Сарыарқа төріндегі салтанатты шаһар

Сарыарқа төріндегі салтанатты шаһар
ашық дереккөз
Сарыарқа төріндегі салтанатты шаһар

Астананың қазіргі көз тоймас көркіне, көк тіреген кімді болса да тәнті етер зәулім үйлерінің, ғажайып ғимараттарының келісті келбетіне, халқымыздың әрдайым өрелі істерді шешуге бейім жасампаздық қасиеттері­нің өміршеңдігіне мақтанышпен қарай отырып, бұдан 16 жыл бұрын, яғни 1997 жылдың желтоқсанында Қазақстан Парламенті алдыңғылардың бірі болып Ақмолаға көшіп келгендегі көріністі еріксіз еске аламын. Пойыздан түсіп, автобуспен орталықтағы санаулы қонақ үйлердің біріне бет түзеп келеміз. Ақмола облысының орталығы болған 200 мыңға жуық халқы бар қаптаған «хрущевкалар», терезесіне дейін жерге кіріп кеткен қабырғалары сылана-сылана шорлана түскен жер үйлердің күйкі күйі көз алдымда. Сиқы осындай қала депутаттарды бетті қарып түсер сарышұнақ аязымен, ызғары өңменіңнен өтер өткір желімен қарсы алды. Салонда күбір-күбір әңгіме. Әлдебіреудің «Қайран Алматы, саған жету қайда!?» деген дауысы естілді. Қазақстан парламентаризмінің ақсақалы, Мәжілістің бюджет, қаржы жөніндегі Комитетінің төрағасы Қаратай Тұрысовтың даусы саңқ етті: «Әй, жігіттер, сары уайымға салынбаңдар. Тәуелсіздікке қолымыздың жеткені, ең алдымен ұлтымыздың баға жетпес бақыты, ашылған бағы, арайлап атқан таңы. Бүгін көздеріңе оғаш көрінген бұл қала егемендігіміздің тұғыры. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы астананы Алматыдан Ақмолаға көшіріп ерлікке пара-пар іс атқарды. Ертегідегідей бірден тұра қалған сән-салтанаты келіскен қала болмайды. Уақыт керек, тер төгу керек. Он, он бес жылдан кейін қазақстандықтар ғана емес, әлем жұрты Сарыарқаның төсіндегі алып қалаға таңдайын қағып, таңғалатын болады, әлі. Өнбес әңгімеге алаң болмай еліміздің өсіп-өркендеуіне заңдық негіз жасауға білек сыбана кірісіңдер.Тарих ырғалып-жырғалуды көтермейді». Әр жерден «дұрыс, дұрыс» деген дауыстар естіліп жатты. Қарекең айтқандай білек сыбана кірістік. Жарты жылға жуық жатақханада, қонақ үйде жалғызбасты тұрып, шағын кабинетте екеуден отырып-ақ депутаттар еліміздің тәуелсіздігін тұғырландыратын сан-салалы заңдарды қабылдап, үлкен іс атқарып жатты. Ел ордасына қатысты Ұлт Көшбасшысының шешімдері қос палатадан бірауыздан қолдау тауып отырды. 1997 жылы 8 қарашада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын Алматыдан Ақмола қаласына шығарып салудың салтанатты рәсіміне, 1998 жылы 6 мамыр күні Президент Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып аталуын қолдауға, оның Қазақстан Республикасының астанасы ретіндегі ресми тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда болып өткен салтанатына, 1999 жылы Конгресс-холда өткен Президентті ұлықтау салтанатына қатысқанымызды, ұлы өзгерістерден тыс қалмай ортасында болғанымызды мақтан тұтамыз. Қазақ елінің жүрегі Астана – жаңа тарихымыздың бастауы, Елбасының елім деп соққан жүрегінде аялаған ақ арманын, үкілі үмітін ақтаған төл перзенті. Ол Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей басшылығымен Астана қаласының бас жоспары бойынша дамып отыр. Астананың бас сәулетшісі Елбасының өзі. «Бәйтерек» монументі», «Пирамида», «Отан қорғаушылар» архитектуралық ансамблі, «Хан шатыр», «Астана опера» «Мәңгілік Ел» кешендері және басқа да бірсыпыра ғимараттардың үлгісін сызып, кәсіби шеберлерге олардың бейнесі мен идеясын ұсынған Нұрсұлтан Әбішұлының өзі. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына лайық деп табылса, ол бүкіл қазақстандықтардың ортақ қуанышы. Астанада өткізілген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, Азиада ойындары, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, басқа да көптеген халықаралық форумдар, алда «Болашақтың энергиясы» ұранымен өтетін халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі тәуелсіз Қазақстанның мерейін асқақтатып, халықаралық дәрежеде абыройын асырып, беделін бекемдеген игі шаралар. Сондай-ақ, 2012 жылы Қазақстанның бас қаласы ТМД мен Түркі әлемінің мәдени астанасы құрметті миссиясын табысты орындап шыққанын айтпай кетпеуге болмайды. Астана өткен жылдар ішінде еліміздің ірі ғылыми-білім беру орталығы болып қалыптасты. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Қазақ мемлекеттік медицина академиясы, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы, инновациялы Қазақстан үшін халықаралық үлгі-стандарттарға сай мамандар даярлайтын Назарбаев университеті және басқа да орта, жоғары оқу орындары, талантты өрендерді «Болашақ» стипендиясымен аты әйгілі шетел оқу ордаларында оқыту, мұның бәрі Елбасының көрегендігі, еліміздің ертеңі – жастарымыздың алда шығар биігін аласартпаудың қамын бүгін ойлап, қамқорлық жасаудың жарқын мысалы. Астана халық денсаулығын сақтаудың негізгі факторына айналып отыр. Мұнда нейрохирургия, балаларды оңалту, ана мен баланы қорғау, жедел медициналық көмек беру, ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтарын біріктірген жаңа медициналық кластер құрылды. Бұрын қол жетпей шетелге, қомақты қаржыға телмірумен күн өткізіп келген жүрек ауруларына ота жасау қазір Қазақстанның облыс орталықтарындағы кардиохирургиялық ауруханаларда сәтті жүргізіліп жатыр. Бұл тікелей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен, қадағалауымен жүзеге асып жатқан игі шаралар. Елорда жаңарған Қазақстанның мәдени және рухани орталығына айналып отыр. Қоныс аударудың алғашқы жылдары аты өзгермей тұрған Ақмолада кезінде мәдени ошақтар саусақпен санарлық еді. Бұрынғы қалалық партия комитетінің ғимаратында орналасқан Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры, орыс драма театры, жастар сарайы, филармония, оқушылар сарайы, Сәкен Сейфуллин атындағы кітапхана, тың игерушілердің, теміржолшылардың мәдениет сарайлары, екі-үш кинотеатр, «Меруерт» мейрамханасы және басқа да шағын мәдениет мекемелері болатын. Бұлар келешекте халқы миллионға жуықтайтын ел астанасы тұрғындары­ның мәдени-рухани сұранысын өтей алмас еді. Бұл мәселе Елбасы, Үкімет, Парламент назарынан тыс қалған жоқ. 1999 жылы дүниежүзіндегі алты «Әлем әртісінің» бірі, атақты скрипкашы Айман Мұсахожаеваның ұлттық музыка академиясын құру жөніндегі бастамасы Елбасы, Үкімет, Парламент тарапынан қолдау тапты. Ол 2011 жылы Президент жарлығымен Қазақ ұлттық өнер университеті болып қайта құрылды. 2000 жылы Президент Астанада Күләш Байсейітова атындағы жаңа ұлттық опера және балет театрын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұлар алдағы кезеңде жүзеге асар тұлғасы ерен мәдениет ғимараттарының бастамасы болатын. Жұрттың санасынан берік орын алған әлемдік діндер көшбасшыларының съездері, Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары өтетін 1500 орындық концерт залы бар Бейбітшілік және келісім сарайы, өнер галереясы, Астана тарихының музейі, 4 кинотеатр, электронды кітапхана орналасқан елорданың шын мәніндегі мақтанышы Тәуелсіздік сарайы, үш мың адамдық Конгресс-холл, 3500 көрермен залы бар «Қазақстан» концерт залы, Астананың 15 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген, Елбасы жарлығымен «Астана Опера» деп аталған орта Азияда теңдесі жоқ опера және балет театры Елорданың мәртебесін биіктетіп, келбетін абаттандыра түсті. Астана еліміздің дамуында басымдық берілген «Қазақстан-2030» Стратегиясында қойылған әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына жету міндетін мерзімінен бұрын орындалуына өнеге болды және шешуші рөл атқарды. Ол дамудың үлгісін көрсетті. Қазақстанның барлық өңірлеріне қан жүгіртіп, үлгі көрсетіп, келелі істерге жетеледі. Барлық индустриялық-инновациялық жобалар Астанадан қанат қағып, облыстарда қолдау тауып жатыр. Кеше ғана телекөпір арқылы облыс басшылары Елбасыға Индустрияландыру картасы бойынша салынып, пайдалануға берілмекші өндіріс орындарын баяндады. Біздің облысымыздың бұл мәселеде алда келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Аталмыш бағдарлама қолға алынғалы көлемі 597 миллиард теңгені құрайтын инвестицияға 41 жоба жүзеге асып, 8 мың адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Осы жылы құны 25,4 миллиард теңге тұратын 7 жоба пайдалануға беріліп, 1200 адамдық жұмыс орны ашылады. Бұл облыста атқарылып жатқан игі істердің бір парасы ғана. Бүгінде Астана қалыптасқан Қазақстанның жаңа саяси бағытын анықтайтын «Қазақстан-2050» Стратегиясының өмірге жолдама алған жері. Үйдің мықтылығы іргесін берік қалаудан басталатыны сияқты, қоғам­ның болашағы да негізгі ұстанымына байланысты. Астана – қазақ елі әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан ойып орын алатын, қуат беретін, құлшындыратын алып күш, бар жақсылық елордасынан тарайтын қазақстандықтардың құтты мекені, талмас тағдыры. Тарих үшін бір ғана сәт, соңғы жылдарға көз жіберсек ішкі және сыртқы саясатта үлкен істер атқарылып жатқанына куәміз. «Адамды қандай іс бастағанына қарап бағалау керек...» дейді Абай. Бұл жерде, Қазақстанның тәуелсіздігін баянды ету мақсатындағы іске бастамашы болып жүрген тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Кезінде үлкен Буш «...қазіргі жас саясаткерлердің ішінен Назарбаевты айтар едім. Оның басқалардан айырмашылығы – көріпкелдік қасиеті бар» деген еді. Қателеспепті. Ел астанасын Қазақстан мен Еуразияның қақ ортасы, Арқаның төсіне көшіру туралы шешім ел экономикасының ең қиын кезі, 1995 жылы қабылданды. Сондықтан да Президенттің бұл шешімін ел ішінде және шетелдерде де көптеген адамдар кезінде толық түсіне алмай әртүрлі пікірде болды. Сол қиын кезде экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып саналған осындай шешімді жай адамның қабылдауы екіталай еді. Оны кемеңгер триумфаторлар ғана қабылдайды. Ұлы әрі кемел тұлғаларды ұлы өзгерістер дәуірі туғызады деген осы. Бүгінгі Астананы және ол арқылы Қазақстанның даму жолының дұрыстығын әлем мойындады. Бұл қазақтың басына ауып қонбай, тауып қонған тәуелсіздігіміздің арқасы. Ол біздің енді уыстан шығармайтын басты құндылығымыз. «Бақыт – бағасын білгеннің басына тұрақтайды» – дейді Нұрсұлтан Назарбаев. Біздің халқымыз өмірдің бағасын біледі. Осы жолда елімізге Жаратқан жар болсын деп тілейік.

29Жандар Кәрібайұлы, саясаттанушы. ҚР Парламенті Сенатының екі дүркін экс-депутаты, облыстың Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар