Астанада Ұлттық академиялық кітапханада Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен заманымыздың заңғар жазушысы, түркі әлемінің біртуар тұлғасы Шыңғыс Айтматовтың туғанына 90 жылдығы атап өтілді.
«Айтматов тағылымы» атты тақырыппен бас қосқан шараға елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, сонымен қатар Қырғызстан Республикасының танымал ғалымдары және аталмыш елдегі саяси белсенділігі жоғары ресми тұлғалар: республиканың Жоғары Кеңес депутаттары, есімі елге әйгілі өнер тарландары келіп қатысты.
Мәртебелі жиынға ұйытқы болып отырған Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі, бұл жолғы басқосудың рухани мәні терең екендігіне тоқталып, тіптен бұл отырысты қазақ-қырғыз зиялыларының бейресми форумы деп атауға боларлық дүние деген өзекжарды пікірін тебіреніспен жеткізді.
Расында, Академия басшысы айтқандай, аталмыш шараның тарихи маңызының артуына бір себеп, Қырғыз Республикасы Парламенті, Жоғарғы Кеңесіне әр кездері скиперлік жасаған үш тұлға келіп қатысуы болса, екінші маңызы – Қырғыз елінің бұрынғы Мемлекеттік xатшысы, профессор Осмонакун Ибраимовтың Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен шығарған «Айтматов. Последний писатель империи» атты кітабының тұсауы кесілуі. Сонымен бірге көпшілік назарына қырғыз режиссері Артықбай Сүйүндүковтың «Айтматов» атты деректі фильмі көрсетілді.
Басқосудың ресми сөзін жолдаған Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева, аталып өтіп жатқан шара түркі дүниесіне ортақ заңғар жазушы Айтматовқа арналуы құптарлық оқиға дей келе, Алатаудың қос қапталын жайлап жатқан екі халықтың ғасырдан ғасырға жалғасқан достығы нығая берсін деген шынайы тілегін айтып, тұсауы кесіліп отырған кітап болашақта «Айтматовтанушылар» үшін құнды еңбек боларына сенім білдірді. «Терең философиялық мағына бар Айтматов туындыларының түпкі идеясы еліміздегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндесіп жатыр. Заңғар тұлғаны ұлықтау арқылы біз бауырлас қырғыз халқына құрметімізді көрсетеміз. Елбасы айтқандай біз тағдыр қосқан халықпыз, жиын төрінде отырған зиялы ағалар қос тараптың бірлігіне ұйытқы болу керек» деп сөзін түйіндеген Аида Ғалымқызы осындай бірлікке бастайтын жасампаз іс атқарып отырған Академия ұжымына алғыс білдірді.
Одан кейін келелі басқосудың мәртебелі қонағы ретінде сөз алған ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров, Шыңғыс ағаның артында қалдырған мұрасы мен мұрағаты, ғибраты мен өсиеті, аңызға айналған бейнесіне деген сағыныш бәрімізді осындай салиқалы жиында бас қостырып отыр десе, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді Алатауды асып келген қырғыз бауырларға қарата, «екі халық ұқсас: бізде – кеңдік, сенде – биіктік бар» деген аталы сөзін жолдап, жоғарыда көрсетілген Айтматов туралы А.Сүйүндүков түсірген деректі фильмге «ғасыр оқиғасын бес минутқа сыйдырған туынды» деп, баға берді.
Өз кезегінде пікір білдерген Қырғыз Республикасы Парламенті, Жоғарғы Кеңестің экс-төрағасы, мемлекет қайраткері, саяси ғылымдар докторы, профессор Медетхан Шеримқұлов өз сөзін: – Шыңғыс біздің – символымыз, – деген мақтанышпен бастап, Шықаңның 90 жылдық тойы Астана төрінде басталуы «қазақ-қырғыз бір туған» дейтін тәмсілдің өмірдегі нақты көрінісі һәм айқын айғағы дей келе, туысқан екі халықтың арасына ши жүгіртуге құмарлар болса, ол саяси қателік екенін көпшілікке ескертті.
Мұндай маңызды отырыстың рухани салмағына баланып жүрген қадірлі қайраткер ағамыз Мырзатай Жолдасбеков, қырғыз бен қазақтың тілі де, жыры да, діні де, ділі де бір халық, ал қан жағынан атам заманнан нағашылы-жиенді жұртпыз, кезінде Манас жырын хатқа түсірген Шоқан болса, оны қорғаған Әуезов, бұл оқиға біздің тарихи тамырымыздың тереңдігіне айғақ. «Бізді таулар бөліп тұрса да, жаулар бөліп тұрмасын» деп баталы тілегін жолдаса, атақты жыршы, Қырғыз Республикасының халық артисі, төкпе ақын Замирбек Үсөнбаев екі халықтың көне сүрлеуінен із тарта келіп: «Ғылымда бірге жүргенбіз, Ғаламда тату жүрейік» деп жыр толғады. Одан кейін қазақ ақыны манасшы-жыршы Баянғали Әлімжанов қырғыз бауырларымызға «Он сегіз мың ғаламда, Еркелігіңді көтерер қазақтан басқа кімің бар...» деп наз тастады.
Сонымен қатар жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағының басшысы ақын Ұлықбек Есдәулетов, Қырғыз Республикасы Парламенті, Жоғарғы Кеңесінің экс-төрағасы, академик Абдығани Еркебаев, 1968 жылы «Асудағы атыс» (кейін «Қараш-қараш оқиғасы») фильмін түсіген КСРО Халық артисі, кинорежиссер Болотбек Шамшиев, Қырғыз Республикасы Парламенті, Жоғарғы Кеңесінің экс-төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, алаштанушы-профессор Зайнидин Курманов, Э. Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Төлөбек Абдыракманов бастатқан тұлғалар ой пікірлерімен бөлісті.
Жиынның қорытынды сәтінде елордалық қаламгерлер атынан сөз алған астаналық ақын Қалқаман Сарин болашақта жас әдебиетшілерді көтермелеу мақсатында Айтматов атындағы сыйлық тағайындаудың уақыты жетті деген ұсынысын атты.
Бектас БЕКНАЗАРОВ, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары:
– Қазақтың рухани әлемі Шыңғысты «Адамзатың Айтматовы» деп мақтан тұтады. Бәйдібек бабамыз: «Бәйтеректің қуаты – тамырында, Дарияның қуаты – ағынында» деген екен. Дәуірдің ұлы қаламгері Шықаңның да шығармалары бәйтеректің тамырынан нәр алатын әрбір жапырағындай, оқырманның жан дүниесін нұрға толтырады. Сонымен қатар Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың достығы, шығармашылық бауырластығы болашаққа үлгі. Халқымыз «Таудың биіктігі алыстаған сайын байқалады» дегеніндей, Айтматов тұлғасы уақыт өткен сайын биіктей берері ақиқат. Әзербайжан ақыны Вахабзаденің «Ұлылар бір жерде туып, мың жерде өледі» дегені сияқты, заңғар жазушының 90 жылдығы бұрынғы Кеңестер Одағы құрамында болған бауырлас халықтардың бәрінде атап өтілсе, ұлы тұлғаның рухы өзі бауырында туған Алатаудай биіктей берер еді.
Садык ШЕРНИЯЗ, Қырғыз Республикасы Парламенті, Жоғарғы Кеңес депутаты:
– Өз атымнан әуелі, түркі дүниесін түгендеуге атсалысып жүрген беделді ұйым Халықаралық Түркі академиясы ұжымына алғысымды білдіремін. Ал бүгінгі бас қосуды «қазақ-қырғыздың рухани тоғысы» деп атағанды жөн көріп отырмын. Өткен жылы біздің елде жаңадан басшы сайланып, ол кісі Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен ресми кездесуі, бұл оқиғаның екі ел арасындағы ынтамақ-бірліктің байырғы бастауына жаңа із салуы бізді қуантып отыр. Қазақстан Президенті көршілермен тату болудың қаншалықты маңызды екенін өте терең білетін, «Бетеге кетсе бел қаларын, бектер кетсе ел қаларын» әлдеқашан түсінген адам. Осы орайда, екі ел басшыларының татулық саясатын нығайтатын мына біздер, бүгіні жиынға шақырылған зиялы қауым өкілдері. Яғни, Сүйінбай мен Қатаған, Жамбыл мен Тоқтағұл, Шыңғыс пен Мұхтар қалаған сүрлеуді сақтауымыз керек.
Каныбек ИМАНӘЛИЕВ, Қырғыз Республикасы Парламенті, Жоғарғы Кеңес депутаты:
– Шыңғыс Айтматов бірінші болып мәңгүрттікке қарсы күрескен жазушы. Бұл дегенміз – екі елдің тағдырын жырлау. Екі елдің достығын Шыңғыстай биікке көтерген тұлға аз. Және бұл Шекспирдің деңгейіндегі трагедия, Шекспирдің деңгейіндегі сүю! Шыңғыстың шығармасы мың қабат, жан-жақты. Мысалы, «Қош бол, Гүлсарыдағы» Гүлсарыны жылқы деп қана түсінсек қателесеміз. Ол – кеңес үкіметі. Ұрандатқан ғұмыры қысқа идеология, мән-мағынасыз өмір кешу, аяғында пішіліп, арықтап өлген Гүлсары секілді құритыны айтылып тұрған жоқ па? Міне, азаттық жолы арзанға келмейді. Шыңғыс шығармаларында ұлттың сана еркіндігі және өзінің ата жолы айқын көрініп жатады. Сөзімнің соңында айтарым қырғыз бен қазақ барда Шыңғыс есімі әр дәйім биікте болмақ.
Османакун ИБРАИМОВ, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, «Айтматов. Последний писатель империи» кітабының авторы:
– Бүгін елорда төрінде тұсауы кесіліп отырған «Айтматов. Последний писатель империи» атты туынды менің ұзақ жылғы ізденісім нәтижесінде жазылған дүние. Өйткені, Шыңғыс ағамен көп жыл дәмдес, тұздас жүрдім. Егер де Халықаралық Түркі академиясы тарапынан осындай кітап жазыңыз деген ұсыныс болмағанда бұл шығарманың өмірге келмеуі де мүмкін еді. Туындының мазмұнына тоқталар болсам кітап бастан-аяқ Шыңғыс Айтматовтың өмір-тарихы мен шығармашылығына қатысты деректі көркем образдардың жиынтығы іспеттес. Әсіресе, жазушының бұрын-соңды жұртқа белгісіз тұрмысындағы қалтарыстар, бала кезінде, өмірінің соңына таман басынан өткен қиыншылықтары, нақтырақ айтқанда, КСРО-ның халық артисi, Қырғыз елiнiң Тоқтоғұл атындағы Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты атақты биші Бибисара Бейшеналиевамен арадағы сүйіспеншілік қатынастары жайлы алғаш рет баяндалып отыр. Қазақ оқырмандары үшін айтатын екінші бір жаңалығым – бұл кітап кешікпей «ЖЗЛ» сериясымен Мәскеуде жарық көретін болды. Дереккөз: egemen.kz
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді