Сот отырысының хаттамасын жүргiзетiн, қылмыстық iске мүдделi емес мемлекеттiк қызметшi сот отырысының хатшысы болып табылады. Олар сот отырысы хаттамасының толықтығы мен дұрыстығы үшiн дербес жауап бередi. Дұрыс емес не шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi сот отырысының хаттамасына қасақана енгiзген жағдайда хатшы заңда көзделгендей жауапты болады.
Сот отырысының хатшысы: өзi хаттамалауды қамтамасыз етуi қажеттi барлық уақытта сот отырысы залында болуға және сот отырысына төрағалық етушiнiң рұқсатынсыз кетпеуге, хаттамада соттың iс-әрекетi мен шешiмiн, соттың отырысына қатысушы барлық адамдардың өтiнiштерiн, қарсылықтарын, жауаптарын, түсiнiктемелерiн, сондай-ақ сот отырысының хаттамасында көрсетуге жататын басқа да жағдайларда толық және дұрыс жазуға, сот отырысының хаттамасын осы ҚР Қылмыстық іс жүргізу Кодексінде белгiленген мерзiмде дайындауға, төрағалық етушiнiң заңды өкiмiне бағынуға, жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жарияламауға мiндеттi.
Сот хатшыларының жұмысы сырт көзге қарапайым әрі оңай болып көрінуі мүмкін. Бір қарағанда, сот мәжілісінің хатшылары тараптардың жауаптарын қағазға түсіріп, хаттама жазып, іс құжаттарын реттеп отыратын жәй ғана маман сияқты. Алайда, сотта қаралатын кез келген істің өзіндік қиындықтары мен қатар істі өндіріске дайындау сатылары болады. Мәселен істі сотта қарамас бұрын, онымен танысу, қарау, уақыттарын белгілеу, ұйымдастыру секілді көзге көрінбейтін жұмыстар жетерлік. Сот отырысы хатшысының жұмысы күрделі, көп салалы, сөйте тұра қызықты да. Сот процесінде хатшы елеусіздеу болады, жүріп жатқан істің барысын, сот процесіне қатысушылардың айтқан сөздерін хаттамаға түсіріп қана отыратын сияқты. Алайда, сот процесінің дұрыс ұйымдастырылуы, іс бойынша өзіндік айғақ саналатын сот құжаттарының, сот отырысы хаттамасының дұрыс, нақты, сауатты толтырылуы осы хатшыға байланысты. Хатшы, сонымен қатар, тараптардың сот отырысына келуін қамтамасыз етіп, сот актілері мен басқа да құжаттарды іс жүргізу нұсқаулығына сәйкес сатыларға жолдайды. Маман азаматтармен сыпайы сөйлесіп, шағым тудырмас үшін азаматтардың сауалдарына уақтылы жауап беріп отыруы тиіс.
Әрине, мұнда сот хатшыларына бағыт-бағдар беріп отыратын судьялардың орны бөлек. Мысалы, мен сот саласында жұмыс атқарып, көп тәжірибе жинақтадым. Соттардың жұмыс сапасын мен беделіне нұқсан келмес үшін сот хатшыларының жауапкершілігі жоғары болуы керек. Өйткені, қарапайым хаттамадан бастап, іске қажетті құжаттардың барлығы хатшының қолынан өтеді. Қылмыстық іс қабылданғаннан бастап, үкім шыққанға дейінгі аралықтағы барлық іс жүргізу белгіленген уақытпен реттелетін жұмыс болғандықтан, бәріне үлгеруіміз керек. Басты сот талқылауының хаттамасын жазу да аса жауапкершілік жүктейтін іс, өйткені, хаттаманың мазмұны сот үкіміне тікелей әсер етеді. Әрине, кез келген қызметтің қиындығымен қатар, қызықты жақтары да болады. Мысалы, маған қиын істердің хаттамаларын жазған ұнайды. Әсіресе, тараптардың сотқа дайындықпен келгені, олардың өз дегендерін дәлелдеуге тырысқан тартысты сәттерінен көп нәрсе үйренуге болады. Сот саласындағы қауырт жұмыс та сот хатшыларының көзге көрінбейтін, тынымсыз тірлігінен басталады. Әсіресе, сот отырыстарынан толыққанды хабар беретін, судьяның біліктілігін, еңбегін нақты көрсететін хаттама жазуда үлкен шеберлік керек. Өйткені, қағазға басылған хаттама мұрағаттық жұмыс қана емес, сот жұмысының көрсеткіші, айнасы десек қателеспейміз. Хаттамалардың дер кезінде толтырылып, сауатты жазылуы сот хатшысынан сауаттылықты, тыңғылықты еңбекті талап етеді. Бұрын құжат айналымы, хаттамаларды толтыру қолмен рәсімделіп, кейіннен жазу машинкасында терілетін болса, бүгінде бұл жұмыста ілгерілеу бар, қазір сот мәжілісінің хаттамалары аудио-бейне жазбасы арқылы жазылып дайындалады. Мұндай құрылғылардың тағы бір артықшылығы процесте айтылған сөздерді бұрмалауға, қысқартып тастауға жол берілмейді. Бейне-дыбыс жазбаның болуы жалған айтып, жала жабуға жол бермейді. Судьяның, сотқа қатысушылардың барлық әрекеттері айнадағыдай көрініп, жазба мұрағатта сақталатындықтан, кез келген кілтипанды тексеріп, ненің ақ, ненің қара екенін анықтауда қиындық тумайды. Хаттамада жазылған мәліметтер негізінде сот үкімінің сот талқылауында анықталған деректерге сәйкес жан-жақты қаралғанын, тараптарды тең сөйлете отырып таразыланғанын тексеруге болады.
Судьяның уақытты тиімді пайдаланып, өнімді жұмыс жасауы сот хатшысының біліктілігіне, іскерлігіне, тындырымдылығына тікелей байланысты. Негізінде судья болуға сот жұмысын бес саусағындай білетін, сот істерін жүргізудің қыр-сырын жетік меңгерген мамандардың – сот отырысы хатшыларының мүмкіндіктері көбірек секілді. Мемлекеттік қызметкер мәртебесін қолдап отыру үшін барлық мемлекеттік қызметкерлерге сияқты сот отырысының хатшыларына да қойылатын талаптар әрдайым жоғарылап отырады. Соттың іс жүргізуге қатысты ішкі тәртіптері ішінара өзгеріп отырады. Десек те, сот отырысының хатшылары өз міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарап, мойымастан атқарып келеді. Сот отырысының хатшысы сот жүйесіндегі маңызды буын екендігі сөзсіз.
Гүлмира Рысбаева,
облыс бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді