Аслан ДАВЫДОВ, Қазақстан күрдтері «Барбонг» қауымдастығы Бірлік ауылдық филиалының төрағасы
Қазақстан – татулық пен ынтымақты, әр ұлт өкілдері арасындағы достықты ту еткен ел. Біздің күрд ұлтының өкілдері де елін асқар биіктерге бастаған Нұрсұлтан Назарбаевқа, Ұлы даланың жаны ізгілікке толы ұрпақтарына дән риза. Қашанда ұлт пен ұлысты жатсынбай, бауырына басқан түркі ұрпақтарына алғысымыз шексіз. Мен басқарып отырған Бірлік ауылындағы «Барбонг» күрдтер қауымдастығының құрамында көптеген күрд ұлтының өкілдері бар. Бірақ біз жергілікті ұлт өкілдерін сыйлап, таза қазақ тілінде сөйлесеміз. Мемлекеттік тіл біздің өз тіліміздей. Күрд балалары қазақ тілін мектепте үйреніп, қазақ елінің тарихын жаттап, есейіп келеді. Бұл – жаны жомарт, ізгілігі мол қазақтай ұлтқа деген құрметіміз. Бауырлас қазақ халқынан үлгі тұтар, тағылым алар тұсымыз өте көп. Күрдтер де қазақтар секілді киіз үй тігеді, төрт түлік өсіреді. Қазақ сияқты қонақжай, меймандос. Осының өзі біздің біртұтас, бөлінбес бауыр екенімізді айғақтайды. Қазақ қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі деп бағалап келген. «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Береке басы бірлікте», «Ырыс алды – ынтымақ» деген сияқты көптеген мақал-мәтелдер осының айғағы болса керек-ті. Болашақтың бірліксіз болмайтынын болжай білген бабаларымыз бала тәрбиесінде де осы қағиданы басты бағыт етіп ұстаған. Елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы – Қазақстан мемлекетінің ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр сынына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Қазақстан көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді. Мәселен, бүгінде Әулиеата өңірінде осынау біртұтас қазақ ұлтымен етене жақын болып кеткен 13 мыңға жуық күрд тұрса, соның 300-ден астамы осы Мойынқұмда тұрақтаған. «Барбонг» қауымдастығы ауданда осыдан тура төрт жыл бұрын құрылды. Міне, содан бергі уақытта біз аудандық, облыстық деңгейдегі түрлі іс-шараларға үздіксіз атсалысып келеміз. Бұдан өзге бірқатар игі шаралардың жеңімпазы да атандық. Осылайша, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталдық. Жалпы тұтас күрд ұлтының Қазақстанға деген құрметі ерекше. Тарихымызға үңілсек, қазақ ұлты қиын-қыстау кезеңге тап болған өзге ұлт өкілдеріне қашанда қамқор болып, мейірімін аямаған. Бұл ұлт тағдырдың жазуымен жер аударылып келген түрлі ұлыстарға төрінен орын беріп, бір үзім нанын бөліскені белгілі. Сол үшін көптеген ұлыстардың өткен және бүгінгі буыны қазақ халқына шексіз риза. Қазақ жерінде қазір жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүріп жатыр. Бәрі – Қазақстан азаматтары.
Мойынқұм ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді