Прокуратура мен кәсіподақ ұйымының негізгі міндеттері ұқсас. Екеуі де адам құқығын қорғайды. Жалпы жұмыскердің құқығын қорғау үшін де заңды білу керек. Бұл кәсіподақ ұйымдарымен қатар, прокуратура органдарының басым бағыты болып саналады. Ондағы мақсат – жұмыскерлердің айлығының дер кезінде берілуін, жұмыстағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ең басты құндылық – адамның өмірі. Облыс прокуроры Ибраһим Иманов облыстық кәсіподақ ұйымының жетекшілері қатысқан кездесуде осыны айтты. Кездесуді ашып, жүргізіп отырған облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мейрамбек Төлепберген бұл жиынның маңызына тоқталды. – Көктемнің әр күні жаңарудан тұратыны белгілі. Бүгінде облыста 10 салалық, 5 жергілікті кәсіподақ ұйымы бар. Жалпы саны – 127 мың адам. Кәсіподақ ұйымы жұмысының негізі – еңбек адамдарының құқығын қорғау. Сондықтан еңбек заңнамаларын білу маңызды, – дей келе, Мейрамбек Мылтықбайұлы бұл кездесудің басты мақсаты облыс прокуратурасы мен кәсіподақ ұйымының арасындағы әріптестік меморандумға қол қою екенін атап өтті. Кәсіподақ ұйымын қазіргі заманға сәйкес қуатты да жасампаз қоғамдық институт ретінде нығайту қажеттігін сөз етіп, олардың жаңару мен жаңғыру жолына түскенін қозғады. Жиында облыс прокуроры Ибраһим Әлжанұлы бірқатар статистикалық деректерге тоқталды. «Соңғы екі жылда 10 мыңнан аса жұмыскердің құқықтары қорғалды. Облыс бойынша жұмыс уақытында орын алған жазатайым жағдайларды тексерудің арқасында 35 адамды жауапкершілікке тарттық. Ұжымдық келісімшарттың орындалуын бақылау үшін әрі жұмыскерлердің арасында туындайтын мәселелер болса, соларды бізге жеткізіп отырсын деген себеппен Мейрамбек Мылтықбайұлына өтініш жасап, прокуратураның жанынан құрылған кеңеске мүше етіп енгіздік», – деді. Кездесу соңында кәсіподақ ұйымының жетекшілері облыс прокурорына ұсыныс-тілектерін жеткізіп, меморандумға қол қойды.
Камила БОРАШОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді