«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жең ұшынан жалғасса, жазаланады

Жең ұшынан жалғасса, жазаланады
ашық дереккөз
Жең ұшынан жалғасса, жазаланады

Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте әлемдік қауымдастықта мойындалған әдіс қолданылады. Ол – сыбайластыққа тәуекел жасауды бақылау мен оны саралау. Жалпы кез келген мемлекеттік органда, сенімгерлік басқаруға берілген және кәсіпкерлік нысандарда тұрғындарға кедергісіз қызмет көрсетілуі тиіс. Себебі мекеменің меншік нысанының қандай екеніне қарамастан, заң ортақ. Ең алдымен азаматтардың құқығы қорғалуы тиіс.

Тұрғындардың тең құқығының бұзылуы мынадай жағдайлардан көрініс табады. Мәселен, қолға алған ісін жылдам аяқтауды көздеген азамат белгілі бір міндетті орындауға өкілеттігі болмаса да, лауазымды қызметкерге «өтініш» жасап, соны шешіп беруді сұрауы мүмкін. Ал тура сондай мәселемен қайырылған екінші жанның тірлігі кезексіз алға шыққандардың кесірінен кейінге ысырылып қала береді. Ал заң бойынша ондай «іске» араласқандар, мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы ұсынған не осыған ықпал еткен өзге де жеке тұлғалар сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жауап береді. Бір сөзбен айтқанда, бұл жең ұшынан жалғасу «әрекеттің» мәртебесі, яғни оның мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті немесе оған теңестірілген, лауазымды, яки жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам екені анықталуына қарай жауапкершілікке тартылады. Басқармада қызметкерлер арасында құқықтық жұмыстар жүргізу кестесі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. 45-53-11 нөмірлі «сенім телефоны» жұмыс істейді. Жыл сайын құқықтық түсіндіру жүргізіліп, облыс әкімі аппараты басшысының 2017 жылғы 16 ақпандағы №15-17 хатымен жолданған жадынама мемлекеттік қызметшілерге таныстырылған. Ал жақында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талаптарын және Президенттің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы №986 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын түсіндіріп, құқықтық теңдік турасында туындаған сұрақтарға жауап берді. Бір айта кететіні, облыс әкімі аппараты өңірімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде мемлекеттік орган басшыларының есеп беру кестесін бекіткен. Соған сәйкес өткен жылы Қордай ауданы әкімдігі қаржы бөлімінің ғимаратында аудандық бөлімдер мен ауылдық округтер қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбында құқықтық түсіндірулер жүргізілді. Биыл басқармаға 182 заңды және 152 жеке тұлғадан өтініш түсіп, барлығына мерзімінде тиісті жауаптар берілген. Басқармада жыл сайын сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіледі. Сыбайлас жемқорлық жағдайларының алдын алу мақсатында басқарманың 2 қызметкері былтыр мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша семинарға қатысып, өздерінің біліктіліктерін арттырды.

Гамлет ҚАЙНАРБЕКОВ, облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы

Ұқсас жаңалықтар