Ішкі істер органдары – қоғамдағы құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік биліктің ең маңызды құрылымдарының бірі болып табылады. Жамбыл полициясының тарихында қайсарлық пен табандылықтың, кәсібиліктің үлгілері аз емес. Мәселен, өңірімізде қылмыскерлермен күрес кезінде 27 полиция қызметкері өз өмірін құрбан етті. Олар – Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов және Саят Тәкенов, Қабыл Әлімқұлов, Петр Воржев, Полат Аянқұлов, Жақсыбек Байсеитов және тағы басқалары.
23 маусым күні Қазақстан полициясының құрылғанына 22 жыл толады. Жұма күні орталық «Баласағұн» концерт залында осы айтулы мереке салтанатты түрде аталып өтті. Алдымен Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың құттықтау жедел хаты оқылды. Алғаш болып сөз алған Ішкі істер министрінің кеңесшісі, полиция генерал-майоры Қайрат Тыныбеков сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Қызметтерін адал атқарғаны және жеткен жетістіктері үшін министрдің бұйрығымен Байзақ аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Бекежан Мұхтаровқа полиция подполковнигі, ал облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Қуанышбек Қалжановқа полиция полковнигі арнаулы атақтары мерзімінен бұрын берілді. ІІД бастығының бірінші орынбасары Арманбек Баймурзинге «Ішкі істер органдарының үздік қызметкері» төсбелгісі, ІІД көші-қон басқармасы бастығының орынбасары Талғат Базаралиевке «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі салтанатты түрде тапсырылды. Министрліктің құрмет грамотасы мен алғыс хаттарын алған сала үздіктері де болды.
Облыстық ІІД бастығы, полиция полковнигі Бекет Аймағамбетов облыс полицейлерін құттықтап, өздеріне жүктелген міндеттерге жауаптылықпен қарап, қылмыс санының көбеюіне тосқауыл қойып отырғандығын айтты. Департаменттің өз марапаттарын да ұсынды. Облыс әкімі аппаратының бөлім меңгерушісі Қ. Бегалиев, облыстық мәслихат аппаратының жетекшісі А. Нәметқұлов сала үздіктерін облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапаттады. Салтанатты кеш концерттік бағдарламаға ұласты.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді