«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бизнесті қолдау – бүгінгі күннің басты талабы

Бизнесті қолдау – бүгінгі күннің басты талабы
ашық дереккөз
Бизнесті қолдау – бүгінгі күннің басты талабы

Қазір «Бәйтерек» АҚ холдингінің еншілес компаниялары ел экономикасының басым секторларында іске асырылуы жоспарланған, болашағы бар жаңа инвестициялық және мемлекеттік жекеменшік-әріптестік жобаларды іздестіру үстінде. Кәсіпкерлерді осы тұрғыда хабардар ету мақсатында өңірімізге келген аталған холдинг өкілдері кеше «Достық» үйінде «Холдинг Бәйтерек» және халықаралық қаржы ұйымдарының бизнесті қолдауға арналған құралдары» тақырыбында форум ұйымдастырды.

Оған облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке қатысып, семинардың пайдалы жақтарын айта келіп, форум жұмысына сәттілік тіледі және «Бәйтерек» АҚ холдингінің басшылығына ризашылығын білдірді. «Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан елімізде кәсіпкерліктің дамытылуына үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Түрлі деңгейдегі бизнестік құрылымдардың аяғынан тұруы үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Республикалық деңгейде осы іспен тікелей айналысатын бірқатар құрылымдар құрылды. Олардың бірі – осы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы», – деп атап өтті Т. Жанке. Жиында «Бәйтерек» ҰАК» АҚ жобалық менеджері Дамир Мусин холдингтің негізгі міндеті – ұзақ мерзімді бағдарлама аясында ел экономикасының тұрақты дамуына үлес қосу екеніне тоқталып өтті. «Біздің бизнес-модельдің артықшылығы – инвестордың «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуі. Тәртіп бойынша инвестор ең әуелі холдингке өз жобасын ұсынады. Содан соң бұл жоба холдинг деңгейінде 11 еншілес ұйымның құралдарын кросс-сату үшін қарастырылады. «Бір терезе» тәсілінің ыңғайлылығы инвесторларды экономиканың басым секторларына көптеп тартуға септеседі деп үміттенеміз», – деді ол. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы және «Бәйтерек» ұлттық холдингі» АҚ-ның бірлесе ұйымдастыруымен өткен форумда холдингтің еншілес компанияларының өкілдері бизнесті қолдауға арналған құралдарды ұсынды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры», «Қазақстанның Даму Банкі», «БРК-Лизинг», «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы», «Қазына Капитал Менеджмент», «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» акционерлік қоғамдары мен «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС өкілдері облыс кәсіпкерлері мен инвесторларына қаржылық қолдаудың негізгі бағыттары туралы жан-жақты мәліметтер берді. Форум барысында холдингтің және оның еншілес компанияларының өкілдері жоба бастамашыларымен В2В форматында келіссөздер өткізіп, облыстағы инвестициялық жобалар бойынша қосымша ақпаратты холдингтің еншілес компанияларының қарауына алу туралы келісім жасасты.

Камила БОРАШОВА

Ұқсас жаңалықтар