Аралтөбедегі алыптар

Аралтөбедегі алыптар
ашық дереккөз
Аралтөбедегі алыптар

Немесе қайта түлеген Жаңатаста

Сарысу ауданынан жан жадыратар, көңіл қуантар жаңалықтарды күн сайын естіп жатамыз. Сонау бір жылдары ереуілден көз ашпаған Жаңатас қаласы жұртшылығының белсенділігі артып, болашаққа сеніммен қарауда. Аудан әкімі Қанатбек Мәдібек:

GE DIGITAL CAMERA– Ауданымыз ана бір жылдары шалғайдағы мекен саналса, тіпті, кейбіреулер ат ізін салмаса, енді міне, инвесторлар жиі жағалайтын аймаққа айналды, – деді. Таяуда «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС кен өндіре бастапты дегенді де естідік. Жаңалықты оқырманға тез жеткізетін әдетімізден жаңылмай Жаңатасқа қарай жол тартқан едік. алдымыздан жаңарған, жайнаған қала қарсы алды. әңгімені содан бастауды жөн көріп отырмыз.

1. Көк тудың желбірегені...

Аудан әкімінің орынбасары Мағия Тоқсанбаева жолсерік етіп қала әкімі Дәурен Шалбаевты қасымызға қосқан. – Моноқалаларды жаңғыртудың үкіметтік бағдарламасына байланысты бөлінген қаржыны дер кезінде игеру үшін бізде ұйқы жоқ, – деп күлді ол, –тәуліктің 24 сағатының 18 сағаты жұмысымызға айналған. Соның нәтижесі шығар, қаланың сәні кіріп қалыпты. Аудан әкімдігінің алдындағы Еңбек Ерлері аллеясында қызу еңбек. Қаладағы көгалдандыру-көріктендіру мекемесінің жұмысшылары гүлзарлар жасап, абаттандыруда. Әсіресе 25 метрлік тұғырға орнатылған көк Тудың желбіреуі кімнің де болса көзайымына айналып, жүрегін лүпілдетері анық. Алаңның қақ ортасындағы барельефке 3 адамның бейнесі ойып салынған. Аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің тапсырмасымен бұл ескерткішті алматылық мүсіншілер жасаған екен. GE DIGITAL CAMERA– Тұғыр тастың бетіне ауданнан шыққан Еңбек Ерлерінің есімдері алтын әріппен ойып жазылатын болады, – деді бізге осы жұмыстың басы-қасында жүрген қалалық көгалдандыру-көріктендіру мекемесінің учаске бастығы Айдар Нұғманов. – Ескерткіш бетіндегі 3 адамның мүсінінің өз сыры бар, – деді қала әкімі Дәурен Шалбаев, – анау бірінші тұрғаны – малшыны, екінші тұрғаны әйел – сауыншыны, үшіншісі – кеншіні бейнелейді. Осы арқылы жастарды еңбекке тәрбиелеудің үлкен идеясы жатыр. Екі күн бұрын ғана Жаңатас қаласының жұртшылығы қаланың 45 жылдығын атап өтіпті. Иә, бір кездері халқының саны 60 мыңнан асып жығылған Жаңатаста бүгінгі таңда 22150 адам тұрады екен. Алайда, халқымыздың саны азайып кетті деп аһ ұрған ешкімді көрмейсіз. Өз қаласының қайта көркеюіне үлес қосамын деп ұмтылған жұртты көріп сүйсінесіз. Оған Жаңатастың жасарып, жаппай кәсіпкерлікке бел буған жастарын көріп, көзіңіз жетеді. Айналасы аз күннің ішінде Жібек жолы, Әулие ата көшелері толық асфальтталып, көше бойларындағы электр жарықтары алмастырылып, бағдаршамдар түгелге жуық жаңартылып, аялдамалар әктеліп-сөктеліп, қақпалар ұлттық нақышпен өрнектеліп, Жаңатас жас сұлудай жасарып, жайнап тұр. Қала әкімі тағы да бізді тосын жаңалықтан хабардар етті. «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС демеушілігімен аудандық Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілуде. Моноқалаларды қайта жаңғырту бағдарламасы бойынша 120 отбасылық көппәтерлі тұрғын үй әлеуметтік тізім бойынша шілде айында пайдалануға берілмекші. Әсіресе, бізді қызықтырғаны жас отбасылар үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 7 жылға несиеге берілетін 40 пәтердің иелерін күтуі болды. – Қаланың қайта түлеуіне үкіметтік бағдарламалар көп көмегін тигізіп жатқаны ақиқат. Дегенмен де «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС фосфор өндіру жөніндегі жобасын жүзеге асырса, Жаңатастың өн бойына қайта қан жүгіретініне көзіміз жетіп отыр, – деді қала әкімі.

2. Тауды бұзып, тасты жарып...

Аралтөбеге қарай ызғытып келеміз. «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-ның директоры И. Георгиади бізге жолбасшы етіп мекеменің бұрғылау-жару жұмысының бас маманы Асқар Әбдімомыновты жіберген. Асекең Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының азаматы. 1977 жылы орта мектепті бітірген соң Қаратау қаласындағы Қазақ политехникалық институтының филиалына оқуға түсіп, оны бітірген соң сондағы Тау-кен комбинатында ұзақ жыл қызмет етіпті. Ара-арасында Оңтүстік Қазақстан өлкесіндегі геологиялық барлау басқармасында, ол мекеме тараған соң аз уақыт Жайрем қаласында учаске бастығы қызметін атқара жүріп, Жаңатасқа қайта оралып, «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-на бас маман болып орналасқанына жылдан аса уақыт өткендігінен хабардар етті. Өз жұмысының білгірі екені байқалып-ақ тұр. Одан кен өндірудің жай-күйі туралы сұрастырып жатырмыз. Тау биігіне көтерілген соң тоқтай қалып еңіске көз салдық. Айрақты жолдарда, алып техника ағыл-тегіл жүріп жатыр. – Анау биікте, – деді Асекең қолымен алға нұсқап, – алып техника тау-тасты бұзып, қопарып, оны алып экскаваторлармен 55 тонна жүк көтеретін катапирларға артып, олар оны жанындағы жарты шақырым жердегі қоймаларға төгіп, беті тастардан аршылған фосфорларды бөлек жинақтауда. Қойманың шығыс жағында әкімшіліктің үйлері мен техника тұратын жайлар соғылыпты. Аралтөбенің еңісінен шығысқа қарай жалпақ келген жол қасқайып жатыр. Асқардың айтуына қарағанда, осы жерден Кесіктасқа дейін алып техника жүретін тас жол салынуда. Жұрындысай лагері мен Аралтөбедегі өндіріс алаңына қуат көзін жерасты арқылы жеткізу көзделінген. Алыстан көргеннен жақыннан көрген бір ғанибет дедік те Сарысу ауданы әкімдігінің өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің меңгерушісі Ж. Сақыпбеков бар, Асқар және мен үшеуміз тікелей жұмыс басына тарттық. Шынында да беті безерген тасты гидравликалық балғалы таспен талқандап, оны атып, қайтадан ұсақтап алып машиналарға арту дегенің әлгілерге оп-оңай-ақ тәрізді. Ретін тауып экскаваторшы Берғали Райқұловпен тілдестік. Алпамсадай қазақ жігіті Жапонияның алып экскаваторын ұршықша игеруде. Алып тісті аждаһалы ожау бір дегенде америкалық алып жүк көлігіне он екі-он бес тонна тасыңды төге салуда. Белі ауырмайтын белазистер А. Аманов және И.Житкиндер мәшинесінің қорабы толысымен төмен қарай бірдеңеден құр қалғандай соңына шаңын қалдырып, заулап барады. Мұндай машиналардың ұзын саны жетеу. Асқардың айтуынша мұнда «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-ның техникасымен қатар Тау-кен өндірісі көлігі компаниясының және «Интеррин» ЖШС техникасы да жұмысқа жегілуде. Барлық техника құлағында өзіміздің қандастарымыз «ойнап» жүр. Америкаға, Жапонияға, Кореяға, Ресейге барып оқымай-ақ, жаһандық техниканы жуасытып мініп алған жігіттерге қалай риза болмайсың! Сөз арасында Асқар бауырымыз 20 мың тонна фосфор кенінің дайын екендігін айтып қалды. Бұл жұмыс тоқтамақ емес. Құрылысы биыл басталатын фабрика салынып біткен соң, кенді одан ары қарай байытып, шетел нарығына шығару таяу күннің еншісінде. Тағы білгеніміз, осы өндірісте жұмыс істеп жүрген мамандардың дені жаңатастықтар. – Алла сәтін салса, – дейді Асекең, – зауыт іске қосылғанда кемі 3 мың жаңатастық жұмыс істейтін болады. Біз Аралтөбедегі алыптарға табыс тілеп, үлкен әсермен оралдық.

Сәулембай Әбсадықұлы,  «Ақ жол».

Жаңатас қаласы, Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар