Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындау

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындау
ашық дереккөз
Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындау
Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев бірқатар кадрлық тағайындау жасады. Бұдан бөлек еліміздің бірқатар өңірінде де кадрлық ауыс-түйіс орын алды. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды. Сонымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Нұрлан Баймолдаұлы Онжанов Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметіне тағайындалды. 1960 жылы дүниеге келген Н.Онжанов  Гумбольдт атындағы Берлин университетінің филология факультетін бітірген, филология ғылымдарының кандидаты. Ол ҚР Баспа және бұқаралық ақпарат министрлігінің бөлім бастығы және министрдің кеңесшісі, ҚР Президенті Аппараты халықаралық бөлімінің аға референті, ҚР-ның Австрия Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы кейін кеңесшісі, ҚР-ның Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі, ҚР Сыртқы істер министрлігі Экономикалық саясат департаментінің директоры, Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы, ҚР Сыртқы істер вице-министрі, ТМД істері комитетінің төрағасы, «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымы қызметінің мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық үйлестірушісі, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, ҚР Президентінің көмекшісі қызметтерін атқарған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, Қазақстан Республикасының Дания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарған еді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Өкімімен Берік Шолпанқұлұлы Шолпанқұлов Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды. 1976 жылы дүниеге келген ол Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін бітірген. Еңбек жолын 1996 жылы ҚР Қаржы министрлігі жүйесінде бөлім қазынашысы болып бастап, вице-министрі лауазымына дейінгі аралықтағы еңбек жолынан өткен «Астананың 10 жылдығы» медалімен, ҚР қаржы министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталған. Сонымен Асқар Мусинов 1961 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ленинград мемлекеттік университетінің түлегі.  Еңбек жолын Ливияда әскери аудармашы болып бастаған ол, одан кейінгі жылдары ҚР СІМ-нің екінші, бірінші хатшысы, басқарма бастығы, департамент директоры болды. Еліміздің Мысырдағы, Сауд Арабстаны Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Бахрейн, Кувейт Мемлекеті, Оман Сұлтандығы, Катар Мемлекеті, Біріккен Араб Әмірлігі елдеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарған болатын. Жаңа тағайындауға дейін Қазақстанның Біріккен Араб Әмірлігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды. Қазіргі қызметке тағайындалғанға дейін ҚР СІМ жауапты хатшысы болды. Ал Әбдірашит Төлегенұлы Жүкенов Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. 1959 жылы дүниеге келген Ә.Жүкенов Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 3 сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі атағы бар. Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы, төраға орынбасары. ҚР Жоғарғы сотының судьясы, ҚР Бас прокурорының орынбасары, ҚР Жоғарғы соты Қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы, ҚР Жоғарғы сотының судьясы қызметтерін атқарған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  Өкімімен Әнуар Төлеуханұлы Садықұлов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары - «Арыстан» қызметінің бастығы қызметіне тағайындалды. 1967 жылы Алматы қаласында дүниеге келген ол Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. 1992 жылы ҚР Президенті Күзет қызметі қатарына алынып, түрлі офицерлік және басқарушылық лауазымдарда болған. 2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі бастығының бірінші орынбасары - Президент қауіпсіздігі қызметінің бастығы қызметіне тағайындалды. 2013 жылы ҚР ҰҚК «Арыстан» қызметінің бастығы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болды.  ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, медальдармен марапатталған. ҚР Президентінің Жарлығымен А.Ж. Күреңбеков Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы қызметіне тағайындалды. А.Күреңбеков 1956 жылы дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтын, КСРО МҚК жоғары курсын тәмамдаған. ҚР Президентінің күзет қызметінде басшылық лауазымдарда болған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқарды. 2 дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Б.Сұлтановтың бұйрығымен Қалилла Абдуллаев Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алулар комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Қ.Абдуллаев 1971 жылы дүниеге келген. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген. 1994-2002 жылдар аралығында Жамбыл облысында қаржы жүйесі мекемелерінде әр түрлі басшылық қызмет атқарды. 2002-2004 жылдары - ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитеті салықтық әкімшілендіру басқармасының бастығы. 2004-2005 жылдары - Астана қаласы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары. 2005-2008 жылдары - Қостанай облысы бойынша салық комитетінің төрағасы. 2008-2012 жылдары - Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау облыстары бойынша салық департаментінің бастығы. 2012-2013 жылдары - Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болды. 2014 жылғы 21 мамырдан қазіргі тағайындауға дейін ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алулар комитеті төрағасының міндетін атқарушы болып қызмет атқарды. Енді өңірлерге келер болсақ, ШҚО Глубоковский ауданының жаңа әкімі болып бұған дейін «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы қызметін атқарған Алман Бекбосынов кірісті. А.Бекбосынов ШҚО Зайсан ауданының тумасы, 1973 жылы туылған. Өскемен құрылыс-жол институтын бітірген. Еңбек жолын Шығыс Қазақстан автомобиль жолдары қазыналық кәсіпорнының пайдалануға беру бөлімінде бірінші санатты инженер ретінде бастады. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің автожолдар және жол қозғалысы қауіпсіздігі желілерін дамыту бөлімінің бастығы, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің пайдалану және жол қозғалысы қауіпсіздігі бөлімінің бастығы, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің Астана қаласы бойынша пайдалану және автожолдарды дамыту басқармасы бастығының орынбасары, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің ғылым және нормативтер басқармасының бастығы, Астана қаласы «Қазақжолқұрылыс» ЖШС өндіріс жөніндегі директорының орынбасары болып қызмет атқарды. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқамасының бастығы, Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының әкімі лауазымдарында жұмыс істеді. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған. Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің бұйрығымен облыс әкімінің бірінші орынбасары болып Роза Кемалова тағайындалды. Роза Кемалова 1959 жылы туған. Алматыдағы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1980 жылы Торғай облыстық Мембанк кеңсесінің экономисі болып бастаған.  Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары, Хромтау ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Атырау облыстық мұнай-газ кешені, сыртқы экономикалық байланыс және инвестициялық саясат басқармасы бастығының орынбасары,    ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, кәсіпкерлік және өндіріс басқармасының басшысы болды. Жаңа тағайындауға дейін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Ал оның орнына облыс әкімінің орынбасары болып Ғали Исқалиев тағайындалды. 44 жастағы Ғ.Исқалиев Батыс Қазақстан аграрлық университетін, Халықаралық бизнес академиясын тәмамдаған. Әр жылдары кәсіпкерлікті дамыту және қолдау департаментінің директоры,  Батыс Қазақстан облысында «Градиент» АҚ аймақтық инвестициялық қорының басқарма төрағасы қызметін атқарды. Кейін басқарма төрағасының, басқарушы директордың, вице-президенттің, «Қазақстан даму банкі» АҚ басқарма төрағасының  кеңесшісі лауазымдарында болды. 2012 жылдың наурызынан бүгінге дейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың өкімімен Айнұр Мақсұтқызы Сәрсенбаева облыстың мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы болып тағайындалды. Айнұр Мақсұтқызы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін бітірген. Өз еңбек жолын Ақсу қаласының орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. Жергілікті атқарушы органдарда мол тәжірибесі бар. Ол Ақсу қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы болып жұмыс істеді. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Павлодар қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарған. Сонымен қатар, осы облыс әкімінің өкімімен Гүлнәр Байсейітқызы Байсейітова облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалды. Оның  мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол, соның ішінде басқарушылық лауазымда қызмет атқарған. Еңбек жолын облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында бас маман болып бастаған және басқарма басшысының орынбасарына дейін өскен. Орталық мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде еңбек еткен. Бұған дейін облыс әкімінің бас инспекторы қызметін атқарған. ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен Қарағанды облысы Қорғаныс ісі жөніндегі департаментінің бастығы болып полковник Құқатов Ардақ Күлімжанұлы тағайындалды. А.Құқатов 1968 жылы дүниеге келген. Ярослав жоғары әскери училищесін бітірген. 1991-2008 жылдары жауапты әскери қызметтер атқарған. 2008-2009 жылдары Қорғаныс министрлігі департаментінде бөлім басшысы болған. Жаңа қызметке тағайындалмас бұрын Атырау облысы Қорғаныс ісі жөніндегі департамент бастығы қызметін атқарған. Сондай-ақ Әділет министрлігінің бұйрығымен Базылов Рахмет Амангелдіұлы Қарағанды облысы бойынша Сот актілерін орындау департаментінің бастығы қызметіне тағайындалды. Р.Базылов 1973 жылы дүниеге келген. 2001 жылы Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ді тәмамдаған. Мамандығы - заңгер. 1999-2010 жылдары сот саласында жауапты қызметтер атқарған. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан бойынша Сот актілерін орындау департаментін басқарған. Атырау облысында дене шынықтыру, спорт  және туризм басқармасының басшысы болып Нұржан Ермұханов тағайындалды. 38 жастағы Н. Ермұханов қызмет жолын орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған, мұнай компаниясында да қызмет атқарған. Атырауда ол «Сұлтан Бейбарыс» спорт клубының президенті ретінде танымал. «Қазақстанның Даму банкі» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары болып Ринат Сейсенбаев тағайындалды. Р.Сейсенбаев Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін тәмамдаған. Әр жылдары «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары, «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС, «Алтел» АҚ Басқарушы директоры, «Транс Петролеум Групп» ЗТҚ вице-президенті, «Жана АР-Ойл» ЖШС және «Астана-Құрылысинтерьер» ЖШС директоры, «Қарағанды отын-энергетикалық компаниясы» ЖШС директорының орынбасары болып істеген.

Ақпарат көзі: www.kazinform.kz

Ұқсас жаңалықтар