«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қауіпсіздік пен адам құқықтарының арақатынасы қандай?

Қауіпсіздік пен адам құқықтарының арақатынасы қандай?
Автор
Қазіргі таңда көші-қон үдерістері мемлекеттердің ішкі тұрақтылығына, еңбек нарығына, ұлттық қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін. Қазақстан Республикасы географиялық орналасуына, экономикалық әлеуетіне және аймақтық жүйелендіру байланыстарына қарай шетел азаматтары үшін өткізуші әрі қабылдаушы мемлекет санатында. Осыған орай, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың (бұдан әрі – шетелдіктер) құқықтық мәртебесін айқындау және олардың ел аумағында болу тәртібін заңмен реттеу ерекше маңызға ие.

Елден шығару институты – мемлекеттің аумақтық егемендігін жүзеге асырудың құқықтық нысандарының бірі. Бұл шара бір жағынан көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталса, екінші жағынан адам құқықтарын сақтау талаптарымен шектеледі. Сондықтан аталған мәселені тек әкімшілік жаза ғана емес, кешенді құқықтық құбылыс ретінде қарастыру қажет. Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекет аумағында жүрген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар заңда белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланатынын бекітеді. Бұл – құқықтық теңдік қағидатының көрінісі.

Дегенмен, Конституция мемлекетке ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті және халықтың денсаулығын қорғау мақсатында белгілі бір шектеулер енгізу құқығын да береді. Айта кету керек, шетелдіктерді елден шығару мәселесі бірнеше нормативтік актілермен реттеледі: «Халықтың көшіқоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңы; Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі; Қылмыстық кодекс (жазаны өтеумен байланысты жағдайларда); Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі; халықаралық шарттар мен конвенциялар. Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды елден шығару негіздері әртүрлі болуы мүмкін. Оларды шартты түрде бірнеше топқа бөлуге болады. Ең жиі кездесетін негіздердің бірі – Қазақстан аумағында болу ережелерін бұзу. Бұған мыналар жатады: тіркеу мерзімін өткізіп алу, визалық режим талаптарын сақтамау, еңбек қызметін заңсыз жүзеге асыру, уақытша болу мерзімін асырып жіберу. Мұндай жағдайларда сот әкімшілік жаза ретінде айыппұл салумен қатар, елден шығару туралы шешім қабылдауы мүмкін.

Кейде бұл шешім белгілі бір мерзімге Қазақстан Республикасына кіруге тыйым салумен қатар жүреді. Егер шетел азаматының әрекеттері экстремизмге, терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа немесе өзге де қоғамдық қауіпті әрекеттерге байланысты болса, мемлекет оның аумақта болуын шектеуге құқылы. Бұл жағдайда шығару шарасы қауіптің алдын алу мақсатында қолданылады. Шетел азаматы сот үкімімен қылмыстық жазаға тартылып, жазасын өтегеннен кейін елден шығарылуы мүмкін. Мұндай шешім көбіне сот үкімінің қарар бөлігінде көрсетіледі. Азаматтығы жоқ тұлғаларға қатысты елден шығару күрделі сипат алады, өйткені оларды қабылдайтын мемлекетті анықтау мәселесі туындайды. Бұл ретте халықаралық құқық нормалары мен екіжақты келісімдер ескеріледі. Елден шығару – сот тәртібімен қаралатын іс.

