«Бәсекеге қабілетті қоғам орнатудың негізі білімде» деп Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, білімі мен білігі биік елдердің өрісі кең, өркені мықты болары анық. Елбасымыз еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдан бастап білім сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөліп келеді. Нәтижесінде, сан салалы білім жүйесі әлемдік стандартқа сай даму үстінде.
Аудан орталығындағы №15 орта мектеп 2014 жылы ашылды. Заман талабына сай пайдалануға берілген білім ошағы 300 оқушыға арналған. Бүгінгі таңда мектепте 449 оқушы екі ауысыммен білім алуда. Шәкірттерге 69 мұғалім білім береді. Оның 67-сі жоғары білімді маман болса, 3-еуі арнаулы орта білімді. Мектепті тәжірибелі ұстаз, іскер ұйымдастырушы, аудандық мәслихаттың депутаты Құрыш Сыдығалиев басқарады. Құрыш Тұрсынбекұлы 42 жылдық еңбек өтілінде «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «ҚР мәслихатына – 20 жыл» мерейтойлық медальдар мен «Парыз бен құрмет» төсбелгісін иеленген. Оқушыларды жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты, өрісі кең азамат етіп тәрбиелеу – ұстаздың қоғам алдындағы борышы. Сондықтан болар, оқыту жұмысы мейлінше ширақ, жігерлі болғаны дұрыс. Осы ұстаныммен мектеп ұстаздары үнемі білімін жетілдіріп отырады. Мәселен, Кембридждік оқу курсының бірінші деңгейін Роза Жұманова, екінші деңгейін Майра Қуатбекова мен Қарлығаш Сапарбекова, үшінші деңгейін Клара Қошаева, Гүлвира Уашева және Алтынай Шәріп оқыды. Осы мұғалімдердің ішінде үш мұғалім осы оқыту курстары бойынша тренерлік оқуды да оқып келді. Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауында: «2019 жылы 10-11 сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады» деп нақты міндет жүктеді. Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында Айнұр Қылышбаева мен Дана Баетова сынды мұғалімдер 3 айлық курста білімдерін жетілдіруде. Өткен оқу жылында шәкірттерінің жетістігі үшін бастауыш сынып мұғалімі Қарлығаш Сапарбекова ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. – Мектепті өткен 2016-2017 оқу жылында 11-сыныпты 20 мектеп түлегі тәмамдап, оның 19-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, жалпы орташа білім сапасы 73 пайызды көрсетті. Ал үстіміздегі оқу жылы 25 оқушы бітіргелі отыр. Оның төртеуі – «Алтын белгіге», біреуі – үздік аттестатқа үміткер. Мектеп ұстаздарының да, оқушылардың да жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Атап айтсақ, математика пәні бойынша Ислам Дүйсенбек аудандық олимпиададан І орынды жеңіп алып, облыстық олимпиадаға қатысып қайтты. Сондай-ақ «Балауса жұлдыздары» республикалық байқауына 8-сынып оқушысы Абай Құнанбай қатысып, ІІІ орынды иеленсе, республикалық «Мен спортты сүйемін» тақырыбында эссе жазу байқауында Алуа Кемелбек І орынды иеленді. Сонымен бірге, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында өткен республикалық қашықтықтан өткен байқауда Әйгерім Шәймерденованың 3 «Ә» сынып оқушылары Хамзабек Заңғар, Үйкекбай Әли, Жанәділ Ерсұлтан жүлделі І, ІІ, ІІІ орындарды жеңіп алды. Ғылыми жұмыс жазып, қорғаудан да мектептің шәкірттері жыл сайын жүлделі орындардан көрініп келеді. Үстіміздегі оқу жылында 3-сынып оқушысы Мирас Алтынбек «Зерде» байқауы бойынша «Ұялы телефонның пайдасы мен зияны» тақырыбындағы жобасын қорғап, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Мектебімізде шығармашыл, жаңашыл ұстаздар да баршылық. Оның ішінде технология пәнінің мұғалімі Байғар Шахиев, бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі Мәделі Құрмаш, математика пәнінің мұғалімі Гүлбаршын Әбдіманбекова орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Роза Жұманова мен Майра Қуатбекова, Клара Қошаеваны, бастауыш сынып мұғалімдері Назыркүл Еспенбетова мен Қарлығаш Сапарбекованы ерекше атап өтуге болады, – дейді директордың ғылыми әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Қалампыр Сапаева. Мектептегі білім мен тәрбие, өнер, шығармашылық жұмыстарын ұйымдастыруда директордың орынбасарлары Сүйінжан Қабылбеков, Қалампыр Сапаева, Мақпал Қосарова, Бибігүл Көшербаеваның да қосқан үлесі зор. Олардың жеке шығармашылығында жеткен жетістіктері де аз емес.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ, журналист
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді