Агроөнеркәсіптік кешенді өркендету мен әртараптандыру өңір дихандары үшін де басты бағыт. «Көктемнің бір күні жылға азық» демекші, олар гектар берекелілігін арттырып, уақытты ұтымды пайдалану үшін барын сала іс-әрекет жүргізуде. Әрине, осындай қарқынды жұмыстардың нәтижесі де табысты болары анық. Айта кету керек, бүгінде елімізде , оның ішінде өңірімізде мал азықтық дақылдарды көптеп егуге басымдық берілуде.
– Биыл оның көлемі айтарлықтай ұлғайтылып отыр, – дейді бұл тұрғыда облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев. – Мал шаруашылығын дамыту, әсіресе мол әрі сапалы ет экспортын қалыптастыру үшін ең алдымен құрама жем өндірісін жүйелеу қажет-ақ. Басымдыққа ие өнімдер қатарында мал азықтық дақыл түрлерінің көбейтілуі де содан. Жасыратыны жоқ, бүгінде өзімізде өндірілетін әлеуметтік маңызы бар қант өнімдерімен ел тұрғындарын қамтамасыз ету ісі өте төменгі деңгейде қалып отыр. Бірқатар халықаралық ұйымдардың негіздеуінше, қай-қай мемлекет болсын өздерінде өндірілетін тағамдармен халқының ең кемінде 20-25 пайызын қамтамасыз етуі керек. Сонда ғана ұлт қауіпсіздігі сақталуына кепілдік бар. Біздің елімізде қазір бұл көрсеткіш 10 пайыз көлемінде екен. Қант өніміне байланысты. Мұның алдындағы жылдары 2-3 пайыз ғана болған. Соңғы екі жылда 7-8 пайызға ұлғайып отыр. Ал облыс бойынша осы өнім түрімен тұрғындардың 30-40 пайызын қамтамасыз ету әлеуетіне иеміз. Бұл қолдаудың, көмектің молдығынан. Субсидия былтыр қант қызылшасы өнімінің тоннасына 10 мың теңге көлемінде ұсынылған болса, биыл оның көлемі 12 мың теңгеге ұлғайтылды. Одан бөлек облыс әкімі тауар өндірушілердің талап тілегін ескеріп, жергілікті жердегі қант зауыттары басшыларымен қант қызылшасын қабылдау бағасын көтеруге тапсырма берді. Ендігі жерде Жуалы, Шу, Қордай секілді зауыттан едәуір қашықтағы аудандардан жеткізілер өнімдерді қабылдау құнына әр килосы үшін 1 теңгеден қосылатын болады. Яғни бұл аудандар шаруаларына өткізген өнімінің килосына қант зауыты 9, ал мемлекет субсидия түрінде 12 теңге төлейді. Бұл баға биылдан бастап қолданысқа енгізілмек. Әлемдік нарықта, сондай-ақ ішкі сұранысқа ие өсімдік майларын өзімізде өндіру азық-түлік өнімдері қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір ықпалды тетігі екені белгілі. Сондықтан өңірімізде өсірілетін мақсары, соя (қытай бұршағы), зығыр секілді өсімдік майы егістігінің үлесін көбейту, оларды өңдеу, ұқсату ісі де жандандырылмақ. Көкөністі де өзімізде көптеп өсіру қашанғыдай маңызды. Жалпы егіс алқабы биыл былтырғыдан үш пайызға, 19 мың гектарға ұлғайтылды. Айта кету керек, соңғы жылдары өңірімізде ауа райының қолайлылығы байқалуда. Сондай-ақ субсидияға, лизингке техникалар көптеп алынып, салаға жаңа технологиялар көптеп енгізілуде. Соның арқасында агроөндірістік кешеннің техникалық паркі біршама жаңарып қалды. Жаңа техникалар кідіріссіз іске қосылуынан уақтысында жерді айдап, дән сеуіп, уақтылы жинап алсақ оның несі жаман? Мұның жалпы еңбек өндірімділігіне қосатын үлесі мол. Облыста ауыл шаруашылығы техникаларының жаңартылу пайызы былтыр 4,5 пайызды құрады. Биыл бұл көрсеткішті 5 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл республикалық орта көрсеткіштен екі еседей жоғары. Жаздық масақты дақылдар егу жоғары қарқынмен жүргізілу үстінде. Айта кету керек, ақ егіс былтыр осы мезгілде 56 мың 170 гектар алқапқа егілсе, биылғы көрсеткіш одан екі еседей артық көлемде – 119 мың 145 гектарға орындалып отыр. Бұл да жоғарыда айтып өткеніміздей, техникалардың жаңартылуының жемісі. Өткен аптаның жұмасы күнгі мәліметке сәйкес, жаздық масақты дақылдар бойынша дән себу жұмыстарының орындалуы 77,1 пайызды құрады. Науқан қызу жалғасуда. – «Егінші мәрт, жер жомарт» қой қашанда. Дегенмен дихандардың өсімдік зиянкестерінен қауіптенетін де жөндері бар. Шегірткеден қорқып, егін екпей және отыра алмайды. Өңірімізде саяқ шегірткелерге қарсы күрес шаралары биыл қалай ұйымдастырылмақ? – «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» облыстық филиалының анықтауымен былтыр 7 200 гектар егістік алқабына тиісінше химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген болатын. Биыл бұл көлем екі есеге өсіп,14 000 гектарға жетіп отыр. Оған қажетті қаражат қарастырылған. Мемлекеттік сатып алу ісі қорытындысында жеңімпаз деп танылған қызмет көрсетуді жеткізуші тұлғамен шартқа отырып, химиялық өңдеу жұмыстарын бастап та кеттік. – Жуырда облыстық әкімдікте өткен кеңесте тиімді цифрлық технологияның бірі – өңірімізде жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесін кеңінен енгізу жайы қаралып, талқыланғаны белгілі. Бұл істің жүзеге асырылуы жайы қалай? – «Геопортал» жүйесін құруға байланысты аудан әкімдері мен тиісті мекемелер басшыларына тапсырма беріліп, қаражат қарастырылуда. Ендігі жерде «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының геосервис орталығымен келісімшартқа отырып, қызметін алу арқылы өңіріміздегі жердің игерілуі, нысаналы мақсатына пайдаланылуы, дақылдардың өну көрсеткішін, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу, апаттардың орын алу себеп-салдарларын автоматты түрде анықтап, зерделеуге мүмкіндік тумақ. Осы орайда айта кетейін, биыл облыс бойынша жаздық масақты дақыл 154 451, майлы дақыл 95 256, картоп 9179, көпжылдық шөп 27 110, көкөніс 28 130, бақша дақылдары 11372 гектар алқапқа орналастырылатын болады. Бүгінде барлық дақылдар түрі егілу үстінде.
Баймаханбет АХМЕТ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді