«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әлеуметтің әлеуетін арттыратын бастамалар

Әлеуметтің әлеуетін арттыратын бастамалар
ашық дереккөз
Әлеуметтің әлеуетін арттыратын бастамалар

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өңіріміздегі іссапарын облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен бірге іргесі қаланып жатқан 15-мөлтек аудандағы құрылыс жұмыстарымен танысудан бастады. Ы.Сүлейменов көшесінің соңына таман орын тепкен жаңа шағын ауданның жобасымен қала әкімі Рүстем Дәулет пен оның орынбасарлары егжей-тегжейлі таныстырды.

Баспана – бақыт шамы

Олар жаңа аудан алдағы уақытта шаһар шырайын арттырып, тұрғындарға жайлылық сыйлайтынын айтады. Жоспар бойынша болашақта онда 9 мыңға жуық отбасын пәтермен қамтитын 784 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтереді деп күтілуде. Сондай-ақ 6 балабақша, 6 мектеп және емхана, мешіт, сауда орындары мен ойын-сауық орталықтарын салу да жоспарда бар екен. Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша барлығы сегіз жүз пәтерлі он тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Мердігерлер бұл нысандарды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтайтындықтарын жеткізді. Мәулен Әшімбаев Елбасының «7-20-25» бағдарламасы бойынша да баспананың қолжетімділігін жақсарту қажеттігін назарға алды. – Наурыз айының басында Елбасы бес әлеуметтік бастамасын жариялап, ел дамуының жаңа бағыт-бағдарын айқындап берген болатын. Соған орай аталған құжаттың жүзеге асырылу барысын бақылауды «Нұр Отан» партиясына тапсырды. Бұған дейін де Президент еліміздің басты саяси күшіне маңызды мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына үнемі мониторинг жүргізуді жүктегені белгілі. Мемлекет басшысының игі бастамалары мен тапсырмаларын табысты жүзеге асыруда Жамбыл облысы еліміз бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді. Мәселен өткен жылы өңірде пайдалануға берілген баспана көрсеткіші 24,9 пайызды құрады. Сол арқылы облыс бұл бағыт бойынша алдыңғы лектен көрінді. Енді жаңа мөлтек ауданның жұмысын жандандыра түссеңіздер, тіпті жоғары көрсеткішке қол жеткізесіздер деп ойлаймын. Облысқа әкім болып келген Асқар Мырзахметов – өте тәжірибелі басшы. Бұл жұмыстардың ойдағыдай атқарылуына барынша ықпал ететініне сенімдімін, – деген партия Төрағасының бірінші орынбасары құрылыс басындағы жұмысшыларға сәттілік тіледі. Ел ахуалын екшеген жиын

Осы күні Мәулен Әшімбаев партияның облыстық филиалының кезектен тыс XXI конференциясына қатысып, ұйым алдында тұрған басым бағыттарды пысықтады. Жиынды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев ашып, жүргізіп отырды. Басқосуда сөз алған Мәулен Сағатханұлы партияның негізгі міндеттеріне тоқталып, атқарылған шаруалар мен алдағы жоспарларды баяндады. Елбасының бес әлеуметтік бастамасы халықтың әлеуетін көтеруге арналғанын, ондағы міндеттерді жүзеге асыру барысы бүгіннен қолға алынып жатқанын тілге тиек етті. – Бүкіл әлем бойынша мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар кейінге шегеріліп, үкіметтер бұрынғы міндеттерінен бас тартып жатқан аумалы-төкпелі шақта Мемлекет басшысы осындай батыл бастамаларды қолға алып отыр. Елбасы кезекті рет Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайы әрдайым басым бағыт болып саналатынын іс жүзінде дәлелдеді. Тіпті экономикалық жағдайдың еңсе түсірген кезінде де халықтың мүддесі жалпыұлттық күн тәртібіндегі басты мәселе болып қала берді. Осы ретте жаңа бағдарламаны шын мәнінде бірегей етіп, маңызын арттырған бірнеше бөлімін атап өткім келеді. Ең алдымен, бұл құжат дер кезінде қолға алынғанына ерекше назар аударған жөн. Мәселен, әлі күнге дейін жүз мыңдаған қазақстандық отбасылар үшін баспана мәселесі өзекті күйінде. Енді жаңа «7-20-25» бағдарламасы арқылы көптеген отандасымызға айтарлықтай тиімді ипотекалық займ алуға мүмкіндік тумақ. Бұл бағдарламаны сәтті жүзеге асыра білсек, әлеуметтік ахуал ғана жақсарып қоймай, тұрғын үй құрылысының дамуына, экономиканың өсуіне, жұмыс орындарының ашылуына және жеке кәсіппен айналысудың жаңа мүмкіндіктеріне тың серпін беріледі.

Салық жүктемесін төмендету бастамасы да халыққа әлеуметтік қолдау көрсетудің тиімді тетігі. Мемлекеттің салықты көтермей, керісінше салыстырмалы түрде жалақысы төмен азаматтардың жағдайына түсіністікпен қарауы – үлгі боларлық жайттардың бірі. Елбасының жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бастамасы – стратегиялық қадам. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында елімізге жоғары білікті инженерлер мен ақпараттық технология және робот техникасы саласының мамандары қажет. Бұл – адам ресурстарына қосылған үлес және жарқын болашаққа салынған инвестиция, – деді М.Әшібаев. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Елбасы бастамалары, әсіресе жастардың жарқын болашағына арналғанын жеткізіп, жуырда ғана Астана қаласында өткен «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының IV съезі жөнінде әңгімеледі. Заманауи трендтер мен технологиялар кеңінен қолданылған бұл ауқымды іс-шараның басты ерекшелігі мүлдем жаңа форматта, тың бағытта өткенін, оған жамбылдық жалынды жастар да атсалысқанын жақсы бағалады. Конференцияның күн тәртібіне сай, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағалығына облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің кандидатурасы ұсынылып, бірауыздан сайланды. Сондай-ақ өзіне артылған сенім үшін алғысын жеткізген Асқар Исабекұлы алдағы уақытта Елбасы тапсырмаларын, мемлекеттік бағдарламаларды орындауда, өңірдің өркендеуі жолында партиямен бірлесе отырып көптеген жетістіктерге жетуге тырысатынын жеткізді. Жарыссөз кезегінде сөз алған республикалық «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, облыстық мәслихаттың депутаты, «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров және өзгелер еліміз бен өңірдегі өрелі істердегі партияның ықпалын айрықша атап, облыстық филиалдың жаңа төрағасына сәттілік тіледі. Жасотандықтарға артылар үміт көп

Жуырда ғана елорда төрінде «Жас Отан» жастар қанатының ІV съезі өткені белгілі. Прагматикалық көзқарас жастардың санасын серпілтіп, рухани күш бергені осы басқосуда айқын аңғарылған еді. Алдымен назар аудартқаны – жиын форматының өзгергені. Гала-форумнан басталған съезд 5 бағыттағы сессия жұмыстарында жалғасып, онда жастар саясатына қатысты мәселелер кеңінен талқыланған болатын. Өңірімізге келген жұмыс сапарында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жамбылдық жастармен кездесіп, жоғарыдағы алқалы жиын қорытындысы бойынша қабылданған шешімдерді сөз етті. Содан соң қолға алынған бастамалар туралы әңгімеледі. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде өткен шара да еркін форматта өткенін айтуымыз керек. Барьерсіз диалог алаңы жасотандықтарға көкейдегі сауалдарын қойып, өтініш-ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік берді. Жиынды ашып, жүргізіп отырған университет ректоры Дария Қожамжарова «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша әлем елдерінде бірнеше тілде жарық көрген 18 оқулықтың мемлекеттік тілге аударылуы – өскелең ұрпаққа сапалы білім беру бағытында жасалған үлкен қадам болғанын, бүгінгі кездесудің өзі кейінгі толқынға көрсетіліп отырған қолдаулардың бір көрінісі екенін айтып өтті. Иә, мемлекет тарапынан өскелең ұрпаққа көп қолдау көрсетілуде. Ал олардан күтілетіні – жастық жігермен ауқымды бастамаларды бірлесе атқару. Мәулен Сағатханұлы Елбасының мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда партияның Жастар қанатына үлкен сенім артып отырғанын жеткізіп, кейінгі толқынды осы қамқорлықты тек тұтынушы ретінде қабылдамай, елдік істер – Президенттің бес бастамасы, «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын жүзеге асыруда қуатты күшке айналу үшін бірлесе еңбек етуге шақырды. Ол үшін асқақ арманға қол созу қажеттігін, жасотандықтарға биік мақсат-мұраттарға ұмтылып, тынымсыз іздену керектігін ескертті. Жиында облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы өңірлік филиалының төрағасы Асқар Мырзахметов жас толқынға өлкенің мол тарихын елге танытып, білікті маман атанып, облыстың экономикасын дамытуға ұмтылдырды. Сондай-ақ кездесуде «Жас Отан» жастар қанатының ІV съезінің делегаты, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожа пікір білдіріп, бірнеше ұсынысын жеткізді.

Жаңа идеялар мен жобалар істі ілгерілетеді

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы өңіріміздегі көптеген жаңа идеялар мен жобалардың туындауына түрткі болған еді. Өткен жылы «Достық» үйінде бағдарламаның негізгі 4 бағытын жүзеге асыру мақсатында өңірлік жобалық офистің интерактивті алаңдары ашылды. Алаңдар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, онда электронды форматта интерактивті табло және киоскілер жұмыс істей бастаған. Мәселен «Тәрбие және білім» алаңшасында оқушылардың интеллектуалдық зейінін арттыруға әрі шығармашыл жастарға қолдау көрсету бағытында 4 кіші жоба іске қосылған. «Рухани қазына» интерактивті алаңынан бағдарлама аясында іске асырылған және жоспардағы жобалар, өңірдің киелі жерлері, Қазақстандық заманауи мәдениет, өңір табиғаты бағыттарында жүзеге асырылатын шаралар туралы ақпараттарды таба аласыз. Ал «Атамекен» әлеуметтік бағдарламалар, үкіметтік емес ұйымдар, меценаттардың форумы, еріктілердің жұмыстары, интерактивті платформа, «Жомарт жүрек», «Асыл жандар» жобаларымен таныстырады. Ал «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламаларды ақпараттық сүйемелдеуге бағытталған. Алаңшада деректі фильмдер мен видеороликтер көрсетіліп, вебинарлар, семинарлар, онлайн-конференциялар өткізуге болады. Онда жобалық офис менеджерлері үшін «Co-working» орталығы жұмыс істейді. «Достық» үйіне келіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері және облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездескен Мәулен Әшімбаевқа цифрлық форматта жұмыс істейтін «Рухани жаңғыру» жобалық кеңесінің жұмысы таныстырылды. Көшбасшы партия Төрағасының бірінші орынбасары өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған ауқымды шараларға оң баға беріп, жамбылдықтардың ісіне игілік тіледі.

«Aq jol»-дың тілшілер тобы: Жанғазы Ахмет, Ардақ Үсейінова

Ұқсас жаңалықтар