«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жыр жазамын жүрегіммен

Жыр жазамын жүрегіммен
ашық дереккөз
Жыр жазамын жүрегіммен

Бәріңе алғыс

Алдымен мейірімді Аллама алғыс, Содан соң мейірбан анама алғыс, Кешке де алғыс, таңға да алғыс, Жоққа да алғыс, барға да алғыс.

Көрсем деп төрден, Естіртпей қарғыс. Тәрбие берген Әкеме алғыс.

Жеңілге де алғыс, Ауырға да алғыс. Бір емшек емген, Бауырларға алғыс.

Батпандап қонған, Бағыма алғыс. Мен үшін құрбан, Жарыма алғыс.

Есімде қалған Күндерге алғыс, Есімді алған, Түндерге алғыс.

Жасыңа алғыс, Кәріңе алғыс. Айтатын көп еді Әлі де алғыс, Бәріңе алғыс, бәріңе алғыс!

Олжас Сәндібек

Тілеумен саған бақыт

Арылмай-ақ сезімнің наласынан, «Сүйем» деп құрақ ұшып аласұрам. Мен сенің «қызғалдағың» болмақ едім, Көз тартқан «раушандардың» арасынан.

Аяймын жүректегі жырды кімнен?! Жыр дегенде тосыннан түн түрілген. Шоқ жаның лап етер деп күтіп едім, Тамшы жас құлағанда кірпігімнен.

Арманға арашашы болмас мұңым, Кім маған ұсынады солмас гүлін. Тағдырым саған мені қалай қиды? Өзгенің сезе тұра таластығын.

Жан шырылым зар болып естілгенмен, Ел тілер бақыт тостым ессіз күннен. Сен менің шаттығым боп көріндің де, Сұлудың сиқын күттің кескінімнен. Сезімсіз жүрегіңнің көп қалауы, Сұқ қолын созады екен жоққа бәрі. Ес ауып елеңдейтін секілдісің, Қыз біткеннің жалт етсе от жанары.

Арылмай ақ сезімнің наласынан, «Сүйем» деп құрақ ұшып аласұрам. Мен сенің «жалғызың» боп қалмақ едім, Дараланып көп қыздың арасынан.

Қайтемін өткен күнге наламды артып, Мен үшін жүрек – дара, сараң – уақыт. Арманды алданыш қып қала берем, Тілеумен өзіме жыр, саған бақыт!

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жуалы ауданы

Асқар тауым әкем

Тамыры тастан нәр алған, Толағай таудан жаралғам. Тау самалы тербетіп, Тұлымымды тараған.

Тау қызымын, еркемін, Тастың таққам көркемін. Тарту еткен табиғат, Сұлулығын өлкемнің.

Асқар тауым тәу еткен, Асыл әкем бар еткен. Бұдан асқан бақытты, Жаратқаннан дәметпен.

Ақерке ҚУАНЫШ, Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің оқушысы

Анама

Мен үшін бөлек, дарасың, Аяулы менің анашым. «Әлемнің сыйлап жарығын», Алдыма тосқан бар асын.

Тартысты көріп не түрлі, Мұң шалды жүзің-бетіңді. Көзайым көгенкөздерің, Бүгінде өсіп-жетілді.

Бұл күнге де жеткіздің, Бейнетің білем көп сіздің. Өтейтұғын алдыңда, Борышымыз көп біздің.

Бейнеттің артып барлығын, Білімге бізді баулыдың. Тәрбие беріп өсірдің, Тіледің перзент саулығын.

Мейірім бізге сыйладың, Қорған да болды жиғаның. Жұмақтан тиіп үлесің, Саламат болсын иманың.

Талғат ЖҰМАБЕК

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар