Қазақстан – жері ұлан-байтақ, аграрлық әлеуеті орасан зор мемлекет. Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Ауыл – алтын бесік, алтын тамыр. Бүгінгі таңда оны өркендету үшін әуелі ірі инвестиция қажет. Елімізде, оның ішінде облысымызда туған жерін түлетуге атсалысып жүрген жеке тұлғалар мен компаниялар аз емес. Солардың бірі – «Агростан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. «Меркі асыл тұқымды зауыты» АҚ құрылтайшысы агроқұрылымның аяғынан нық тұруы, жаңа жобаларды жүзеге асыруы үшін қыруар қаржы салуда. Соның нәтижесінде үлкен қиындықтарды бастан кешкен акционерлік қоғамның тірлігі түзеліп келеді. «Меркі асыл тұқымды мал зауыты» АҚ-ын бұрын аудан және облысымызда түрлі лауазымды қызметтер атқарған, ұйымдастырушылық қабілеті мол Мейрамбек Суталиев басқарады. Таяуда Мейрамбек Боранұлымен жолығып, шаруашылықта атқарылып жатқан игілікті істер туралы әңгімелескен едік.
– «Меркі асыл тұқымды мал зауыты» АҚ – облысымызда өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы дағдарыс кезінде негізгі қорлары мен бағдарын сақтап қалған санаулы агроқұрылымдардың бірі, – деп бастады сөзін М.Суталиев. – Өткен жылдың қорытындысында жалпы 350 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірдік. Кірістің 60 пайызы егіншіліктен, қалғаны мал шаруашылығынан түсті. Теңгерімімізде 23705 гектар жер бар, оның 12 мың гектары – егістік, қалғаны – жайылымдық. Өткен жылы күзде биылғы өнім үшін күздік бидай – 4029, көктемде жаздық арпа тұқымы 1817 гектар алқапқа себілді. Былтыр күзде алқапқа күздіктің аудандастырылған «Стекловидная-24», «Багарная – 56» сұрыптарымен қатар өнгіштігі жоғары элиталы «Алмалы» және «Қарасай» тұқымы себілді. Үмітіміз ақталса, бұл сұрыпты жерімізге көптеп егетін боламыз. Сабақты және сөлді мал азығының берік қорын жасау үшін елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Былтыр жоңышқа тұқымын – 50, биыл 80 гектар алқапқа септік. Шаруашылықта саулықтар қолдан ұрықтандырылады. Күзде күйек алу алдында қошқарлардың қоңын көтеруге қажетті мал азығы үшін 5 гектар жерге асқабақ және сәбіз өсіріледі. Биыл күзде агроқұрылымда бір мезгілде 10 мың бас мүйізді ірі қара бордақылайтын кешен іске қосылады. Оларды сөлді мал азығымен қамтамасыз ету үшін мың гектарға жуық егіске сүрлемдік жүгері орналастырылады. Әлбетте, ол үшін оны ылғалдандыратын су керек. Кеңестік кезеңдегі ирригациялық жүйелер толық істен шыққан. Биыл ерте көктемде Ақкөзқайнар ауылының маңындағы тоғанға су жеткізетін арықтар мен арналарды шөп-шалам мен батпақтан тазарттық. Жөндеуден өткізілген тоғанға 150 мың текше метр су сияды. Мұның өзі бізге мың гектарға жуық алқапты суландыруға мүмкіндік береді. Ол жерге сүрлемдік жүгері өсіріледі. – Бүгінде облыста биязы жүнді қой өсіретін санаулы ғана шаруашылық қалды. Солардың бірі – «Меркі асыл тұқымды мал зауыты» АҚ. Осы салада келешекте жүзеге асырылатын жұмыстарға тоқталсаңыз... – Агроқұрылымда 14000 бас биязы жүнді қой бар. Оның ішінде саулығы – 9200, қошқар – 460, еркек тоқты – 1500 және 1900 бас – ұрғашы тоқтылар. Мұндай малдың еті де, жүні де сұранысқа ие. Сондықтан мемлекет бізге өндірген өнімімізге субсидия беріп, қолдау көрсетіп келеді. Өткен жылы қырқылған жүніміздің әр килограмын 650 теңгеден өткердік. Мемлекет сатылған әр килограмм шикізатқа 130 теңгеден төледі. Бес мың бас тоқты семіртетін бордақылау алаңымыз бар. Осында 12 ай бордақылап, өткерген әр малға мемлекет 1500 теңгеден субсидия береді. Ауыл шаруашылығы министрлігі осыдан төрт жыл бұрын асылдандыру бағытындағы жұмысымызға зерттеу жүргізді. Оның қорытындысы бойынша, бұрынғы оңтүстікқазақстандық меринос атауы өзгертіліп, асыл тұқымды қазақ меринос қойы деп аталатын болды. – Мал