«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жақсы әнде жаттық жоқ

Жақсы әнде жаттық жоқ
ашық дереккөз
Жақсы әнде жаттық жоқ

Осыдан біраз жыл бұрын Қос­та­найдағы жазушы ағамыз Ғұмар Ахметчин Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әні туралы бір қызық әңгіме айтқаны бар еді.

Ғұмар аға туыстарымен Уфа қаласының түбіндегі бір татар ауылына құдалыққа барады. Татарлар қазақ құдаларын құдайындай күтіп, мәре-сәре болып қалады. Олар­да да ел мен елді ұл мен қыз тамыр­лас­тырған құдалықты ән-бимен, әзіл-қалжыңмен қызықты өткізеді екен. Сонымен татар құда­лар «ауылдың алты ауызы» деп, сан­ду­ғаштай құйқылжытып ән айта бас­тайды. Қостанайдан барған құдалар да қарап қалмайды, қазақ әндерін тамылжытады. Қазақтың айтысындай, бірде татар, бірде қазақ әндері алма-кезек айтылып, құдалардың мол дастарқаны көңіл хошымен байи түседі. Бір кезде татарлардың бірі «Ана туралы жырды» сызылтады. Қазақ әні татар сөзімен, татар әуезді бояуы- мен құлпырып шыға келіпті, қазақтардың ұйып тыңдаудан басқа амалы қалмайды. Бірақ қазақ құдаларда «татарлар қазақтың әнін айтып қойды» деген «қызғаныш» қылп ете қалады. Содан Ғұмар Ғарип­ұлы сөз бастайды.

– Татар құдалар, сендер өзде­рің­­нің татар әндеріңді айтың­дар, бұл қа­зақ­тың әні ғой, – дейді ғой бас құда.

– Бұл өзіміздің татардың әні, біз қазақ әнін айтқан жоқпыз, – дейді құдалар. Сонымен құдалықта «дау» басталады. Татарлар «без­нең жыр» дейді, қазақтар «біздің ән» дейді.

– «Онда бұл әннің авторын ай­тың­дар» дедім. Сөйтсем татарларым оған тоқ­тамайды ғой, «бұл әннің авторы жоқ, бірақ «татар жыры» деп дес бермейді. Білмесеңдер, құдалар, біліп қойыңдар, бұл әнді кемеңгер екі қазақ шығарған, әнін Шәмші Қалдаяқов деген керемет ком­позитор, сөзін Ғафу Қайырбеков деген ірі ақын жазған» дедім қызыл ке­ңірдек «дауда», – дейді Ғұмар аға кү­ліп. Ән татар халқы арасында кең жайыл­ған екен.

Жақында Челябі облысында тұра­тын қан­дастарымыз өткіз­ген Наурыз мере­ке­сі­нің куәсі болға­ны­мыз бар. Троицк ауданына қарасты Санарка деген селодағы 50 үй қазақ ұйымдастырған Наурыз тойы­на Челябі облысының өзге аудан­дары мен қалаларынан да қазақтар кел­ді, аудан басшылығынан өкілдер қатыс­ты. Осы мерекеде жұрт аудан, село өнер­паз­дарының концертін тамаша­лады. Кө­біне қазақ, орыс әндері шырқалды, жас­тар би биледі. Бір кезде орта жастан асқан, башқұрттың ұлттық киімін киген әйел сахнада «Ана туралы жырды» баш­құрт ті­лінде баянның сүйемелдеуімен шыр­­қады. Әнді шырқаған білім сала­сының ардагері, Санарка село­сы­ның тұрғыны Галина Ғарипова деген апай екен.

– Башқұртстаннан башқұрт әндерінің жинағын алдырғанмын. Сонда бар екен, осы жолы бірінші рет сахнада айттым. Әйтпесе бұл әнді баяғыдан дастарқан басында, тойларда шырқайтынбыз, дейді Галина апай.

– Қазақ әні екенін білесіз бе? – дейміз біз.

– Әрине қазақтардың айтуынан білемін. Шынымды айтсам, бұрын авторларына мән бер­генім жоқ, мұны башқұрт ті­ліне кім аудар­ғанын да біл­мей­­мін. Әйтеуір баш­құрт тілін­де айтатынбыз. Бірақ мы­на кітап­та авторларын жазыпты, әні Шәм­ші Қалдаяновтікі, сөзі Ғафу Қайыр­бе­ковтікі, – деді ол. Шәм­ші­нің тег­і де «Қалдаяқов» емес, «Қал­дая­нов» боп жазылғанға ұқ­­сай­ды ән­шінің айтуынша.

– Башқұртстанда бұл ән жиі шырқала ма? – деп сұрадық тағы да.

– Ол жақта бұл ән кең тараған. Менің өзім кешегі күнге дейін авторына, қай ұлттың әні екеніне мән бермеппін. Ал қарапайым адамдар оны тіпті елей бермейді ғой, бірақ ән башқұрттар арасында танымал, деді Галина апай.

Әдемі әнде шекара болмайды. Ал Шәмшінің әндері қазақ шекарасынан асып, түркітілдес халықтардың ортақ қазынасына да айналып бара жатқандай.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, egemen.kz

Ұқсас жаңалықтар