«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бизнес-ортаға жағдай жасалмайынша, береке-байлық болмайды

Бизнес-ортаға жағдай жасалмайынша,  береке-байлық болмайды
ашық дереккөз
Бизнес-ортаға жағдай жасалмайынша, береке-байлық болмайды

облыс әкімі кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесіне қатысты

 width=Облыс әкімі Асқар Мырзахметов кәсіпкерлікті қолдауға баса назар аударып отыр. Өйткені Әулиеата өңірінің асыраушы салалары болып саналатын ауыл шаруашылығы мен өндіріс те, сайып келгенде, осы кәсіпкерліктің аясында топтасатыны белгілі. Сол себепті, аймақ басшысы түрлі салаларда еңбек етіп жүрген кәсіпкерлермен жиі кездесіп, көкейіндегі мәселелерін білуге, олардың шешімін іздестіруге ден қойып отыр.

Кеше өткен кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің отырысына да Асқар Исабекұлы осы мақсатпен арнайы қатысты. Кеңес мүшелері, кәсіпкерлер, қаржы ұйымдары мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінің басын қосқан жиында бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Жиынды кеңес төрағасы Мұқаш Ескендіров ашып, жүргізіп отырды. Басқосуда сөз алған облыс әкімі Асқар Мырзахметов кәсіпкерлік саласын дамыту жергілікті органдар жұмысының негізгі бағыты екенін айтып өтті. – Бүгінгі жиында облыстағы бизнес-ортаға жайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар реті талқыланбақ. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер, сіздердің өзекті мәселелеріңіз тыңдалады. Бизнесті дамытудың тиімді тәсілдері қарастырылып, ондағы жүйелі проблемалардың шешімін іздейтін боламыз, – деді аймақ басшысы. Сонан соң өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек облыстағы кәсіпкерлік саласының жалпы ахуалы туралы баяндама жасады. Палата директорының айтуынша, облыстағы кәсіпорындардың жай-күйін бағамдау мақсатында палата және тиісті облыстық басқармалар өкілдерінен жұмыс тобы құрылған. Бұл топ тоқтап тұрған 723 және әртүрлі қуаттылықта істеп тұрған 569 өндірістік кәсіпорындарды аралап шыққан. – Нәтижесінде, қаржылай және қаржылай емес қолдауды қажет ететін 122 кәсіпорын анықталды. Оларға қолдау көрсету үшін 20 миллиард теңге қажет болып отыр. Осыған орай атқарылған жұмыстың нәтижесінде осы кәсіпорындарды қолдау бойынша «Жол картасы» бекітілді. Картадағы қаржылық мәселелерді шешу мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Жамбыл облысы әкімдігі, «АЛМЭКС» холдингтік тобы және «Бәйтерек Ұлттық басқарушы холдингі» арасында төртжақты келісімге қол қойылды. Аталмыш карта ойдағыдай іске асырылса, өңір экономикасын әртараптандырып, оның дамуына үлкен үлес қоса аламыз. Атап айтқанда, келер жылдың өзінде өңдеу секторындағы өнім көлемі 50 миллиард теңгеге өседі деген болжам бар, – деді М. Шәкербек. Сонан соң сөз кезегі кәсіпкерлерге берілді. Олар өздеріне қатысты және жалпы кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәселен, кеңес мүшесі, «Altais Group» ЖШС директоры Әлімбек Жұмабаев облыстағы құрылыс компаниялары басшыларының көкейінде жүрген мәселені көтерді. Оның айтуынша, серіктестік тұрғызған 9 қабатты тұрғын үйлерге әлі күнге дейін ауызсу жеткізілмеген. Шілде айында тұрғындарға берілетін 108 пәтердің сусыз тұрғанын айтқан кәсіпкер аймақ басшысынан аталған мәселенің шешілуіне ықпал етуін сұрады. Өз кезегінде аймақ басшысы бұған жауапты Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовқа мәселені шұғыл түрде шешуді тапсырды. Аталған жайттан хабардар екенін айтқан шаһар басшысы үйлерге ауызсудың тартылғанын, тек оның 9-шы қабатқа дейін көтерілуіне қысым жетпей тұрғанын жеткізді. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында тиісті жұмыс атқарылып жатқанын айтып, мәселені жуық арада шешуге уәде етті.  width=Сондай-ақ кеңес отырысында мал ұрлығының көбейіп келе жатқандығы сөз болды. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл ауыл шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізіп отырған көрінеді. Өзгенің қорасына түсетіндерді тоқтатуға тіпті полицейлердің де шамасы жетпей отыр екен. Мәселенің мән-жайымен танысқан аймақ басшысы облыстық ішкі істер департаментінің өкілдерінен бұған не себеп болып отырғанын сұрады. Алайда тәртіп сақшылары мал ұрлығы жыл сайын азайып келе жатқанын айтудан танбады. Олар көрсеткен деректерге сәйкес, биылғы 4 айдың көрсеткіші бойынша, аталған бағыттағы қылмыс 45 пайызға азайған. Алайда кәсіпкерлердің айтуынша ауылдағы ағайынның қорасындағы малынан көз жазып қалуы әлі сол қалпында қалып отыр. Жағдайдың ушығуына мал ұрлап ұсталғандардың барлығы бірдей сотталмайтыны да себеп болып отырған көрінеді. Өйткені бірқатар істер сотқа дейін медиация тәртібімен жабылып кетеді. Сотқа жолданғандарының өзі ауыр жаза алмайды. Мәселен, өткен жылы мал ұрлаған 3 049 тұлғаның 66-сы ғана бас бостандығынан айырылған. Қалғандары айыппұлмен құтылған. Ең қызығы, кейбір жағдайларда олар төлейтін айыппұл ұрланған малдың құнына да жетпей қалады екен. Қылмыскерлерге берілетін жазаның жеңілдігі олардың арам іске баруына тоқтам бола алмай отырғанын айтқан облыс әкімі «Заң бойынша берілетін құзыретті барынша пайдалану қажет», – деді. Осыған орай, мал ұрлығы бойынша кінәлі деп табылғандардың ісін бітімгерлік жолымен шешуге ысыра бермей, мүмкіндігінше ауыр жаза түрлерін қарастыру керектігін ескертті. Сонда ғана өзгенің мүлкіне қол сұғуға деген арам ниеттердің азаятынын жеткізген Асқар Исабекұлы мәселені шешудің өзге жолдары болса, ұсыныс ретінде білдіріп, бірге талқылауға шақырды. Отырыс барысында кәсіпкерлер тарапынан электр қуатының жиі сөнетіні де айтылды. Бұл, әсіресе, жылдам бүлінетін азық-түлік тауарларын шығаратын кәсіпорындар мен оны сататын дүкендердің шығынға ұшырауына әкеліп отыр. Мәселеге жоспарлы жұмыстардың жүруін себеп қылатын жарық таратушы мекемелер соңғы кездері қуат көзінен ажыратуды тіпті жиілеткен. Осыған орай, жарықты күні бойы емес, 2-3 сағат ұзақтықта ғана сөндіруді сұраған бизнес өкілдерінің өтініші назарға алынды. Жиында, сондай-ақ кәсіпкерлер облыстағы тарихи маңызы бар ғимараттарды жөндеумен айналысатын арнайы мекеме құру, Тараз қаласындағы автовокзал маңайында өршіп тұрған заңсыз тасымалдаушылармен күресу, «Тәжібай» базарының орнына заманауи талаптарға сай сауда орталығын салу мәселелерін ортаға салды. Сонымен қатар отырыста «Әулиеата» әуежайын дамыту, «Ақсу-Жабағылы» қорығының жұмысын жандандыру, көршілес Қырғыз Республикасынан су алу және осы секілді өзге де өзекті мәселелер талқыланды. Басқосуды қорытындылай келе, облыс әкімі Асқар Мырзахметов барлық мәселелер назарға алынғанын және олар тиісті басқармалардың араласуымен шешімін табатынын мәлімдеді. Ал кәсіпкерлер мәселелерді шешуде тиімділігін көрсеткен аталмыш кеңес отырысының жұмысына көңілдері толғанын жасырмады. Сондықтан жиынды айына екі рет және Тараз қаласы деңгейінде де өткізу туралы ұсыныстарын жеткізді.

Мұратхан ӘЛІМХАН

Суреттерді түсірген Алтынбек Қартабай.

Ұқсас жаңалықтар