басын өз төлі есебінен өсіру, оның өнімдерін молайту бағытында қандай шаруалар қолға алынуда? – Біз малдың қоңын көтеру, жем-шөп үнемдеу үшін саулықтарды «Ортақұм» жайылымында қыстатамыз. «Агростан» ЖШС қаржылай демеушілігінің нәтижесінде былтыр қыстауларға бастырмалар салынды. Бұрын онда 8 құдық болса, өткен жылы 5 құдық қазылды. Жазда жайылымда шөп дайындап, оны қыстаулар басына жеткізіп береміз. Былтыр Алматы облысынан асыл тұқымды бес қошқар әкеліп, олармен біраз кәрі саулықтарды шағылыстырдық. Олардың төлдері тез өсіп, жетіледі, ет пен жүнді біздегіге қарағанда көп береді. Биыл олардан 400-ден астам төл алынды. Мал өлім-жітімсіз болмайды. Сондықтан әр шопан мал шығынын жыл ішінде 6 пайыздан асырмауы тиіс. Бір отардан 6 пайыз дегеніміз – отыздан астам қой. Егер шопан оларды аман сақтаса, акционерлік қоғам оның әрқайсысын 30 мың теңгеден сатып алады. Тамыз айында қозы бөлген кезде де осындай тиімді әдіс қолданылады. Мұның өзі мал басын өсіруге игі ықпалын тигізуде. – Міне, шопандардың «қызыл қырманы» – төл алу науқаны да аяқталды. Нәтиже қандай? – Малшыларымыз жылдағы дәстүрлерінен жаңылған жоқ. Әр жүз саулыққа шаққанда орта есеппен 100 қозыдан алынды. Шопандарымыз Аяжан Сырлыбаев, Сайлау Бөртебаев және Мұрат Омаров биыл да қозы алуда жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Қой қырқатын күн де жақын қалды. Әр қойдан орта есеппен 4 килограмнан жүн қырқатынымызға нық сенімдіміз. – Қуатты техникасыз күткен нәтижеге қол жеткізу қиын. Сіздер машина-трактор паркін жаңартып жатырсыздар ма? – Бізде ауыл шаруашылығы науқандық жұмыстарын атқаруға қажетті техника жеткілікті. Оларды өз күшімізбен еңсереміз. Дегенмен техника ескірген сайын жиі істен шығады, шығыны көбейеді. «Агростан» өткен жылы бұл мақсатқа қомақты қаржы – 278 миллион теңге жұмсады. Оған Белоруссиядан өнімділігі жоғары 7 астық жинайтын комбайн және бірнеше ауыл шаруашылығы құрал-саймандары сатып алынды. Соның нәтижесінде машина-трактор паркіміз 20 пайызға жаңарды. Биыл оны 10 пайызға жаңарту көзделуде. – Әңгімеңіздің арасында 10 мың бас мүйізді ірі қараға арналған кешен салынып жатыр деп айттыңыз... – Оның құрылысы Ақермен ауылдық округінің аумағындағы Ақкөзқайнар ауылының жанында жүргізілуде. Оған 103 гектар жер бөлінген. Бұл – заманауи үлгідегі алып құрылысқа «Агростан» ЖШС 1,5 миллиард теңге бөліп отыр. Мердігер – «Алтын» ЖШС уақытты ұтымды пайдаланып, кестеге сәйкес жұмыс жүргізуде. Тапсырыс беруші мекеме өкілі Александр Соколов тұрақты нысан басынан табылып, жұмыс сапасына қадағалау жасауда. Кешен күзде іске қосылғанда жаңа 60-тан астам жұмыс орны құрылады, жергілікті азаматтар тартылады. Олар жеке тұлғалардан және агроқұрылымдардан өгізшелер сатып алып, оларды бордақылап, етке өткізеді. – Жұмыс ауқымы ұлғайған сайын мамандар қажеттілігі туындайды. Бұл мәселе қалай еңсерілмек? – Бүгінде акционерлік қоғамда 240 адам жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақысы – 80 мың теңге. Бізге дәнекерлеуші, токарь, механизатор және мал дәрігері сияқты мамандар жетіспейді. Құлан ауыл шаруашылығы колледжі, Меркі лицейімен келісімшарт жасап, кадр тапшылығын шешуге күш салудамыз. Келешекте ауылдағы бейімі бар жастарды келісімшарт арқылы жоғары оқу орындарына ақысын төлеп оқытып, шаруашылыққа тартқымыз келеді. Агроқұрылым аяғынан нық тұрса, ауылдың әлеуметтік жағдайын оңалтуға атсалысамыз. Қысқасы, алда арман да, жоспар да көп. Сөзімнің соңында белсенділігімен көзге түсіп жүрген шаруашылықтың егін саласының маманы Серік Таңатов, бас агроном Василий Якущенко және білікті маман Марат Рәсіловтің есімдерін ерекше атап өткім келеді.
Сұхбаттасқан Ақылжан МАМЫТ.
Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді