Астанада Ұлттық кәсіпкерлер палатасының I съезi өтті

Астанада Ұлттық кәсіпкерлер палатасының I съезi өтті
ашық дереккөз
Астанада Ұлттық кәсіпкерлер палатасының I съезi өтті

Кеше Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының I съезі өтті. Оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев және ҰКП Жоғары органының жиынына өңірлік кеңес және палата өкілдері, салалық қауымдастықтар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар және бизнес өкілдері қатысты.

Премьер-Министр К.Мәсімов білікті мамандардың өзге дамыған елдердің экономикасына кетіп қалуына алаңдаушылық білдірді. «Дамушы экономиканың алдында, соның ішінде, Қазақстан экономикасында төрт жаңа мәселе тұр. Соның бірі - еңбек ресурстарының жинақылығы, қазір дамыған елдерде білікті, талантты адамдар тапшылығы байқалып отыр. Егер АҚШ, Батыс Еуропа заңнамаларындағы өзгерістерді қарасақ, олар білікті қызметкерлердің көші-қон мәселесін айтарлықтай жеңілдетіп жатыр. Соған байланысты жоғары білікті, әрі талантты адамдардың дамушы елдерден, соның ішінде Қазақстаннан мейлінше дамыған елдерге кетіп қалу қаупі туындайды» - деді Үкімет басшысы. Премьер-Министр бұл мәселені Үкіметтің көші-қон саясаты жөніндегі жұмысында ескеру керек, сондай-ақ, кәсіпкерлер де бұған назар аударуы қажет екенін атап көрсетті. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған алқалы жиынның күн тәртібінде ілкімді үш мәселе қаралды. Ең алдымен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының атқарған жұмыстары жөнінде баяндама жасады. Содан кейін, палатаның тексеру комиссиясының есебін комиссия төрағасы Нұрлан Құдайбергенов мәлімдесе, 2014-2017 жылдарға арналған даму стратегиясын басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Құрманбаева таныстырды. – Кәсіпкерлердің іс жүргізуіне кедергі келтіріп отырған түйткілді мәселелерді анықтау және шешу мақсатында ҰКП кәсіпкерлердің өтініштері мен мәселелер тізілімін түзді. Оған бизнесмендердің қызметіне кереғар болатын 372 жүйелі мәселе тіркелді. Соның бірі – елде бизнес-омбудсмен қызметін дамыту жөніндегі бастамасы қолдау көріп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бизнес-омбудсмен институтын енгізу туралы заң жобасы әзірленуде, - деді Абылай Исабекұлы өз баяндамасында. Сонымен қатар, ол: «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес-қоғамдастық мүддесін тек өз елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де қорғауға ынталы. Оған ҰКП-ның Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартты әзірлеуге қатысуы дәлел. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы одақ туралы келісімшарт жобасына 120-дан астам ұсыныс енгізіп, оның 90 пайызы қолдау тапты. Отандық кәсіпкерлер мүддесі келісімшарт жобасында анық ескерілген. Қазір ҰКП Еуразиялық экономикалық одақтың Кедендік кодексі жобасын әзірлеуге атсалысуда» деді.

«Ақ жол-Ақпарат».

Ұқсас жаңалықтар