Бұл әкімшілік сот өндірісі мен азаматтық сот өндірісі шеңберінде жүзеге асырылады. Істі қарау барысында сот: құқық бұзушылық фактісін, тұлғаның кінәсін, құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлығын, тұлғаның отбасылық және әлеуметтік жағдайын, Қазақстан аумағындағы байланыстарын зерттейді. Тұлғаға мынадай құқықтар беріледі: адвокат көмегін пайдалану, аудармашы қызметін алу, дәлелдемелер ұсыну, сот актісіне шағымдану. Сот актісін орындау ішкі істер органдарына жүктеледі. Атқарушылық кезеңде көші-қон қызметі мен ішкі істер органдары шараларды ұйымдастырады. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодекстің (бұдан әрі -АПК) 49-тарауы шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды елден шығару институтын соттық рәсім шеңберінде қарастыра отырып, мемлекеттік мәжбүрлеу шарасына құқықтық заңды мәртебе береді. Бұл нормалар мемлекеттің көші-қон саясатын жүзеге асыру құқығы мен тұлғаның негізгі құқықтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Біріншіден, аталған тарау елден шығару мәселесін әкімшілік органның біржақты шешімінен алып, сот бақылауына бағындырады. Бұл – құқықтық мемлекет қағидатының көрінісі. Соттың араласуы азаматтың немесе шетелдіктің құқықтарын негізсіз шектеудің алдын алады.

Екіншіден, дәлелдемелерге қойылатын талаптар мен тұлғаның міндетті қатысуы – әділ сот талқылауының негізгі кепілдіктері. Шетелдік өз пікірін білдіруге, дәлел ұсынуға және құқықтық көмек алуға құқылы. Бұл нормалар халықаралық құқықтағы әділ сот талаптарымен үйлеседі.

Үшіншіден, шешімнің дереу заңды күшіне енуі мен шағымдану мүмкіндігінің қатар көзделуі – жеделдік пен құқықтық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтайды. Бір жағынан, мемлекет құқықтық тәртіпті тез қалпына келтіреді; екінші жағынан, тұлғаға апелляциялық қорғану құқығы беріледі.

Төртіншіден, бұл тарауда сот нақты мәнжайларды зерттемейінше, елден шығару туралы шешім қабылдай алмайды. Демек, әрбір іс жеке бағаланады. Мысалы, Ресей Федерациясының азаматы Ч. Қазақстан Республикасының аумағында туғаннан бері тұрып келеді, алайда оның Қазақстанда тұруға рұқсат беретін құжаттары болмаған. Іс материалдары бойынша ол Қазақстан Республикасының заңнамасын бірнеше рет бұзған.

Сонымен қатар 2018 жылы ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталған. Кейін пробациялық бақылау талаптарын жүйелі түрде бұзғаны үшін соттың қаулысымен бұл жаза бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған. Осы мән-жайларға байланысты Қарағанды облысы Полиция департаменті сотқа Ресей азаматын Қазақстан Республикасының аумағынан шығару туралы өтінішпен жүгінген. Сот отырысында азамат Ч. өзін елден шығармауды сұрап, Қазақстанда отбасы тұратынын және рұқсат алуға құжат жинап жүргенін айтқан.

Алайда сот оның Қазақстан Республикасының заңнамасын бірнеше рет бұзғанын, тұрақты тіркеуі мен тұруға рұқсаты жоқ екенін ескере отырып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында оны Қазақстан Республикасының аумағынан шығару туралы шешім қабылдаған. Жалпы алғанда, АПК-нің 49-тарауы елден шығару институтын тек репрессивтік шара ретінде емес, құқықтық рәсімдермен шектелген, сот бақылауымен қамтамасыз етілген құқықтық механизм ретінде сипаттайды. Бұл нормалардың тиімді қолданылуы Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы мемлекеттік мүдделері мен адам құқықтарын қорғау арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы адам құқықтары саласындағы бірқатар халықаралық шарттарға қосылған. Сондықтан елден шығару рәсімінде халықаралық нормалар сақталуға тиіс. Маңызды қағидаттардың бірі – қудалау қаупі бар мемлекетке қайтармау. Егер тұлға өз еліне қайтарылған жағдайда өміріне, бостандығына немесе қауіпсіздігіне нақты қатер бар екенін дәлелдесе, бұл мән-жай міндетті түрде ескеріледі. Сонымен қатар отбасы бірлігін сақтау мәселесі де маңызды. Егер тұлғаның жұбайы немесе балалары Қазақстан азаматтары болса, сот теңдік қағидатын басшылыққа ала отырып шешім қабылдауы қажет.

Құқық қолдану тәжірибесі елден шығару институтын жүзеге асыру барысында бірқатар нақты қиындықтардың туындайтынын көрсетеді. Атап айтқанда, тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттарының болмауы немесе азаматтығын анықтау мүмкін еместігі, қабылдаушы мемлекеттің оны қабылдаудан бас тартуы, сот шешімдерін орындаудың ұзаққа созылуы атқарушылық кезеңнің тиімділігін төмендетеді. Сонымен қатар кей жағдайларда құқық бұзушылықты формалды бағалау барысында тұлғаның отбасы жағдайы, әлеуметтік байланыстары мен гуманитарлық мән-жайлары жеткілікті деңгейде ескерілмеуі мүмкін. Мұндай тәсіл теңдік қағидатына қайшы келу қаупін туындатады, сондықтан соттар әрбір істі жеке бағалап, мемлекеттік мүдде мен адамның негізгі құқықтары арасындағы теңгерімді сақтауы тиіс.

Қазақстан Республикасынан тыс жерге шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды елден шығару институты – мемлекеттің көші-қон саясатын жүзеге асырудың және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды құқықтық тетігі болып табылады. Бұл институт мемлекеттің аумақтық егемендігін, ұлттық қауіпсіздігін және қоғамдық тұрақтылығын қорғауға бағытталғанымен, оны қолдану адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау талаптарымен тығыз байланыста жүзеге асырылуға тиіс.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодекстің 49-тарауы (382–386-баптар) елден шығару рәсімін соттық бақылауға бағындыру арқылы аталған институтқа құқықтық баға береді. Арызды уәкілетті органның сотқа беруі, дәлелдемелерді ұсыну міндеті, істің қысқа мерзімде және тұлғаның міндетті қатысуымен қаралуы, сондайақ шағымдану мүмкіндігінің көзделуі – мұның барлығы әділ сот талқылауы қағидатының нақты көрінісі. Осылайша, елден шығару мәселесі атқарушы биліктің біржақты шешімі ретінде емес, соттың бағалауынан өтетін процессуалдық рәсім ретінде қарастырылады.

Сонымен қатар құқық қолдану тәжірибесі бұл институтты іске асыру барысында белгілі бір практикалық және әлеуметтік мәселелердің туындайтынын көрсетеді. Жеке адамның құқықтық жағдайын нақтылау, оны қабылдайтын мемлекетті анықтау, сот шешімдерін уақтылы әрі тиімді орындау және қолданылатын шараның құқық бұзушылыққа сай болуын қамтамасыз ету – осы саладағы басты мәселелер болып қала береді. Әсіресе құқық бұзушылықтың тек рәсімдік сипаты мен оның шын мәніндегі қоғамдық қауіптілік деңгейінің өзара байланысы соттар тарапынан мұқият әрі жан-жақты бағалануы тиіс.

Осыған байланысты заңнаманы жетілдіру сот практикасының бір ізділігін қалыптастырумен, процессуалдық кепілдіктерді нақтылаумен, халықаралық құқық талаптарын ұлттық құқыққа тиімді жүзеге асырумен және көші-қон саласындағы құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтумен ұштасуы тиіс. Құқықтық мемлекет жағдайында шетелдіктерді елден шығару институтының нәтижелілігі тек мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етуімен шектелмейді. Оның шынайы бағасы биліктің заңдылықты сақтауына, әділ шешім қабылдауына және адам құқықтарын құрметтеуіне байланысты айқындалады.

Қауіпсіздік талаптары мен жеке тұлғаның негізгі құқықтары арасында үйлесімді тепе-теңдік сақталған кезде ғана бұл институт құқықтық тәртіптің тұрақтылығын нығайтатын әрі халықаралық талаптарға сай келетін тиімді құқықтық құрал ретінде қызмет ете алады.

 

Меруерт УӘЛИХАНОВА

Қазақстан Республикасы Жоғары сот кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранты.

Ұқсас жаңалықтар