«Наурызбай және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әлия Әубәкірованы аудан жұртшылығы шаруасын дөңгелеткен белгілі кәсіпкер ғана емес, қайырымды қамқор жан ретінде де құрметтейді.
Ол көбінесе асыраушысы жоқ, жалғызілікті, мұқтаж азаматтарға қаржылай көмек көрсетіп жүреді. Солардың ризашылықтан балбұл жанған жүздерін көргенде, Әлияның иығынан ауыр жүк түскендей, бір беймарал күйге енетіні бар. – Алла бұл дүниеге адамдарды сынақ үшін, яғни айналасына жақсылық жасау үшін жібереді. Әйтсе де мұны көпшілігіміз түсінбейміз, түсінгіміз де келмейді. Арамызда ізгілік қасиеті аз, өзі тойса да, көзі тоймайтындар қаншама?! Әлбетте, мұның түбі – өкініш, – дейді Әлия Әубәкірова. Ол ұзақ жылдар Меркі ауылындағы аудандық ауруханада мейірбике болып жұмыс істепті. Сырттай оқып, Бішкек қаласындағы медицина институтын бітірген. Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған жұбайы Әли Жұматаев шаруашылықта бас инженер болып жұмыс істеген. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде агроқұрылымдар тарап, жұмыссыз қалған соң, жұбайы Әлия екеуі ақылдасып, «Сұрат» шаруа қожалығын құрған екен. Ал Әлия дәріхана және дүкен ашуды қолға алады.
Мал өсіріп, егін шаруашылығымен айналысатын қожалықтың иелігінде 300 гектар егістік жер бар екен. Оның 40 гектары суармалы. Жыл сайын мал азығы үшін 160 гектар алқапқа арпа егеді. Отыз гектар жерге жоңышқа өсіріледі. Қалғанын парға қалдырып, агротехникалық талаптарды сақтап отырады. Соның арқасында дәнді дақыл мен көпжылдық шөптен мол өнім жинап жүр. Былтыр агроқұрылым алғаш рет 8 гектар алқапқа қант қызылшасын өсірген. Күзде оның әр гектарынан 250 центнерден балтамыр жинапты. Шетелден қызылша жинайтын екі техника сатып алған. Қожалықта 150 мүйізді ірі қара, 20 жылқы бар. Әли қазақтың Ақбас тұқымды мүйізді ірі қарасын асылдандырып, оларды өз төлі есебінен көбейтуге күш салуда. Бұқаны бордақылап, етке өткізуде. Қожалық өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өткеруден 6 миллион теңге таза табыс тапқан. Жиырма техникасы бар, 7 адам тұрақты жұмыс істейтін шаруашылыққа науқандық жұмыстар кезінде 30 адамға дейін тартылады. Әлидің әлі жүзеге асыратын жоспары көп. Адал еңбекпен тапқанының бір бөлігін қайырымдылық шараларына жұмсайды. Ал Әлия жетекшілік ететін серіктестіктің иелігінде бүгінде 4 дәріхана, бір дүкен бар. Бесеуінде 30-дан астам адам жұмыспен қамтылған. Ол тұрмысы төмен бірқатар отбасылардың жоғары оқу орындарында оқитын студенттерінің жыл сайын оқу ақысын төлеп тұрады. Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен ардагерлеріне тегін дәрі-дәрмек беріп көмектеседі. «Атамекен» базалық бағдарламасы бойынша Әлия «Жомарт жүрек» жобасы аясында жылына төрт рет мүмкіндігі шектеулі жандарға сыйақы беріп, мерекелік дастархан жаяды. Сұрат ауылының тұрғындарына 250 орындық мешіт және оның қасынан 300 орындық асхана да салып берген. – Елбасы: «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деп ұдайы айтып келеді. Қайырымдылық – халқымыздың қанында бар қасиет. Тапқаныңды бөлісіп, елдің алғысын алып жүргенге не жетсін?! – дейді Әлия Әубәкірова. Меркі ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді