Саттар ағаны мен көп жылдан бері білемін деп айта алмаймын. Шамамен он жылдай уақыт болған шығар, жұмыс бабымен Жамбылға келгенімде мен екі адамды іздедім. Соның бірі – облыс көлеміне емес, елімізге кеңінен танымал қоғам қайраткері, алғаш көргенде-ақ көз сүйсініп, көңіл толатын жан Әлмұқан Исақов еді. Сырттай жүріп, құрметтейтін кісі арқылы осы Саттар Жанәбілов ағаммен таныстым. Дұрысы, өзің сыйлап, арқа тұтатын кісінің жан досы болғаны үшін де құрмет сезімі пайда болды. Мінезі мәрт ағаға мен де жақындай түскенмін. Көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов айтпақшы, сұлу қартаюдың жолында, айғайшы емес, ақылшы, сарбаз да салмақты кісінің нақ өзі болып көрінді.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Менің де ішкі түйсігім мен сенім-сезімім алдамапты. Тарпаң қаламгер Шерағаң, Шерхан Мұртаза, айтып еді: «Бұл Таразда тай кезінде танылып, биік кеңседе отырып, халық сөзін тура еститін аса дарынды адамдар болған, соның бірегейі Асанбай Асқаров деген ағаң, кешегі кеңестік қиямет-қайғыны да көрген, сол кісі салған жолдан шықпаған көзі тірі Әлмұқан Исақов ағаң бар, сол төңіректен іздесең, жұрт маңдайынан сипаған азаматтар аз емес», – деп... Сол сирек жандар ағалы-інілі өмірде сапарлас болып келеді. Саттар ағаның «Тағдырыма ризамын» деген кітабы қолыма тиіп, оны оқуға деген құмартумен парақтай бастағанда, неге екенін қайдам, бұл кісінің естеліктер жазғанын сезінсем де, «Тұлғалар туралы не айтты екен?» деген сауалға еріксіз жауап іздедім. Дос іздеген адам өмірі ерекшеленіп тұратын сияқты. Саттар ағаның кітабында уақыт көмбесінде қалған оқиғалар мен түрлі жағдайларды өзіне тән шынайы, еш боямасыз жеткізуге ұмтылған тұстарына көп мән бергеніміз рас. Қазір естелік кітапты кім жазбай жатыр? Ақшасы бар адамдар кісі жалдайды. Өз шамасы келгенінше қолына қалам алып, жазып жүргендер де аз емес. Эссе жанрының қиындығы сол, жазушы сол қаптаған кейіпкердің басы-қасында араласып жүреді де, өзін артығырақ бейнелеп көрсетуі басымдыққа ие бола береді. Ал енді мұндай жазуға ерте бастан қам жасап, түйген ой-жосықтарын дүркін-дүркін жариялап жүретіндер де болады. Қаламының желі бар идеолог адам ғой, Саттар аға – сондай сипатта өз тағдырын өзі жасап келе жатқан айтулы адам. Сол себепті, жасы жетпістің қалың ортасына жеткенде балалық пен есею кездерінің жатталып қалған және тағылымды сабақтарын көргені, түйген ой-пайымдарын әділ көзқараспен баяндаудың жауапкершілігін терең сезінгені анық байқалады. Осыдан бірнеше жыл бұрын белгілі азамат, ауыл, аудан басқарған, мыңның ішінен дара көзге түскен Ералы Дадабаевтың «Сексенінші көктемім» деген естеліктер кітабы әр жылдарда қағаз бетіне түскен 25 мың дәптер-күнделіктер негізінде жазылғанын көріп, танысып, қайран қалғанбыз. Ол кісінің әрбір айтылған сөз бен кездесулер сәтінде болған жәйттерді есте сақтау қабілеті қатты таңғалдырған. Сол Е.Дадабаевтың аудан басшылығына сайлану уақытында болған өте қызықты әрі саяси биліктің қалтарыстары жайында жап-жас партия қызметкерінің әңгімесі ешкімді де бейжай қалдырмайды. Кешегі күндердің көрінісі сол қалпында талай ойға жетелейтіні рас. Кітапта мұндай әсерлі әңгіме-эссені әрине қатарластарының қызығып оқитынына еш шүбәміз жоқ. Биліктің алуан баспалдақтарынан өткен Саттар ағаның мамандығы филолог қой. Жүрегі нәзіктеу болғанымен, қаталдығы мен жауапкершілігі басым әрі сөз қадірін жете түсінетін кісінің кейбір адамдарға жақпай қалуы да мүмкін, оны да жасырмайды. Аудан жастарының көшбасшысы, аупарткомның идеологиялық хатшысы, кәсіптік-техникалық білім беру комитетінің басшысы, облыстық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы секілді биліктің тізгінін ұстаған адам бұл кітабында лауазымды қызметке тұрдым, қуандым, өстім деген бір ауыз сөз жазбайды. Пенде болған соң ондай қуаныш сезімі қайда қалды сонда? Айтары жоқ, қажырлы, білімді жас оның бәрі қалыпты дүние деп қабылдаған-ау дерсің. Автор: «Үлкенді-кішілі қызметте 46 жыл жүріппін, еңбек етіппін, өзімді-өзім жерге қаратқаным жоқ», – дейді. Иә, қандай қызметте болмасын, азаматтарды бәле-жаладан, қиянаттан қорғауға келгенде Саттар ағамыз еш аянбай қолұшын беретінін, ақыл қосатынын жұрт айтады. Қазір де солай. «Елдің алдына шығып, жөнді-жөнсіз қақсамадым, білсем де білімпаздық танытып білгірсімедім. Көбінесе өз жолымды білдім» дегені – адал сөз. Әйтпесе өйттім-бүйткенмін дейтін күрескер «көкелер» аз емес. «Небір адал азаматтармен қызметтес болдым, көбісімен жора-жолдас болып, ақыл-кеңес сұрайтын достықта жүрмін» деген Саттар аға маған үлкен өмірде үнемі адал дос іздеген адам болып көрінеді. Адал дос дегеніміз – сыйлас, қанаттас, ойлы адамдар ортасында үйрену үшін керек болар дегені. Кітабында олар менің дос-жолдастарым деп қоғам құндылықтарының қамқоршысы болған қаншама адам атын айтады. Қоғам мен мемлекетке біркісідей еңбек сіңірген Елубай Олжабаев, Рақыш Қашқынов, Кеңесхан Орынқұлұлы, Смағұл Әбілеков, Сейілхан Аққозиев, Тілеулес Балпанов, Әлмұқан Исақов және басқа да жолдастарының жақсы сөз бен іс қалдыра алған өмір жолдарын әділ бағалап, ой түйеді. Жамбылдың қариялары үзеңгі дос болудың әдемі мектебін қалыптастырған. Саттар ағаның бұл сөзінде терең мән бар. Ағалардың дәстүрге сай бірлігі мен мәдениеті болса, қоғам сұлу қалпын сақтайды. Саттар мен Әлмұқан ағалардың Сейтхан Жошыбаевпен достығы, иә, Әкім Садықбекұлы мен Баттал Жаңабаевтың қимас бауырмалдылығы, Тұрсынхан Мүсірәлиевпен де керемет сыйластығы, Уәтай Әлімходжаев пен Тілеуқабыл Төребеков ақсақалдардың сыпайы мінезі жас ұрпаққа өнеге болмақ. Көзі қарақты замандастарының айтуынша, Әнуарбек Сандыбаев пен Сейілхан Аққозиев ағалар осы аталған кісілер арасында болған жарасымды, жылдар бойы ажырамайтын, берік достық мектебінің негізін салушылар десе де болады. Асыл ағалардың ұдайы қуат беріп тұратын қамқор көңілі мен аялы алақаны осынысымен қастерлі. Әулиеата өңірінде адамдар бір-бірін жақсы таниды. Саттар ағаны да құрметтейді. Тегінде құрмет құрметті адамға ғана жарасады. Ардақты ағаның бұл туындысында оңашада жазған өлеңдері де бар, асыл мұра – ауыз әдебиетінің бір өкілі секілді Наурызбек Тоғайбаев деген кісінің ешбір жерде жарияланбаған шығармасын да ұсынады. Қиссаның мазмұндық сипаты мен көркемдік деңгейі жап-жақсы. Әртүрлі себептермен атаусыз, қараусыз қалған дүниені кезінде Саттар ағамыз іздеп жүріп тауып, оны қолға жинастырып, көздің қарашығындай сақтап келген екен. Қиссаның алғы сөзінде бұл жағдайды баяндаған. Бұл кісі о жағы мен бұ жағына мұқият қарап жүретін қабілетті адам екенін осы жазбалары арқылы әдемі көрсетіп отыр. Әрине, жақсы мұғалімнің сабағы адам қабілетін ашуға ғана мүмкіндік бермей, сені алыс көкжиекке жетелейді. Кейде біз сол ұстаздар сабағының жұмбақ ашқан ғибратын уағында бағалай алмайтынымыз бар. Адам қабілетін көркемсөз шеберлері домбыра пернесіне теңеп те жатады. Ширатпа шекке майталман күйші қолы тигенде, жиырмаға жетер-жетпес аз перне жүрек қылын тербейтін сазды әуен шығармай ма? Адам жолы да, қабілеті де сол пернелерге ұқсас секілді. Саттар ағаның қып-қысқа, жұп-жұмыр эссе-әңгімелері мен ой-пернелері өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге деп білеміз.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді