Бейбіт күннің батырына көмек керк
Төсекке таңылған дәрменсіз жанның жанарынан үзілмеген үміті байқалды. Бір жыл, жеті ай. Аз уақыт емес, бірақ дені сау жанға қалай өткені де байқалмауы мүмкін. Ал сырқатымен арпалысқан азамат үшін ғасырдан да ұзақ күндер.
Өткенге шегініс жасап, сол күнгі оқиғаны еске түсіріп көрейік. 2016 жылғы 19 маусымда Тараз қаласындағы 6-шағын ауданда қылмыскерді қолға түсіру кезінде ерлік көрсетіп, оққа ұшқан Бекжан Тіленшиевтің жағдайы өмір мен өлім арасында еді. Екі күрделі ота жасалғаннан кейін ғана беті бері қарағанымен, бірінші топ мүгедегі болып қалды. Төсекке таңылған азаматтың екі аяғы сал болып, бір қолы істемейді. Бүгінде облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығында жатқанына екі айдан асты. Сол күнгі оқиғаны еске түсірудің оңай емесін білсек те, айтып беруін өтіндік. «Сол күні әдеттегідей қызмет бекетімде тұрғанмын. Он метрдей жерде үш қылмыскер бір адамды атып тастады. Олар қылмыстарын жасырмақ болып қашты, мен жолдан бір көлікке мініп, соңдарынан қудым. Рация арқылы орталыққа шығып, болған жайды баяндадым. Қашқындар 6-шағын ауданға келгенде тығырыққа тірелді. Біреуі көп қабатты үйдің бірінші кіреберісіне кіріп кетті. Мен де артынан жүгіріп кірсем, қылмыскер маған қаруын кезеп тұр екен. Мен де қаруымды шығарып, оған «қаруыңды таста, ақымақ болма, беріл» дегенім сол еді сырт жақтан бір кішкентай бала кіріп келді. Сөйтіп қаруымды қылмыскерге кезеп тұрып, кішкентай баланы өткізіп жібердім. Көп қабатты үй болғандықтан, пәтерлердің бірінен адам шығып қалып кепілдікке ала ма деп алаңдадым. Содан қылмыскердің атқан оғы менің мойныма тиіп, сол жерде құладым. Ал менің атқан оғым қылмыскердің аяғына тиді. Көмекке келген учаскелік полиция инспекторы Данияр Зәуірбеков те жараланды. Екеумізді ауруханаға жеткізіп, ота жасады», деп күрсінді бейбіт күннің батыры. Осындай ауыр жағдайға түскен жанның қиындыққа берілмей, ертеңгі күнге деген сенімін бекемдей түсуге орталықтың психологі Қарлығаш Дәуірбаева көмектесіп жүр. «Бекжан өте шыдамды, соның арқасында еш мойымай, үмітпен өмір сүріп жатыр. Негізі орталықта 42 күн ғана жатуға рұқсат беріледі. Біз осындай жағдайы ауыр кісілерді 60 күнге дейін жатқыза аламыз. Бізден шыққан соң қайда барады, сырқаты аз күнде емделеді деп айта алмаймыз», дейді психолог. Бекжанның мойнынан тиген оқ бірінші және жетінші омыртқасын сындырып, мойнымен жалғастырған екі күре тамырды үзіп жіберген. Жеті жарым сағат ота жасалып, үзілген екі тамырды жалғап, жанын әзер аман алып қалыпты дәрігерлер. Бір ай ауруханада жатқаннан кейін Астанаға Ұлттық нейрохирургия орталығында төрт жарым сағаттық операцияны тағы өткерген. Одан кейін Греция елінде оңалту орталығында емін жалғастырып келген. Бірақ бұғана сүйегі сынық, жалғанбаған. Екі оқ жауырынында әлі тұр. Баласының денсаулығына алаңдаған анасы Күлзағипа: «Біз Жуалы ауданы Шақпақата ауылында тұрамыз, төрт балам бар. Бізге қазір ешқандай көмек болмай тұр. Ауруханалар да, жедел жәрдем де алмайды. Баламның зейнетақысының тең жартысы дәрілеріне, қалғаны пәтер жалдағанға кетеді», деп ақтарылды. Дәрігерлер ем жүргізуді үзбей, Алматы, Астана қалаларындағы оңалту орталығына барып емделу керек деген екен. Сондай орталықтарда ем қабылдасам, аяққа тұрып кететін шығармын деген үлкен сенім бар Бекжанда. Ендігі үміті жергілікті билік өкілдерінде. Бейбіт күнде ерлік жасаған сақшыға билік көңіл бөліп, емделуі мен баспана мәселесіне және зейнетке шығарғанда кеткен олқылықтардың орнын толтыруға көмектессе деп тілейді Бекжанның жақындары.
Камила БОРАШОВА
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді