Көктемгі дала жұмыстарына әзірлік көңілдегідей болмай шықты
- author «Ақ жол»
- 6 наурыз, 2018
- 270
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен аппараттық жиында бірқатар мәселелер талқыланып, жауаптыларға жұмысты жүйелеуге қатысты нақты тапсырмалар берілді.
Әуелі облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы міндетін атқарушы Ерлан Құлкеев сөз алып, өңірдегі көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы мәлімет берді. Ағымдағы жылы облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын 602,7 мың гектар алқапқа орналастыру межеленіп отыр. Қолда бар мәліметке сүйенсек, жоспардағы көрсеткіш 45 мың гектарға артық орындалмақ. Стратегиялық дақыл саналатын қызылша алқабын өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға көбейту де назарда бар. Егістік алқаптарын минералды тыңайтқыш-тармен қамтамасыз ету бағдарламасына жергілікті бюджеттен 800 миллион теңге қарастырылып, оны 116 мың гектар аумаққа енгізу көзделген. Агроқұрылымдарды тұқыммен және техникамен қамтамасыз етуде де мәселе болмау керек. Алайда мұның барлығы дерлік қағаз жүзінде ғана. Басқарма жұмысы жаңадан бекітілген индикаторларға сай жүргізілмейді. Жауапты мекеме аудандардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығын назардан шет қалдырған. Тұқымның сапасы мен оның өнімділігін зерделеу ісі де өз деңгейінде емес. Аталмыш кемшіліктерді жіпке тізген Асқар Исабекұлы Ерлан Құлкеевке жауапты кезеңнің дайындық жұмыстарына салғырттық танытпауға шақырды. Содан соң облыс аумағындағы көктемгі су тасқыны мен селге қарсы шаралар жайында сөз болды. Басқосуда күн тәртібіндегі мәселеге қатысты сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков су тасқынының алғашқы легінің өткендігін атап өтті. Дегенмен Қордай, Меркі, Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарының әкімдері қар суынан келген қауіптің алдын алуда төтенше жағдайлар департаментімен бірлескен жұмысқа көңіл бөлгені жөн. Бұл орайда, күштік құрылымның 268 адам мен 47 техникадан тұратын 200-ге жуық жедел құтқару бөлімшесі кез келген тосын оқиғаға сақадай сай тұр. Өңірдегі 117 су қоймасы мен бөгетіндегі жағдай да тұрақты бақылауға алынған. Жиында кезекті мәселе бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасады. Ол өз сөзінде ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын әңгімеледі. Басқосу барысында, сондай-ақ облыс әкімі хаттамаларының орындалу жайы талқыланды. Аудан әкімдері мен салалық басқармалар басшылары ендігі кезекте цифрландыру ісінің кенже қалмауына, пайдаланылмай тұрған ғимараттарды қайта кәдеге жаратуға, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру ісіне басымдық беретін болады. Бұдан өзге, электр энергиясы мен көмір бағасын арзандатуда арнайы талдау жүргізіледі. Облыс орталығының өзіндік келбетін қалыптастыру мәселесі де өңір басшысының жіті назарында болады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді