«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Синтетикалық есірткі таратқан әйел қолға түсті

Синтетикалық есірткі таратқан әйел қолға түсті
Автор
Тараз қаласында синтетикалық есірткі заттарын жасырын таратып келген күдікті әйел ұсталды. Облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 43 жастағы азаматша құрықталды.

Жеке тінту барысында күдіктіден өзіне тән иісі бар ақ түсті ұнтақ зат салынған бірнеше зип-пакет тәркіленді. Сонымен қатар оның тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту кезінде жатын бөлмесінен дәл осындай орамалар, электронды таразы және есірткіні өлшеп, орауға арналған өзге де құралдар табылған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, әйел әлеуметтік желілер арқылы жарияланған жұмыс туралы хабарландыруға тап болып, кейін есірткі заттарын таратуға қатысты заңсыз әрекетке келісім берген. Ол жасырын орындардан есірткіні алып, оны ұсақтап орау және Алматы мен Тараз қалалары аумағында арнайы белгіленген «жасырын орындарға» қалдыру міндетін атқарған. Жалпы алғанда, күдіктіден 122 грамм 86 миллиграмм көлемінде «Альфа-PVP» синтетикалық есірткісі тәркіленді. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Қазіргі таңда күдікті Тараз қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тиісті органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қылмысқа қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды белгілеу бағытында кешенді тергеу жұмыстарын жалғастыруда. Құқық қорғау органдары азаматтарды күмәнді ұсыныстардан сақ болуға, әсіресе әлеуметтік желілер арқылы ұсынылатын жеңіл табыс көздеріне сын көзбен қарауға шақырады.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар