Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйытқы болуымен М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-да «Рухани жаңғыру және қазақ әліпбиі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Шараны басқарма басшысы Сұлушаш Құрманбекова ашып, жиынға қатысушыларды өз пікірлерін еркін білдіруге шақырды. Содан кейін өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлады. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев жаңғыру, жаңару дәуірінің жарқын қадамына айналған латын графикасына қатысты ойымен бөлісті.
Басқосу барысында облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіхалық сөз сөйлеп, телеарна тарапынан жүргізілген жұмыстарды баян етті. «Латын графикасына негізделген әліпби бізге таңсық емес. Оны жастар күнделікті өмірде ұялы телефон арқылы хат алмасқанда, әлеуметтік желілерде қолданып жүр. Сондықтан жаңа әліпби нұсқасы жастарға аса қиындық тудырмайды. Жасы егде тартқан азаматтар шын ниеттенсе, аз уақытта меңгеріп алады», – деген ол телеарна ұжымы осы мәселеге қатысты жаңа жобалар мен тың идеяларды барлық мекемелермен бірлесе атқаруға ниетті екенін жеткізді. Жиында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың филология факультетінің деканы Әзімхан Ыбырайым өз пікірін білдірді. «Бұл жұмыс дәл уақытында қолға алынып отыр. Алдағы уақытта орфографиялық және емле ережелері қабылдануы тиіс. Кезінде біз ерін үндестігін жоғалтып алдық. Жаңа әліпби ұлттың жоғалтқанын қайтарады деген ойдамын. Бұл жұмыстарды тек филологтарға жүктеп қоймай, қоғам болып атсалыссақ, нұр үстіне нұр», – деді декан. Бұдан соң облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дауыл Бейсенқұловқа сөз кезегі тиді. «Латын графикасына негізделген әліпбиге көшу туралы сауалнамалар жүргізіліп тұрады. Әуелде сауалнамаға қатысқандардың 20 пайызы ғана қолдау білдірсе, қазіргі таңда оң көзқарастағы азаматтардың саны 50 пайыздан асып жығылды. Мұның бәрі жүйелі жұмыстың нәтижесі. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін насихаттауға байланысты басқарма тарапынан спикерлер пулы жасақталған. Облыстық телеарналар «Латын әліпбиін үйренейік» сынды бағдарламалар таратуда. Анимациялық фильм әзірлеу жобасы да қарастырылуда. Бұл іс әкімдік тарапынан қолдау тапты. Екінші жарты жылдықта қаржы мәселесі шешіледі. Қазіргі кезде бірқатар басылымдар атауын латыншаға ауыстырды. Сонымен қатар газеттерде бір хабарды латын графикасына негізделген әліпбимен жариялау үрдісі басталды», – деген Дауыл Ынтықбайұлы өзге де мәселелер туралы әңгімеледі. Шара барысында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ және өзгелер алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар туралы кеңінен баяндады.
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді