Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында мемлекетіміздің одан әрі дамуына, әлемнің озық 30 елінің қатарынан көрінуіне жол ашатын міндеттермен қатар, еліміздің дамуын тежейтін кедергілерді жою мәселелері де жан-жақты қарастырылған. Соның бірі, қоғамның дерті – сыбайлас жемқорлық. Елбасымыз жең ұшынан жалғасатын жағымсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған күрестің жалғаса беретінін айрықша атап өтті.
Әлбетте, бұл міндеттер тек мемлекеттік органдарға ғана емес, еліміздің әрбір азаматына берілген тапсырма, артылған сенім, жауапкершілік деп түсінген ләзім. Себебі еліміздің тәуелсіздігі баянды болуы, өсіп-өркендеуі үшін бәріміз елеулі еңбегімізді сіңіруіміз қажет. Қоғамның дамуы – оның әрбір мүшесінің қосатын үлесіне байланысты. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кәсіпкерлер форумы» мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша азаматтық бастамашылдық конгресі» барысында көтерілген бастамалар мен ұсыныстар да осындай ойлармен ұштасып жатты. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Жастар сарайында өткен кәсіпкерлер форумында салаға қатысты облыстық департамент және басқарма басшылары мен кәсіпкерлер жемқорлық әрекеттерінің ірі және орта кәсіпкерлікті дамытуға қандай кедергі келтіретінін қозғады. Сондай-ақ форумда агенттіктің облыс бойынша департаменті мен «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының арасындағы ынтымақтастық туралы 2018 жылғы Жол картасына қол қойылды. Аталмыш шара осы күні Тараз қалалық Мәдениет үйінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша азаматтық бастамашылдық конгресімен жалғасты. «Шындықтың аспанында» атты деректі фильмін көрсетуден басталған шараға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысып, сөз сөйледі. Ерқанат Нұрбапаұлы сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің кез келген елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына кері әсерін тигізетінін айта келе, оған қарсы нәтижелі күрес жүргізу үшін осы сипаттағы қылмыстардың мәні мен түрін теория, әсіресе тәжірибе жүзінде анықтаудың маңызы зор екеніне тоқталды. Бұл қылмыстардың жасалуына көмекші болған жағдайларды және оның себептерін ашудың да өзектілігін айрықша атап өтті. Облыстық арнайы мониторингтік топтың басшысы Сембек Сейдәзімов жүргізіп отырған жиын барысында өзге де сөйлеушілер қоғамдық кеселдің елге тигізер орасан кесірін сөз етіп, оның салдарын жойып, себебімен күресудің жолдарын ұсынды. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат партия тарапынан атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталса, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мақсұт Нәлібаев 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стратегиясы туралы тілге тиек етті. – Стратегияның іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жүргізу үшін агенттіктің бастамасымен арнайы мониторингтік топ құрылды. Оның құрамында блогерлер, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Биылдан бастап мұндай топ тек облыстық деңгейде емес, сонымен қатар аудандық деңгейде де жұмыс істеуде. Олар өз кезегінде жергілікті атқарушы органдарда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен ашықтығына бақылау жүргізеді. Мемлекет және азаматтық қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін болады. Сонымен қатар біз өңірде жаңадан «Қоғамдық бақылау картасы» жобасын іске асыра бастадық. Бұл жоба жамбылдықтарға бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауға, заң бұзушылық фактілері орын алған жағдайда әлеуметтік желі немесе телефон арқылы агенттік департаментіне хабарласуға мүмкіндік береді, – дей келе, Мақсұт Ыбырайханұлы келешекте жемқорлықсыз, әділетті мемлекет құру үшін азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру қажет екенін жеткізіп, көпшілікті ел дамуын тежейтін жағымсыз құбылыспен бірлесе күресуге шақырды. Конгресте «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев, Меркі аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Серік Құралбай, аталмыш департаменттің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Дәурен Омаров атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жоспарларымен таныстырды.
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді