Аймақтағы ақпараттық саясатты дамытуды көздеген жиын облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың төрағалығымен өтті. Басқосуда басқармалар мен аудан әкімдіктерінің БАҚ-пен байланысы қандай деңгейде екені сараланды. Айтылған сын да, көтерілген мәселелер де бар. Пікірлер мен ұсыныстар аз болған жоқ.
БАҚ билік пен халық арасындағы алтын көпір болуы керек. Ол үшін биліктің төртінші тармағына жергілікті атқарушы органдар тиісті көңіл бөлуі қажет. Қазіргі ақпараттық дәуірдегі толассыз жүріп жатқан мүдделер қақтығысына төтеп беріп, тұтастықты сақтаудың жолы – көпшілікке дұрыс ақпар беру. Ал бұған мекемелер мен басқармалар мүдделі ме? Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз орталығы БАҚ-пен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Сұранысыңызға қарай екі тілде ақпаратпен қамтамасыз ететін орталық қызметкерлерінің жеделдігіне өңірдегі барлық журналистер куә болып келеді. – 2007 жылы облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының жанынан құрылған орталықта бүгінде 5 қызметкер бар. Бір жетекші, 2 қазақ және орыс тілді журналист, 1 бейнеоператор, 1 монтажер жұмыс істейді. Олар басқарма басшысының қатысуымен өтетін іс-шараларды, жұмыс сапарлары туралы ақпараттарды БАҚ-қа таратып, баспасөз конференцияларын, брифингтерді, сұхбаттар мен кездесулерді ұйымдастырып отырады. Денсаулық сақтау мекемелерінде өтетін іс-шаралардың кәсіби және сапалы фото және бейнетүсірілімдерін қамтамасыз етеді. densaulyk.zhambyl.gov.kz ресми веб-сайтына жаңалықтарды, ақпараттық материалдарды, баспа, аудио, фото және бейнеөнімдерді әзірлеп, орналастырады. Жалпы біз басқармада сала туралы жарияланған материалдарға іштей және сырттай талдау жасап, егер ол кері ықпалдағы материал болса, нақты жұмыстар жүргізіп отырамыз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов. Аталған басқарманың әлеуметтік желілерде де арнайы парақшалары бар. Сала жұмысы туралы желіде теріс пікір таралса, баспасөз орталығының қызметкерлері оның ақ-қарасын анықтап, тиісінше жауап беруге тырысатынын байқап та жүрміз. Дегенмен медицина мамандары ақпараттық шабуылға толық дайын емес секілді. Жақында жұрт «Менингококк инфекциясы жаппай таралып жатыр» деп даурыққанда, республикада бұл дерттің жалпы белгілері, оны емдеу жолын айтып-түсіндіріп көпшілікке дұрыс ақпар беретін дәрігер табылмады деуге болады. Қазақстандықтарға мұндай жағдайда жаппай вакцинациялаудың көмегі болмайтынын өзге елдің маманы түсіндіріп берді. Ерқанат Нұрбапаұлы осыны айтып, басқарма басшысына әлеуметтік желілерде көпшілікке түсіндіру жұмыстарын жүргізетін мамандарды дайындау қажет екенін айтты. Жиында Талас ауданы әкімінің орынбасары Қадырбек Садубаев «Талас тынысы» газетінің тыныс-тіршілігін қозғап, ақпараттық саясатты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етті. Оның айтуынша, аталған басылымға биыл мемлекеттік тапсырыс аясында 31 миллион теңге бөлініпті. Газеттің қазіргі тарылымы 2592 дана екен. Ал осынша таралыммен тұрғындарды толық ауданның тыныс-тіршілігінен хабардар ету мүмкін емесі белгілі. Жиынға қатысушылар осыны айтып, аудандық газеттердің сайттарын ашу туралы мәселе көтерді. БАҚ-пен байланыс туралы Жуалы ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбетов айтып өтті. Ауданда жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың жемісін көпшілікке көрсету үшін республикалық, облыстық басылымдармен тығыз қарым-қатынас орнатылғанын тілге тиек етті. Жиында «Жамбыл» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіманап күзде өңірімізде телеарналар сандық хабар таратуға көшетінін айтып, осы бағытта ақпараттық топ құрып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ республикалық «Айқын» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Ерман Әбдиев өңірдегі ақпараттық саясат туралы пікір білдірді.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді