Жол азабын тартқан жолаушылар үшін бұдан былай Күйік асуының ескі жолы арқылы емін-еркін өтуіне мүмкіндік тумақ. Себебі облыс аумағындағы республикалық мәні бар автожолдардың бойында көлік құралдарының қауіпсіз және үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі күні «Алматы–Ташкент–Термез» автожолының 546-557 шақырымдарының Күйік асуындағы 11 шақырымы орта жөндеуден өтуде.
Кедір-бұдыры көп, тозығы жеткен бұл жол соңғы рет 2013 жылы жөндеумен қамтылған екен. Енді араға 5 жыл салып «Ресайклер» әдісімен қайтадан жөндеуден өтіп жатқан жол бойында қазіргі таңда бас-аяғы 22 техника жұмыс істеп жатыр. – Үстіміздегі жылы ескі Күйік асуындағы айналмалы жол құрылысын жүргізу құқын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы жариялаған тендер бойынша ұтып алдық. Жолдың жалпы ұзындығы 11,3 шақырымды құрайды. Жобаның құны 289 миллион теңге тұрады. Жөндеу жұмыстары сәуір айында басталды. Мұнда екі қабатты жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы қабаты «Ресайклер» техникасымен туралып, цемент және топырақ қоспасын қатайтуға арналған арнайы материалдармен нығайтылуда. Ал жолдың екінші қабатына қалыңдығы 7 сантиметр болатын жаңа асфальт төселу үстінде. Бұл орта жөндеу жұмыстары болғандықтан, 2 жылға кепілдік береміз. Аталған жұмыстарды келесі айда толықтай аяқтаймыз деген ойдамыз, – дейді «Компания инвест МК» ЖШС-ның директоры Сәтбай Қожамқұлов. Ал «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның облыстық филиалы директорының орынбасары Дәурен Төлтаевтың айтуынша, бүгінде техникалық жағдайы өте нашар «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының ескі және жаңа Күйік асуларын байланыстыратын аудандық мәні бар «Күйік-Теріс-Ащыбұлақ» автожол учаскесінің жалпы ұзындығы 815 метрді құрайтын бөлігін республикалық мәні бар автожолдар топтамасына енгізу қарастырылған. «Бұл жөнінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қаулысы бар. Алайда әлі күнге Жуалы ауданының жергілікті атқарушы органдары тарапынан аталған жол бөлігін өткізу-қабылдау актілері секілді құжаттамалар рәсімделмей отыр», – дейді Д.Төлтаев. Дей тұрғанмен аталған асудағы жолмен күн сайын өтуге мәжбүр жолаушылар орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығына дән риза. «Жүк көлігімен жүретін болғандықтан, жолдың қолайлылығы аса маңызды. Бұрынырақта, осы жолмен өту үшін 3 сағатымызды сарп ететінбіз. Енді, міне бұл асудан небәрі 1 сағатта өте шығатын боламыз. Сондықтан мұндай игі істің басы-қасында жүрген азаматтарға айтар алғысым шексіз. Жолдың сапасы да көңілге қонарлық», – дейді Түлкібас ауданының тұрғыны Роман Кархожаев. Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді