Жыл басында облыс әкімі А. Мырзахметов нарықтағы сұраныстың өсуіне орай өткен жылы 120 мың тонна қант өндірген Тараз қант зауытының жүктемесін 200 мың тоннаға жеткізу туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, зауыттың тікелей шикізат көзі саналатын аудандардағы қызылша алқаптарын ұлғайту мәселесі жолға қойылған еді. Осы орайда, аймақ басшысы берген тапсырманың орындалу барысымен танысу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев бірқатар аудандарда болып, қант қызылшасы егілетін алқаптарды аралап көрді.
Сапар барысында агроқұрылымдардың материалдық-техникалық әлеуетіне баға беріліп, тұқым мен тыңайтқыштардың сапасына көңіл бөлінді. Сондай-ақ балтамырдың бабын табуға бет бұрған шаруалардың уәжі тыңдалып, аудандардағы тәтті түбір алқаптары арнайы картаға түсірілді. Облыс басшысының орынбасары жұмыс сапарын Қордай ауданынан бастады. Қазір қолданыста 38 061 гектар суармалы алқабы бар аймақта қызылшаға арналған егістік көлемін арттыруға мүмкіндік мол. Өткен жылы 17 200 тонна тәтті түбір жинап, қабылдау пунктіне жөнелткен қордайлық дихандар биыл бұл көрсеткішті 22-23 мың тоннаға жеткізуге дайын екендерін айтады. Бұл ретте, аудандағы «Благовещенка», «Самғау» сынды агроқұрылымдардың өзі 300 гектарға жуық алқапқа тәтті түбір екпек. – Қант зауытының өкілдері биыл Қордай мен Шу аудандарының шаруаларынан қызылшаның әр келісін 21 теңгеден қабылдайтындарын мәлімдеді. Бұл біз үшін жағымды жаңалық болды. Жасыратыны жоқ, өткен жылы өткерілген өнімнің әр келісі үшін төленген 18 теңге көп шаруаның жыртығына жамау бола алмады. Өйткені бір келі қызылшаны тасымалдаудың шығыны 3 теңгеге жетті. Бұл – үлкен шығын. Көп шаруаның осыдан соң қызылша егуден беті қайтып қалды. Бірақ біздің биылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындығымыз жоғары. Жақында ғана жалпы құны 190 миллион теңге құрайтын дақыл егу кешенін сатып алдық. Бір мезгілде тұқымды сеуіп, оны тыңайтқышпен өңдеу сынды бірнеше амалды қатар орындауға қабілетті техникамен ауданның өзге шаруашылықтарына да қолұшын созуға әзірміз, – дейді «Самғау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Евгений Трубников. Өз кезегінде қордайлық ірі агроқұрылым жетекшілері қызылша егілетін алқап көлемін 1 мың гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік бар екендігін атап өтті. Тек алқапты сумен қамтамасыз ететін каналдарды тазарту мәселесін шешу тетігі қарастырылса болғаны. Бұл орайда, Мәден Тоқтарбайұлы су жүйелерін тазалаумен ағымдағы жылдан бастап механикаландырылған отрядтың айналысатындығын жеткізді. Отряд жұмысын жүйелеуге 472 миллион теңге қаражат қарастырылған. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары тұтынылған суға ақы төлеуді субсидиялау мәселесі де күн тәртібінде тұрғанына тоқталып өтті. Қордай ауданындағы сапар кезінде «НұрАл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Дүйсенхан Оңгелдиев арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы шаруашылық нысандарды күрделі жөндеуден өткізу мүмкіндігі жайында сұрастырды. Шаруа сонымен бірге жанар-жағар майды субсидиялау, оны агроқұрылымдарға беру ісін де жүйелеу қажет екенін тілге тиек етті. Облыс әкімі орынбасарының жұмыс сапары Шу ауданында жалғасын тапты. Өңірдегі суармалы егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешілген ауданда биыл 2 мың гектар жерге қызылша егілуі керек болған. Алайда аудандағы тәтті түбірге арналып дайындалған алқаптарды аралап көрген Мәден Тоқтарбайұлы олардың небәрі 136 гектарын ғана есепке алды. Осылайша, балтамырға арналған егіс алқаптарының 6 пайызы ғана көктемгі дала жұмыстарына дайын деп танылды. Демек, аудан жоспарда қөрсетілген 44 мың тонна қант қызылшасын өткере алмауы мүмкін. Осыдан біраз уақыт бұрын ғана облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында аудан әкімі қызылша алқаптарының 80 пайызға дайын екенін айтқан болатын. Алайда аудан басшысы берген мәлімет бірінші тексеріс кезінде-ақ жоққа шықты. Сонда бұл аудан әкімінің облыс басшылығын алдағаны ма? Стратегиялық дақылдың алқабын көбейту жұмыстарына селқос қараған Шу ауданының агросаласында мәселе шаш-етектен. Мәселен, 600 гектар суармалы егіс алқабы бар Ақсу ауылдық округінде небәрі 6 гектар жерге тәтті түбір тұқымы себіледі. Бұл – қолда барды қажетке жарата алмаудың анық көрінісі. Аталмыш алқаптарды сумен қамтып отырған жекеменшік каналдың техникалық жағдайы да сын көтермейді. Жөндеуді қажет етіп тұрған арнаға қаражат қарастырып, су өткізу қарқынын арттыру қажет. Алайда бұл іске каналдың жекеменшіктен мемлекет иелігіне қайтару жұмыстарының жүргізілмеуі кедергі болып отыр. Судан бөлек, қызылша егіп, табысқа кенелгісі келген шаруаларға қолдау білдіру ісі де ақсап тұр. Жергілікті билік техника тапшылығын біле тұра тиісті шара қолдана алмай келеді. Суармалы егістік алқабы 1 800 гектар болатын Жаңажол ауылдық округіндегі жағдай да осындай. Жалпы, жаңажолдық дихандардың алдына 3 гектарға қызылша егу мақсат етілген. Дегенмен транзиттік канал бойындағы 7 ауылдық округтің көбінде қызылша алқаптары жоққа тән. Тек «Алижан», «Дастан» шаруа қожалықтары ғана тәтті түбір тұқымын 10-15 гектар жерге себуді жоспарлап отыр. Өз кезегінде, ауылдық округ әкімдері шулық шаруалардың балтамыр егуге құлшынысының төмендеуіне өткен жылы қант зауытынан берілген тұқымның сапасыз болуымен байланыстыруда. Тұқым сапасыздығы өткен жылы бірқатар аудандарда дихандар қауымын әбігерге салғаны әлі есте. Ендеше аудандағы қызылша алқабының азаю себебі аудан әкімінің тұрғындармен етене жұмыс жасай алмағандығынан деп айтуға болады. Жұмыс сапарының үшінші күнінде облыс әкімінің орынбасары Меркі ауданындағы қант қызылшасын егуге дайындалған алқаптарда болды. Жыл сайын гектарына 800-1000 центнерден қызылша жиналатын Т.Рысқұлов ауылдық округіндегі «Трансфер» шаруа қожалығы биыл 214 гектар алқапқа қант қызылшасы тұқымын себуді жоспарлаған. Шаруа қожалық жетекшісі Владимир Бондаренко тәтті түбір тұқымының енді бірер күнде себіле бастайтынын айтады. 12 гектар қызылша алқабына тамшылатып суару әдісін енгізген шаруа көктемгі дала жұмыстарына сақадай сай. Ал «Красный Восток» шаруа қожалығының жетекшісі Зядин Ширадзе 176 гектар сүдігер жерге балтамыр егуге бел буған. Ауыл шаруашылығы бойынша ауданда жетекші агроқұрылым саналатын «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 350 гектар алқапқа қызылша егуді жоспарлапты. Көктемгі дала жұмыстарына дайындығы өз деңгейінде болғанымен, меркілік шаруаларды алаңдататын өзге де мәселелер баршылық.
Мысалға, аудандағы 10 813 гектар алқапты сумен қамтуы тиіс болған «Үлкен Шу» каналының батыс тармағындағы гидроқұрылымдар жөндеуді қажет етеді. Жөндеу жұмыстарына қазынадан 43 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар қолға алына бастағанымен, түйкілдің түйіні тарқатылады деуге келмейді. Өйткені Қырғызстан тарапының каналға жіберіп отырған су көлемі шаруаларға керек мөлшерден әлдеқайда аз.
Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені шешуге мүдделі мекемелермен бірлескен жұмыстардың жүргізіліп жатқандығына тоқталды. Өз кезегінде, меркілік шаруалар сумен қамту мәселесі шешілсе, қызылша алқабын ұлғайтуға әзір екендігін аңғартты. Негізінен ауданда 2500 гектар жерге қызылша егу жоспарланса, оның 2000 гектарына сүдігер көтерілген. Жалпы, біздің облыста қант қызылшасын өсіруге мүмкіндік мол. Мемлекет тарапынан тәтті түбір өсіруге ниетті шаруаларға қолдау да бар. Тек аудан әкімдіктері шаруалармен жүргізілетін жұмысты ширата түскені жөн. Бұдан бөлек, балтамырдың бабын табуға мойын бұрған дихандардың мәселелері де өз шешімін табуды қажет етіп отыр. Мәселен, облыс әкімі орынбасарының жұмыс сапарында шаруалардың дені қызылша тұқымы үшін Тараз қант зауытының алдында қарыз екендігі белгілі болды. Себебі өткен жылы алқаптарға себілген тұқымның өнімділігі төмен болған. Нәтижесінде, дихандардың көбі қажетті өнім жинай алмай, зауыт алдындағы тұқымға берешегі өтелмеген. Керісінше қант зауытына өткерілген өнім үшін әлі күнге тиісті қаражаттарына қол жеткізе алмай жүргендері де баршылық. Шаруалардың қызылша егумен шындап айналысуына қажетті техниканың жеткіліксіз болуы да кері әсер етіп отыр. Бұл орайда облыс әкімінің орынбасары аудан әкімдеріне ұсақ шаруаларды үлкен шаруашылық құрылымдардың базасына біріктіру жайын ойластыру керектігін атап өтті. Сонымен бірге, облыста егіс алқаптарына қажетті техникалармен жабдықталған кәсіпорын құру жобасы қолға алынуда. Сол арқылы шаруаларға қызылша алқабын арттыруға кері әсер етіп отырған техника тапшылығы мәселесінің түйіні тарқамақ. Бастысы, өңірде стратегиялық дақылдың алқабын ұлғайтып, одан мол өнім алу ісіне атүсті қарауға болмайды.
Мұратхан ӘЛІМХАН
Тараз – Қордай – Шу – Меркі – Тараз
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді