Таразда М. Тоқмадиға қатысты сот отырысы басталды
Облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында қылмыс әлеміне «Мурка» лақап атымен белгілі кәсіпкер Мұратхан Тоқмадиға қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот талдауы өтуде. «Шыны королі» адвокаты екеуі түсірілімге тыйым салуды сұранғандықтан судья оның өтінішін қанағаттандырып, сот жабық жағдайда жүргізіліп, журналистер онлайн жүйе арқылы арнайы залдан қарап отырды.Шынар Сағиева
«Депутаттық корпус» атты қылмыстық топ құрып, қоқан-лоққы жасап, бизнестегі әріптесінің дүние-мүлкін иеленіп кетті, заңсыз қару-жарақ сақтады деген айыппен өткен жылдың қазан айында Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен 3 жылға сотталған кәсіпкер Мұратхан Тоқмади енді адам өлтіру дерегі бойынша айыпталуда. Атап айтқанда, ҚР Қылмыстық кодексінің 96-бабының 2-бөлігі ж, з тармақтары бойынша (1997 жылғы редакция) айып тағылып отыр. Бұл бап адам өлтіруге қатысты, ал оның М.Тоқмадиды айыптап отырған тармақтарында «алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған адам өлтіру», «пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен ұштасқан адам өлтіру» бар. Көлемі 79 том болатын іс материалында оның «Банк Тұран Алем» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Е.Тәтішевті өлтіргендігі баяндалған. Сот барысында судья Азамат Тілеповпен сұрақ-жауап кезінде айыпталушы өзіне тағылған айыптардың бәрі негізді екенін айтып, Ержан Тәтішевті өлтіргендігін толықтай мойындады. «Иә, мен кiнәмдi мойындаймын. Жасаған iсiме өкiнемiн», – дедi. Ол жақындары үшін қорыққандығын, оған қоқан-лоққы көрсетіліп, отбасы бұл қысымнан қорыққандығын, Мұхтар Әблязовтан Ержан Тәтiшевтi өлтiру үшiн екі траншпен 4 миллион доллар көлемiнде сыйақы алғанын да айтып берді. Естеріңізге салсақ, өткен жылы М.Тоқмади қамауға алынғанда 2004 жылғы оқиға қайта тексерілген. Ол жөнінде КТК арнасында көрсетілген «Звали его Мурка» атты деректі фильмде Мұхтар Әблязовтың Ержан Тәтішевтің көзін құртып мәселені шешуді тапсырғаны, оның айтуынша, оқиға аңшылық кезінде болуы және абайсыз өлім болып көрінуі тиіс еді деген. Ержан Тәтішевтің өлімінен кейін «Банк Тұран Алемнің» (кейін банк БТА деп аталды) тізгінін Мұхтар Әблязов алғаны белгілі. Сот барысында айыпталушы мұның барлығын егжей-тегжейлі айтып берді. Яғни банкир Ержан Тәтішевті 2004 жылдың 19 желтоқсанында Қордай ауданы Отар стансасы маңында аңшылыққа шыққан кезде өлтіргенін және қылмыс жасауға қашқын олигарх Мұхтар Әблязовтың тапсырыс бергенін жеткізді. Бірақ сол кезеңде 2004 жылғы 19 желтоқсанда Отар стансасы маңында сағат таңертеңгі 11 шамасында болған қайғылы оқиғаға қатысты іс мылтықтың шүріппесінің байқамай басылып кетуі салдарынан болған жағдай ретінде сипатталды. Бұл болжам бойынша, Ержан Тәтішев «Тойота Ланд Крузер» көлігімен далада аң қуып келе жатқан. Олжасына қуып жеткен кезде ол 12-калибрлі мылтықты арт жақта отырған Мұратхан Тоқмадиға берген. Дәл осы сәтте джип шұңқырды басып өтіп, мылтық өздігінен атылып кеткен. Оқ Ержанның шүйдесінің оң жағына тиіп, сол жақ көзінен шыққан. Енді сол кездегі ақиқат 13 жылдан кейін ашылып отыр. Басты сот талдауында айыпталушы Ержан Тәтішевпен бизнесін дамыту үшін аңшылықты ортақ әуестік есебінде көрсетіп әдейі танысқандығын жеткізді. Айыпталушы Әблязовтың нұсқауы бойынша барлығын жазатайым оқиға ретінде көрсеткендігін, Тәтішевтің алғашқы қар жауғанда аңшылыққа жиналатындығын біліп, алдын ала барлығын жоспарлағандығын айтты. 2004 жылдың желтоқсан айында Тәтішевке өзі телефонмен хабарласып, бірге аң аулап қайтуға шақырған. Осы сапарда ретін тауып тапсырысты мүлтіксіз орындап шыққан. Мылтық пен оқ бағытына қатысты детальдардың сот сараптамасын жасау кезінде Тоқмади тиісті адамдарға 20 мың доллар беріп, істі бұрмалап жіберген. Сөйтіп абайсызда кісі өлтіргені үшін сол кезде бір жылға ғана сотталған «Мурка» енді жазадан сытыла алмайды. Сотта одан бөлек Тәтішевтің жеке күзетшісі Козликин мен өзге де куәгерлер жауап берді.
Шынар САҒИЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді