«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Нұр отан» халықпен қуатты

«Нұр отан»  халықпен қуатты
ашық дереккөз
«Нұр отан» халықпен қуатты

Астана күні мерекесіне орай «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында салтанатты жиын өтті. Басқосуды ашқан партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жиналғандарды осы айтулы мерекемен құттықтай отырып, «Бүгінде Елорда – Тәуелсіздігіміздің тірегі, экономикамыздың жүрегі болып отыр. Астана еліміздің күш-қуатын әлемге танытқан қасиетті орда. Астана – біздің ұлт болып ұйысуымыздың, тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтудың басты нышаны десек артық болмас. Бұл, әрине, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың батыл шешімінің арқасында Еуразия ортасында орын тепкені баршамызға белгілі. Биылғы жылдың басты жаңалығы – мемлекетіміздің даму жолына ерекше із салып отырған – Еуразиялық экономикалық одақ болып отыр. Бұл маңызы зор, мәртебесі биік Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасындағы үшжақты шарт Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық дамудың негізін қалады», – деді өз сөзінде.

Осы жиында бірқатар азаматтар «Нұр Отан» партиясының қатарына қабылданды. Олардың қатарында «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы Жамбыл филиалы газ жүйелерін пайдалану қызметінің басшысы Мұрат Омарходжаев, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының бас маманы Нәзира Қалиева сынды белсенді жастар бар. Сонымен қатар, осы салтанатты шарада партия мүшелері, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Мырзақасым Байбеков, партия ардагерлері Жандар Кәрібаев, Еркінбек Солтыбаев, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Мейрамбек Төлепберген, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті облыс бойынша аумақтық департаментінің басшысы Әлмұхамбет Жұмабеков, облыстық филармонияның директоры Сәуле Жанпейісова, Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Кенжебек Олжабаев, Ауған соғысының ардагері Атхамжан Исломовтарға жаңа үлгідегі партиялық билеттер табыс етілді. Басқосуда сөз алған партия ардагері Жандар Кәрібайұлы жиналғандарды Астана күні мерекесімен құттықтай отырып, «Партия мүшесі ретінде өзімнің ел алдындағы адалдық, бірлік, ізгілік сынды азаматтық позициямды ұстана отырып, жаңа доктринаны толық қолдайтынымды айтқым келеді. Қандай жағдай туса да, ұлт болашағы үшін аянып қалмауға тиіспіз. Ең бастысы бірлігіміз бекем болып, баянды болашаққа батыл қадам басайық» деп атап өтті. Партия қатарына қабылданған Мұрат Омарходжаев өз сөзінде, «Нұр Отан» – аймақтарда тарам-тарам желілері бар, қатары көп, жалпыхалықтық билікшіл партия. Біз қаншалықты әртүрлі болсақ та, бәрімізді адамның амандығы, бостандық, бірлік, ар-намыс, әділеттілік, заңның ұлықтығы, отбасы мен дәстүр-салт, болашаққа ұмтылыс секілді құндылықтар біріктіреді. Бұлар Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту кезеңінде қалыптасып, партияның жаңа доктринасында бекітілген. Біз қызметте де, жеке өмірімізде де осы құндылықтарды басшылыққа ала жүреміз, деді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар