Қызылқайнар елді мекені тұсындағы Талас өзені жағалауындағы бөгеттердің жай-күйі алаңдаушылық туғызып, ауыл тұрғындарына қауіп төндіруде. Өткен жылы аудандық бюджеттен 39 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылып, өзен жағалауындағы бөгеттер нығайтылған болатын.
Әйтсе де биыл өзеннің оң және сол жақ беттерінің 9353 метр қашықтығына тағы да жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі анықталып, қаражат бөлу мәселесі туындаған еді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов кезек күттірмес мәселені назарға алып, Жамбыл ауданына барған жұмыс сапарын осы Қызылқайнар ауылдық округіне қарасты елді мекен маңындағы өзен жағалауын бекіту жұмыстарымен танысудан бастады. Бұдан кейін өңір басшысы «Алтын белгі» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне барып, 22 шаруа қожалығының басын біріктірген шаруашылықтың тыныс-тіршілігін көрді. Өткен жылдың наурыз айында құрылған өндірістік бірлестіктің иелігіндегі ірі қараның саны 275-ке жетіпті. Кооператив мүшелерінің бірлесе еңбек етуінің арқасында былтыр 100 тонна сүт өндіріліпті. Асқар Мырзахметов Айша бибі ауылындағы «Super Pharm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бір реттік қолданылатын медицина бұйымдарын шығаратын зауытының да жұмысымен танысты. Емдеу мекемелерін медициналық халат, бинт, бахил мен бетперде, төсеніш секілді бұйымдармен қамтамасыз ететін кәсіпорын Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 2011 жылдың желтоқсан айында іске қосылған болатын. 2017 жылы зауыт 1 миллиард 200 миллион теңгенің өнімін өндіріпті. Былтыр зауыт жанынан жаңа өндірістік нысанның құрылысы басталған еді. Нысан биылғы жылдың қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Іске қосылатын зауыттың әзірге Орталық Азия мемлекеттерінде баламасы жоқ. Өңір басшысы бұл жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан әкімі мен салалық басқарма басшыларына өнім өндіру көлемінің артуына байланысты зауыт аумағынан шағын подстанса салуды тапсырды. Аудандағы мемлекеттік «Айша бибі» шипажайының жұмысымен танысу да облыс әкімінің назарынан тыс қалған жоқ. Бұл сауықтыру орталығы өткен жылдың қыркүйегінде іске қосылған еді. Қазір емдеу-сауықтыру кешені бір мезгілде тірек-қимыл аппараты және жүйке жүйесі, тері ауруларымен сырқаттанған 120 емделушіге қызмет көрсете алады. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға облыс тұрғындарының денсаулығын нығайтуда шипажайды оңтайлы пайдалану жағын үйлестіруді тапсырды. Облыс әкімінің ауданға жұмыс сапарында Бектөбе ауылындағы «Оңтүстік Халал тағамдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі жұмыстың барысы да таныстырылды. 2016 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы іске қосылған кәсіпорынның өндірістік әлеуеті тәулігіне 40 тонна ет өндіруге қауқарлы. Өткен жылдың тамыз айында серіктестік өз өнімдерін Кувейт, Иран, Біріккен Араб Әмірліктеріне экспорттау мақсатында келіссөздер жүргізген. Бірақ өнімді шетелге шығаруда талап етілетін санитарлық нормаларға икемделу ұзақ уақыт алған. Соған қарамастан, кәсіпорын Иранға өнімді экспорттауды бастапты. Мұнан соң Асқар Исабекұлы аудан орталығындағы Бауыржан Момышұлы орта мектебіне барып, білім беру мекемесінің бүгінгі жай-күйіне қанықты. Қазір мектепте 788 оқушы білім алуда. Білім және тәрбие беру ісіне 72 педагог тартылған. Оқу процесі кедергісіз жүріп жатқанымен, мұнда туындаған материалдық мәселе бар екен. Нақты айтсақ, мектептің көп уақыттан бері пайдаланылмай тұрған бір корпусы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болса, онда бастауыш сыныптарын көшіруге мүмкіндік бар. Облыс әкімі «Амангелді газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Тараз филиалына да барды. Кәсіпорында 372 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Негізгі зауытта АИ-80 маркалы бензин, дизель отыны, керосин, мазут және жеңіл дестилятор өңделеді. Ал шикізат қоры Қызылорда облысындағы «Құмкөл» және «Ақкөл» кен орындарынан жеткізіледі. Сондықтан қазіргідей нарықтағы мұнай бағасы құбылмалы болып тұрған кезеңінде шикізат жеткізушілермен келісімді қысқа мерзімге жасасқан. Соның салдарынан мұнай өңдеу зауыты бүгінде шикізат тапшылығын айқын сезініп отыр. Тағы бір айта кетерлігі, зауытта 40 мың тонналық жоғары октандық бензин шығаратын тұрақтандыру блогын және сыйымдылығы 4160 тонна болатын сұйытылған газ сақтау қоймасын салу жобалары іске асырылып жатыр. Асқар Мырзахметов ауданға жасаған жұмыс сапарын қорытындылап, аудан активімен жиын өткізді. Әуелі өңір басшысы қант қызылшасын зауытқа өткеруде туындаған түйткілге тоқталып, салалық басқарма басшылары мен жауапты тұлғаларды сұрақтың астына алды. Алайда олардың ешқайсысы аудан бойынша 2000 гектар жерге егілген қант қызылшасының зауытқа небәрі 37 пайызының өткерілу себебін түсіндіріп бере алмады. Ауданда денсаулық сақтау саласында кездесетін түйткілдер де өте көп. Ауыл тұрғындары білікті дәрігерлердің көмегіне зәру. Сондай-ақ жиында сын көтермейтін кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласының да жай-күйі де айтылмай қалған жоқ. Себебі қазіргі таңда аудан бойынша 49 кәсіпкерлік нысан жұмыс істемей тұрған көрінеді. Жалпы, ауданда ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларын дамытуға мүмкіндік мол. Тек жергілікті атқарушы билік өз жұмысын тиімді атқара білсе болғаны. Аудан атқамінерлерінің назарын осы жайтқа аударған Асқар Мырзахметов өңір әлеуетін арттыруда экономикаға ден қою қажеттігін ескертті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді