«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мемлекеттік мүдде аясында

Мемлекеттік мүдде аясында
ашық дереккөз
Мемлекеттік мүдде аясында

Елордада «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының I форумы өтті

«Болашақ» халықаралық стипендиясының 20 жылдығына арналған форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» негізінде «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысын құруды ұсынған болатын. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Қазақстан-2050» Стратегиясы – бұл біздің 21 ғасырдағы ұлттық идеямыз. Ол бізді халық ұмтылатын ұлы істерге бастайды. Мен сіздермен бұрыннан бері ойда жүрген идеяммен бөліскім келеді. «Болашақ» бағдарламасы негізінде «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысын құруды ұсынамын» – деген еді. Ал, өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласындағы Назарбаев университетінде бастамашыл азаматтар тобы «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының құрылғанын мәлімдеді.

Қазақстандық мемлекеттіліктің негізінде жатқан құндылықтар – ұлттық бірлік, ұлтаралық татулық және дінаралық келісім, азаматтық теңдік және үш тұғырлы тіл, толеранттылық, сонымен қатар, қазақ елінің бай дәстүрі мен тарихының баяндылығын мақсат ететін, ең бастысы барша отандастарымызды ұлы іске жұмылдыруды көздейтін бұл қозғалыс құрылған уақытынан бастап қарқынды жұмысқа кірісіп, талай бастамаға мұрындық болып үлгерді. Ал, бұрнағы аптада Елордада «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының І форумы өтті. Қазақ гуманитарлық-заң университеті ғимаратында өткен форумға еліміздің барлық аймағынан мемлекеттік органдар, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес қауымдастығы өкілдерінен тұратын 400-ге жуық делегат қатысты. 3 сессияға негізделген жиынның ашылуында ҚР Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев сөз сөйлеп, аталмыш қозғалыс мүшелерінің жарты жылға жуық уақыт аралығында атқарған ауқымды жұмыстарына, бірқатар маңызды жобаларына тоқталды. Ол өз сөзінде «Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жолында әрбір қазақстандық сүбелі үлес қосса, алынбайтын қамал жоқ. Сендердің күштерің мен идеяларың ел болашағы үшін маңызды. Бұл қозғалыс – дамудың локомативі болады» - деді. Форум барысында сөз алған «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы Кеңесінің төрағасы Данат Жумин бүгінде бұл қозғалыс бір мүдде, бір мақсат біріктірген 3000-ға жуық адамның басын қосқанын айтып өтті. Д. Жумин ұйымның алдағы уақытта 3 бағытта жұмыс жүргізетінін мәлімдеп, оларға жіті тоқталды. Сонымен қатар, әрбір азаматтың білімі мен тәжірибесін бір арнаға тоғыстырған жағдайда, жаңа маңызды дүниені жасап шығару мүмкін болатынын айтты. Қозғалыс белсенділері дайындаған арнайы бейнероликтен соң «Таныс болайық» тақырыбындағы алғашқы сессияға кезек келді. Жиынның бұл бөлімін «Қазақстан» ұлттық арнасының тележүргізушісі Қанат Әуесбай жүргізіп отырды. Осы орайда «Сәбимен шаңырақтың сәні кірер» жобасының үйлестірушісі Шолпан Байболова, «Зияткер ұрпақ» жобасының авторы Слава Нейруш, «Қоғамдық мониторинг» жобасының жетекшісі Сабина Дүйсекеева өз бастамаларының шеңберінде әңгіме өрбітіп, жоба міндеттерін таныстырды. Көтерген мәселелері тұрғысында бірқатар ұсыныстарын алға тартты. Мәселен, Ш. Байболова өмірге келген әр перзенттің балалар үйінде емес, бірлігі жарасқан отбасында тәрбиеленуінің маңызы туралы айтса, С.Нейруш бүгінгі мектеп түлектерінің білім нәтижесі, ауыл жастарының интеллектуалдық деңгейі туралы сөз қозғады. Сессияның тағы бір спикері – қозғалыс мүшесі, Қазақстан КВН одағының президенті Есен Елеукен «Жайдарманның» жастардың интеллектуалдық деңгейін көтеру, шығармашылығын дұрыс бағыттау туралы мақсаты Жалпыұлттық қозғалыстың мүдделерімен астасып жатқанына тоқталып өтті. «Қазақстан – 2050: әлемдегі ең үздік мемлекеттік басқару жүйесін қалай құру қажет? - деген сауал форумның екінші сессиясында қаралды. «Өрлеу» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбеновтің модераторлығымен жүргізілген бұл бөлімде кәсіби үкімет, әкімшілік реформа және мемлекеттік басқарудың тиімділігі туралы әңгіме өрбіді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов осы сессияда ортаға тасталған тақырып түйінін кеңінен тарқатты. Ол мемлекеттік қызметтегі кадр мәселесіне тоқтала отырып, әрбір бала өз келешегінде білімнің арқасында отбасын қамтамасыз етуге мүмкіндігі болатынына көзі жетсе, білімге деген құштарлығының арта түсетінін айтып, бұл ой бала санасында тәрбие арқылы қалыптасуы қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы басқарудағы жинақталған тәжірибенің болмағаны, қандай реформаға кезек келсе де, басқару жүйесін жоғалтып алмаудың маңызы туралы ойын білдірді. Жалпыұлттық қозғалыс форумының 3-сессиясы «Қазақстан-2050: әлемдегі ең мықты экономиканы қалыптастыру жолы» деп аталды. Индустрияландыру, экономикалық саясат және жеке кәсіпкерлікті дамыту турасында сөз қозғалған бұл бөлімнің тізгінін «ВТБ Капитал» АҚ Бас директоры Әділ Нұрғожин ұстады. Ал, спикер ретінде «БТА банк» АҚ-ның Басқарма төрағасы Мағжан Әуезов және «BI Group» Холдингі Директорлар кеңесінің төрағасы Айдан Рахымбаев сөз сөйледі. Форумда спикерлер Еуразиялық одақтағы қазақстандық қаржылық жүйенің рөліне және «оған қаншалықты дайынбыз, қандай проблемалар бар» – деген сауалдарға, сондай-ақ, ЭКСПО-ның мүмкіндіктері мен пайдасы төңірегіндегі мәселелерге тоқталып, аудиторияның сұрақтарына жауап берді. Форум жұмысы аяқталғаннан кейін делегаттар түрлі тренингтерге қатысты. «Қазақстан–2050» Жалпыұлттық қозғалысы Кеңесінің төрағасы Данат Жумин кездесуді қорытындылап, көпшілікке алғысын айтты.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу - Астана - Шу.

Ұқсас жаңалықтар