Тірліктің күші – бірлікте

Тірліктің күші – бірлікте
ашық дереккөз
Тірліктің күші – бірлікте

«Бейбітшілік пен келісім жол картасы» жобасы аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен құрамында Ассамблеяның, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері бар үлкен делегация Жуалы ауданында болып, аудан активімен, жастармен, ұлттық-мәдени орталықтар өкілдерімен, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілерімен кездесулер өткізді. Құрамы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Лариса Лысова, еврей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Людмила Корнилина, шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің жетекшісі Рамзан Магомадовтан тұратын топ «СМТС» ЖШС-ында болды. Мұнда қонақтарды серіктестік директоры, шешен ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Лечи Оздамиров қарсы алып, өндірісті аралатып көрсетті, жұмыс барысымен таныстырды. – Тұрғындардан сүт қабылдап алып, одан сыр, сары май, ірімшіктің бірнеше түрін шығарамыз, – деді ол. – Мұнымен қоса тәтті сусындардың да бірнеше түрін өндіреміз. Күзде мақсары майын шығаруды қолға аламыз. Ағаш өңдейтін цехымыз бар. Осылайша өндірісті жыл бойына тоқтатпауға тырысамыз. Ұжым мүшелері басшылық өздеріне бар жағдайды жасап отырғанын, жалақыны уақтылы төлейтінін, қызметкерлердің мұң-мұқтажына, өтініш-тілектеріне сергек қарайтынын жеткізді. Л. Лысова олармен болған әңгімеде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының атқарып отырған жұмыстары, Елбасының ұлтаралық татулықты нығайтуда өздеріне жүктеп отырған міндеттері туралы айтты. Ал, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының консультанты Б. Жаңабаев аудандағы ұлттық-мәдени орталықтармен бірлесіп жүргізілетін шаралар туралы баян етті. Осы күні облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық пікір көшбасшыларымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ және оның облыстық құрылымының XVII сессиясында алға қойылған міндеттер мен тапсырмаларды орындау бағытында атқарылып жатқан істер бойынша аудандық әкімдіктің мәжіліс залында жұртшылық өкілдерімен кездесу өткізді. Оны облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бас инспекторы Зубайра Сембина ашып, жүргізіп отырды. Ол Елбасы­ның Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзіне тоқтала отырып, облыстағы барлық этномәдени орталықтар мен бірлестіктердің алдына қойылған міндеттер туралы тілге тиек етті. Өз пікірлерін ортаға салған Жамбыл облысындағы «Бар-банг» күрдтер ассоциациясы филиалының төрағасы Латиф Айдаров, «Вынхуа» дүнген мәдени орталығы ассоциациясы вице-президенті Идрис Юнусов, Жуалы ауданындағы: «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Дүрәлі, әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығы жетекшісі Эсмира Мамедова және аудан әкімі аппаратының бөлім басшысы Бесбай Қансейітұлы Ассамблеяның ұлтаралық татулық пен келісім, бірлік пен достықты нығайту жолында атқарып отырған ауқымды қызметі туралы айтты. Орталық саябақта өткен Қазақстан халқы ойындарының спартакиадасына аудандағы құрылыс жұмыстарына атсалысуға келген студенттік құрылыс жасақтарының мүшелері және ауданның спорт құмар жастары белсене қатысты. Олар өз кезегінде орыс халқының «Легушка путешественница» (эстафета түрінде), ұйғыр халқының «Огород», қазақ халқының «Кім күшті?» ойындарын ойнады. Нәтижесінде аудан жастарынан құралған «Жастар» командасы жеңіске жетті. «СҚО» командасы екінші орынды иеленді. Спартакиадаға қатысушылардың барлығына облыстық ҚХА хатшылығының бас маманы Ұ. Бабақұлова естелік сыйлықтар тапсырды. «Бейбітшілік пен келісім жол картасы» іс-шарасының соңы орталық алаңда «Біз, қазақстандықтар, бір халықпыз» атты облыстық этномәдени бірлестіктердің концертіне ұласты.

Нұржан Манасұлы, журналист.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар