл мерекесінің аясында үш комфортабельді вагонға ауыстырылды.
Тараз темір жол бекетінен Жаңатасқа қарай беттегелі тұрған пойыздың лентасын облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қиып, жаңа вагонға отырған жолаушыларға ақ жол тілеп, шығарып салды. – «Жол мұраты – жету» демекші, ең алдымен жүргіншілерге оңтайлы жағдай жасау керек. Бүгінде елімізде көлік инфрақұрылымын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде облыс аумағына қатынайтын пойыз бағыттары дұрыс жолға қойылып, тұтынушылардың қажеттілігін қанағаттандыруда. Бүгін міне, жолға шыққан жаңа вагондар осындай еселі еңбектің жемісі. Бұл вагондардың артықшылықтары көп. Заман ағымына сай, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетеді, – деді Бекболат Серікбекұлы. Комфортабельді деп аты айтып тұрғандай, вагондар жұмсақ та жайлы орынды, салқындатқыш орнатылған, биодәретханасы бар. Әр вагонның сыйымдылығы 56 орындық. Қосымша теледидар қойылған. Сонымен қатар, жол жүру ақысы да қолжетімді. Мәселен, Жаңатастан Таразға небәрі 330 теңге төлеп келесіз. Бұл жағымды жаңалық үшін тұрғындардың қуанышында да шек болмады. Жолсерікке билетін көрсетіп, вагонға бет алған Нұргүл Әбиева апайды әңгімеге тартқан едік: «Бүгін есте қаларлық күн болып отыр. Жаңа вагонның алғашқы жолаушыларының бірі болғаныма қуанып тұрмын. Вагонның жайлылығы бірден сезіледі екен. Салқын, орындықтары да жұмсақ, орталары кең. Жолаушылар бір-біріне кедергі болмайды. Теледидарыңды қосасың да кете бересің. Тіпті, мызғып алсаң да өз еркіңде. Бір сөзбен айтқанда, өте жайлы» деді ағынан ақтарылып.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді