Саясат
«Цифрлық қазақстан» бағдарламасына бейжай қарауға болмайды
- author «Ақ жол»
- 28 маусым, 2018
- 314
«Цифрлық қазақстан» бағдарламасына бейжай қарауға болмайды
Елбасы биыл Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын дамытуды міндеттеді. Ақпараттық технологиялар қарыштап дамып бара жатқан мына заманда IT саласын өркендетпесек, өрлеу биігінен көріну оңай емес. Жылдың бас құжатында Елбасы: «Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты», – деп атқарылуы тиіс шаруаны нақты атап көрсетті.
Облыс әкімдігінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының өңірде орындалу барысы қозғалды. Алдымен «Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Дамир Егізбаев хабарлама жасап, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуы кезек күттірмейтін жауапты мәселе екенін айтып, кейбір басқармалар тарапынан жүзеге асуы тиіс жұмыстарға тоқталды. Облыста тұрғындарға 190 қызмет түрі көрсетілсе, оның көпшілігі әлі қағаз түрінде ұсынылып келеді. Бұл ретте білім басқармасында 5 қызмет түрі электрондық нұсқаға ауысып үлгермепті. Басқарма басшысы Рахия Тұрмаханбетова бұл балабақшаға жолдама, 1-сыныпқа қабылдау, лагерьлерге жолдама, қосымша білім беру секілді қызметтер екенін айта келіп, ол мәселенің алдағы уақытта шешілетініне сендірді. Бұл міндет облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында 11, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасында 17 қызметке ғана орындалыпты. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы денсаулық сақтау, туризм, жер қатынастары, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларында да мәз емес екен. Тиісті басқарма басшылары да оның себеп-салдарын түсіндіріп бақты. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқамасы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының өндіріс ошақтарындағы орындалу жағдайына тоқталды.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңіріміздің 26 ауылында интернеттің жоқ екеніне, мобильдік қосымшалар базасын жақсарту қажеттігіне, цифрлық сауаттылық 61 пайызды ғана құрап отырғанына тоқталып, аты бар да, заты жоқ орталықтардың қажет еместігін ескертіп, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалуына ерекше мән беруді жауаптыларға шегелеп тапсырды.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді