«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Отбасылық кәсіп – ортақ нәсіп

Отбасылық кәсіп – ортақ нәсіп
ашық дереккөз
Отбасылық кәсіп – ортақ нәсіп

Тәуелсіздік жылдарындағы меншік алуандығы, еңбек ету еркіндігі талай отбасын берекеге кенелтіп, бақуатты ете түскені әмбеге аян. Жуалы жерінде де кәсібінен нәсі­бін айырған азаматтар қатары арту үстінде. Әсіресе мал өсірумен айналысушылардың асығы алшысынан тұрғанына мысал аз емес. Тоқсаныншы жылдары мал жайына қанықтығының арқасында қарапайым жүргізушіліктен ферма меңгерушілігі қызметіне дейін көтерілген Досымхан Дүйсенбековтің бұл тұрғыда айтары көп-ақ.

Ол 1998 жылы өзі туып-өскен Ертай ауылында «Береке-2» шаруа қожалығын ашып, жеке кәсіпкерлік ісін бастаған екен. Жаңашылдыққа бет бұрып, уақыт талабына сай әрекет еткен азамат бүгінде еңбегінің жемісін көріп отыр. Шаруашылық негізінен мүйізді ірі қара малын өсіріп, сүт өндіру бағытын ұстанады. Қазіргі таңда қожалық иелігінде 100 басқа жуық мүйізді ірі қара малы бар. Оның 80-і – сауын сиыры. Әзірге олардың 30-ға жуығы сауылады. Оның бәрін ауылдағы балабақшаның әдіскері болып қызмет ететін Досекеңнің келіні Назираның жалғыз өзі сауып үлгереді екен. Күніне барлығы 200-230 литр көлемінде сүт сауылып, өткеріледі. Кәсіпкер азамат жазғытұрым Бөкей тауы етегіндегі орман қоры жерінен жалға алар жайылымдыққа көшкенде сауылар сүт көлемі қазіргісінен екі-үш есеге артатынын айтады. Осыған байланысты қосымша сауыншылар жұмысқа тартылмақ. Жүз шақты уақ малы, алпысқа жуық жылқысы бар шаруашылықта атқарылар жұмыс көп-ақ. Мұнда жыл сайын жылқының он-он бес, сиырдың отыз шақты еркек төлін бордақылап, семірту, қымыз сауу ісі де қоса атқарылады. Қысқасы, қымыз да, сүт те, ет те өндіріледі. Бұл істе кәсіпкерге кіші ұлы Бегімхан, Ғазиз, Құдиярбектер қолғабыстарын тигізуде. Қожалықтың қора-жайлары да, техникалары да сақадай сай. 2013 жылы «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша алған 9,5 миллион теңге несие есебінен мал басын едәуір көбейткен. Үкімет тарапынан берілер субсидияның да кәсіпкерлік нысанның әлеуеттене түсуіне тигізген септігі мол-ақ. «Субсидия әр сиырға 18 мың теңгеден айналады. Ал әр бұқаға 150 мың теңгеден төлейді. Бұған 2014-2015 жылдары лизингімен екі «Беларусь-92» маркалы трактор алғанымызды және қосыңыз. Оның алғашқысы 13 миллион 700 мың теңгеге, екіншісі 4 миллион 300 мың теңгеге түсті. Екеуінің де екі миллион теңгедей қарызын үкімет жапты. Осылай жемшөпті өз күшімізбен дайындау мүмкіндігіне ие болдық. Енді үш жылдан соң «Сыбағадан» алған несиемізден толықтай құтыламыз деп отырмыз. Кәсіпкерлік ісін дөңгелетуімізге бұдан артық қандай қолдау керек?! Тек қайсыбір әріптестерімнің осы мүмкіндікті сәтімен пайдалана алмай отырғаны болмаса. Өзім ауылдағы екі-үш жас кәсіпкердің жеңілдікпен несие алуына жәрдемдестім. Бүгінде олардың да жағдайы кәдімгідей жақсарып қалды. Кеңестік кезеңде жылдық еңбеккүніміз 210 күнге жетпесе, өзімізге тиесілі бір тонна бидайды нақты ақшамызға ала алмай қалатын едік қой. Осы межені қалайда орындауға тырысатынбыз. Ол кезде айлықтан-айлыққа дейін ғана өмір сүріп, қорасындағы мал басын көбейтуді ешкім ойға да алмаған еді. Қазір 40-50-дей уақ мал екі үйдің бірінде бар. Ірісін семіртіп сатып, орнына тоқты-торым алып, мал басын жоғалтпауға тырысады. Мынадай заман елімізде бұрын-соңды болған емес. Ерте тұр, кеш жат – бәрі де өз тірлігіңнің қамы. Осындай ақжарылқап заманға бұдан да ертелеу қол жеткізгенімізде ғой деп те армандаймын. Алайда «Ештен кеш жақсы» демекші, әрбір отбасының бақуатты болуына әлі де мүмкіндіктері бар», – дейді Досымхан Ермекбайұлы. Ол өзінің жекеменшік кәсіпкерлік нысанын бастапқыда жұбайы Бақыткүл екеуі құрып, қалыптастырған еді. Бүгінде шаруасы шалқыған шаруашылыққа айналып отыр. Отбасылық бизнесті олардың балалары, келіндері жалғастыруда. Еңбек туын жықпай, биікте желбіреткен ерлі-зайыпты кәсіпкерлер үш қыз, екі ұлынан көрген он шақты немерелерінің ортасында шат-шадыман ғұмыр кешуде. Ұрпақ сабақтастығы, әулеттік еңбек дәстүрі, отбасы бақыты дегеніміз, сірә, осы болар!

Баймаханбет АХМЕТ

Ұқсас жаңалықтар