«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өтініштер қараусыз қалмауы тиіс

Өтініштер қараусыз қалмауы тиіс
ашық дереккөз
Өтініштер қараусыз қалмауы тиіс

Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау және бірыңғай есепке алуды Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет жүзеге асырады. Қазіргі таңда, комитеттің облыс бойынша басқармасы осы бағытта бірқатар жұмыстар атқаруда. Өңірде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау бойынша статистикалық есепті қалыптастыратын 94 мемлекеттік орган бар, оның 83-і облыстық деңгейде, 11-і қала және аудандық әкімдіктер. Статистикалық мәліметтерге талдау жасау кезінде өтініштердің басым бөлігі жергілікті атқарушы органдарда тіркелетіндігі анықталды. Облыстың жергілікті атқарушы органдарына өткен жылы 425782, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 33017 өтініш түскен. Өткен жылы түскен өтініштер алдыңғы жылмен салыстырғанда 15,5 пайызға төмен. Ал, бірінші тоқсан бойынша 75,3 пайызға аз. Бұл заңнамаларға енгізілген өзгерістерге байланысты. Яғни, мемлекеттік қызмет көрсету шеңберінде түскен өтініштер есепке алынбайды. Соңғы бір жарым жылда келіп түскен өтініштер көбінесе еңбек және халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік және зейнетақымен қамтамасыз ету, жерді пайдалану, халықты құжаттандыру және тіркеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім, ауылшаруашылығы саласына қатысты.

Тағы бір айта кететін жайт, өтініштерді дұрыс қарамау қайта шағымдануға әкеп соғады. Мәселен, бір жарым жылда алғашқы өтініштері сапасыз қаралғандықтан, 280 шағым қайта жазылған. Бұл жұмысты жандандыруды қажет етеді. Өтініштердің әрбір қозғалысы заңнамалармен және басқа да нормативтік-құқықтық актілерімен реттелетіндігіне қарамастан, мемлекеттік органдарда оны тіркеу, есепке алу және қарау саласында заңбұзушылықтар орын алуда. Мысалы, соңғы бір жарым жылда облыстың жергілікті атқарушы органдарында осы заңнамалардың сақталуына жүргізілген 17 тексеруде 23827 заңбұзушылық анықталған. Прокурорлық қадағалау актілерін қарау нәтижесінде 241 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 4 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2012 жылдан бері республика аумағында «Айқын» жобасы жүзеге асырылуда. Ол тұрғындарға ғаламтор арқылы өз өтініштерінің қаралу барысын бақылап отыруға мүмкіндік береді. «Айқынға» 2013 жылдың 1 сәуірінен бастап облыс әкімінің аппараты мен әкімдіктің 19 басқармасы қосылған. Қалғандары белгіленген мерзімге сай кезең-кезеңімен қосылу үстінде. Өтініш беруші кеңсе қызметкерінен 18 таңбалы бірегей нөмірі бар талон алып, сол нөмір арқылы бақылайды. Сонымен қатар, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің сайтына (http://service.pravstat.kz) кіріп, «Мемлекеттік органдарға өтініш» бөлімін таңдап, талон нөмірін теріп, жоғарыда аталған ақпараттарды алуға да болады. Қорыта айтқанда, әрбір өтініш қараусыз қалмауы тиіс.

Асан МӘТКЕРІМОВ,  Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің облыс бойынша басқармасы бастығының орынбасары.

Ұқсас жаңалықтар