Аудандағы Абай ауылының тумасы Сейсенбай аға кезінде мал шаруашылығы саласында басшылық қызметтер атқарған, аты ауыл-аймаққа танымал, сыйлы кісі еді. Тоқсаныншы жылдардан бастауын алатын аудандағы кәсіпкерлік ісінің де «ізашары» болды.
Алғашқылар қатарында «Бапыш-Сейсенбай» шаруа қожалығын құрып, біраз елді мекендер аумағынан диірмен мен жанар-жағар май құю бекеттерін салып, ел игілігіне ұсынғаны да ұмытыла қойған жоқ. Елі-жұрты еркелетіп өзін «Бапыш» деп атап кеткендіктен, қожалығына «Бапыш-Сейсенбай» атауын берген екен. Ағамыз 7 қыз, 4 ұл, барлығы 11 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ауылдағы үлкен отбасының иесі болатын. Сәкен 1957 жылы 6 қарашада, міне, осы әулетте өмір есігін ашқан... Ол шын мәнінде де «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын мақсаткер де табанды, әсіресе шаруаға бейім, кәсіпке икемді ұл болып өсті. Мектепті бітірген бойда Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институтына өз таңдауымен түсіп, инженер-технолог мамандығын алып шыққан. Алғашқы еңбек жолын 1980 жылы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы №2 астық қабылдау мекемесінің қойма меңгерушісі болып бастапты. Жалын күшке ие жас жігіттің алдында талай асу, белестің, қиындықтардың тұрғаны анық еді. Ол соның бәрін де өзінің ізденісті еңбегімен, қабілет-қарымымен еңсеріп, жеңе білді. 1989-1998 жылдары Жамбыл қаласындағы №2 астық қабылдау мекемесінің элеватор меңгерушісі болды.
Оның бұдан кейінгі өмірі мен еңбегі сол тұста Сазтерек ауылдық округінің аумағында әкесі уығын тіктеп беріп кеткен «Бапыш-Сейсенбай» шаруа қожалығымен тығыз байланыста өрбіген. 1998-2003 жылдары «Бапыш-Сейсенбай» шаруа қожалығының жабдықтаушысы болса, ал 2003 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жетекшісі қызметін атқаруда. Яғни әке аманатын ақтап, жолы-үлгісімен жүріп, шаруашылықты бүгінгідей деңгейге жеткізіп отыр. Бұл – аудандағы өз жұмысын көп бағытта үйлестіріп, дамытуға қол жеткізген бірден-бір іргелі агроқұрылым. Шаруашылық иелігіндегі жер көлемі де ауқымды. Оның ішінде егістік алқап – 1645, шабындық – 500, жайылымдық – 8000 гектарды құрайды. Жалпы ақ егісті де, пішен мен көпжылдық шөпті де өз техникалары күшімен орып, жинап алады. «МТЗ» маркілі 9 доңғалақты трактор шаруашылық жұмыстарын дөңгелентуге жарап-ақ тұр. – Біздің қожалығымыз негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Уақ малдың саны 5 мыңның үстінде. Сондай-ақ 964 мүйізді ірі қара, 1368 жылқы, 60 бас түйе бар. Бүгінде «Әулиекөл» асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын өсірудеміз. Бұл – сиырдың етті тұқымы, қазақтың ақбас сиыры тұқымын абердин-ангус және шароле тұқымдарымен күрделі түлетпе будандастыру жолымен алынған. Тез жетілгіш, жергілікті жағдайларға да жылдам бейімделеді. Қыста жүні қалың өседі, қатал ауа райына көнбіс келеді. Түсі ақшыл сұр. Бұқалары – 900-1125, ал сиырлар – 500 -700 келі аралығында ет береді. Бордақыланған он бес айлық өгізшелерінің тірідей салмағы 450 келідей болады, – дейді қожалық жетекшісі Сәкен Рәпілбеков. Өткен жылы ол облыс делегациясы құрамында Қытайдың Чанцзи автономды округінде болып, тәжірибе алмасып қайтқан болатын. Осы тұрғыдағы сауалымызға «Көрші ел шаруалары да өзіміз секілді, анау айтқандай айырмасы жоқ. Тек технологияларының әлеуетті екендігі болмаса. Алдағы уақытта бұл жағын да ойластыратын боламыз», деп жауап берді ол. Кәсіпкер азамат бүгінде өзінің шаруа қожалығы мен басқа да бизнестік нысандарында 40-қа жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұдан тыс аудан мен ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларына да қол ұшын созып, қайырымдылық көрсетумен келеді. Еңбек өндірімділігі мен әлеуметтік жауапкершілік талаптары қамтамасыз етілуімен мұнда егін мен мал шаруашылығы қатар дамытылып, елеулі жетістіктерге де қол жеткізілуде. Сәкеннің «Нұр Отан» партиясының мүшесі, аудандық мәслихаттың депутаты, ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде де қоғамның, елдің дамуына қосқан үлесі қомақты-ақ. Оның осындай ерен еңбегі еленіп, әр жылдарда ҚР Президентінің, ҚР Премьер-Министрінің, сондай-ақ республикалық, облыстық салалық құрылымдардың грамоталарымен, «ҚР мәслихатының 20 жылдығы» мерейтойлық медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс белгісімен марапатталған. Ауданның Құрметті азаматы. «Еңбек ердің атын шығарады» дегеніңіз, сірә, осы болар. Осылайша берекелі ісімен бүгінде халқының қалаулысы, елінің елеулісіне айналған азаматтың алар асуы да, берері де мол екендігіне әбден сенімдіміз.
Байзақ ауданы
Баймаханбет ахмет
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді