«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Президент парасаты шынайы егемендікті қамтамасыз етті

Президент парасаты шынайы егемендікті қамтамасыз етті
ашық дереккөз
Президент парасаты шынайы егемендікті қамтамасыз етті

Мемлекетіміз тәуелсіздік алған аз ғана уақыттың ішінде экономикасы қарқынды дамыған, рухани дүниесі берік орныққан, саяси бағыт-бағдары айқындалған, өркениетті және демократиялық негізі қаланған елге айналды. Қазақстанның қол жеткізген мұндай жетістіктері Елбасының көреген саясатының жемісі екені баршамызға аян. Өйткені Елбасымыздың жетекшілігімен кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылып, нәтижесінде оның жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз саяси және әлеуметтік-экономикалық сілкіністерге ұшырамай, дербес дамудың өтпелі кезеңіндегі қиындықтар мен сынақтарды еңсеріп, ілгерілеу мен өркендеу жолына шықты. «Алдымен – экономика, сонан соң саясат» қағидаты арқасында қазақстандықтардың тұрмыс жағдайы жақсарып, тәуелсіздік жылдары бар-жоғы 700 долларды құраған ішкі жалпы өнім 20 жылдың ішінде 11 мың долларға дейін жетті. Қазақстанда индустрия¬ландыру саясаты қолға алынды. Оған инновациялық үрдіс қосылды. Мұның бәрі ел экономикасының мүлдем жаңа, мүлдем басқа арнаға бұрылғанын айғақтайды. Сонымен қатар, еліміз нарықтық экономиканың қыр-сырын жетік меңгеріп, әлемнің дамыған 50 елінің қатарына қосылды. Әсіресе Елбасымыздың мерзімінен бұрын сәтті орындалған «Қазақстан-2030» бағдарламасынан кейін 2012 жылдың желтоқсан айында қабылданған «Қазақстан-2050» Стратегиясы Қазақстанның болашағы үшін өте маңызды құжат болып табылады. Өйткені «Қазақстан-2050» Стратегиясы – мемлекетімізді бірнеше жылдардан соң әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің біріне айналдыратын құжат және онда болашақты бағдарлаған нақты мақсаттар көрініс тапқан. Ал оған жетуге Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай көшбасшысы бар еліміздің мүмкіндігі жеткілікті. Оны Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында жан-жақты айқындап берді. Елбасымыз «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында елімізді әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына қосатын, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы да кешенді іс-жоспарларды белгіледі. Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев халықты жарқын істерге жұмылдыру, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық және өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне де орасан зор үлес қосты. Аталған бағыттағы Н. Ә. Назарбаевтың тікелей бастауымен нақты істерге айналған жұмыстардың нәтижесінде қазіргі күні Қазақстан дүниежүзілік және аймақтық барша халықаралық ұйымдардың белді мүшесіне айналды. Жер шарындағы бәсеңдікті, түсіністікті қамтамасыз ету, қарусыздану, халықаралық лаңкестікке, есірткіге қарсы күрес, тағы да басқа салалардағы оның бастамалары мен ұсыныстары оңды тұрғыда шешімін табуда. Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Қазақстанның шынайы егемендігін қамтамасыз еткен маңызды мемлекеттік актілерге қол қойылды. Мәселен, 1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығы шықты. Бұның өзі Елбасының ерлігін жер-жаһанға паш еткізіп, кейіннен әлем мойындаған бастамаға ұласты. Ядролық қарусыз әлемге қарай қадам басқан жаһандық қозғалыстардың да бірден бір бастауы Президент шешімінен туындаған еді. Елбасы тарапынан қолға алынып, қорытындысы әлемдік тұрғыда орын алған күрделі ахуалдардың игілікті тұрғыда жауабын табуына әсер етіп жатқан осындай аса маңызды қадамдарының нәтижесінде Қазақстан Республикасының әлемдік қауымдастықтағы беделі арта түсті. Н.Ә.Назарбаев КСРО тарағаннан кейінгі алғашқы жылдары аймақтағы нарық талаптарына сай бірлескен саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, қорғаныс, көші-қон тұрғысындағы байланыстарды қамтамасыз етіп, орын алған қиыншылықтарға бірлесіп қарсы әрекет етуді іске асыру мақсатындағы Еуразия Одағын құруды ұсынғандығы белгілі. Бүгінгі таңда Еуразиялық Одақтың қажеттігі мен маңызы толығымен дәлелденіп отыр. 1994 жылы 22 наурызда Ұлыбританияға ресми сапары кезінде «Chatһam House» халықаралық қатынастар институтында Елбасы сөз сөйлеп, бірінші рет мемлекетаралық бірлестік – «Еуро-Азиаттық одақтың» аты ұсынылса, бір аптадан кейін, 1994 жылдың 29 наурызында, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жаңа аймақтық бірлестік – «Еуразиялық Одақ» құру жөніндегі идеяны дамытып, аймақтық бағыттарды талдау негізінде бірігудің қажеттілігі жөнінде қорытынды жасады. Н. Ә .Назарбаевтың тың бастамасы ТМД аймағы үшін – жаңашыл жоба болып, сол жылдардағы қиындықтардың алдын алуға бағытталған стратегияның негізін қалады. Еуразиялық экономикалық одақ аясында сауда, валюта және макроэкономикалық саясатты бірыңғай жүйеге келтіріп, тауар және қызмет түрлерінің нарығын, көлік пен энергетика сияқты басқа да көптеген салаларды біріктіруден тұрады. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Әлемдік тәжірибе интеграция дегеніміз ең алдымен экономиканы дамытуға ұзақ мерзімді жағдай жасау, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға жаңа мүмкіндіктер беру екенін көрсетуде. ЕАЭО-ны біз жаһандық байланыстар желісіндегі ашық экономикалық қоғамдастық, Еуропа мен гүлденген Азия арасындағы сенімді көпір ретінде көріп отырмыз», – деген еді. Қазақстан Президентінің Еуразиялық даму тұжырымдамасы Еуразиялық жоба жарияланған соң үнемі толыға берді және бірте-бірте іс жүзіне асырыла бастады. Соның айқын мысалы, 2010 жылы Қазақстан, Беларусь және Ресей арасында орнаған Кеден одағы іске асырылды. Ал, бұл өз кезегінде Еуразия экономикалық одағын құрудың алғашқы баспалдағы еді. Кеден одағы құрылған уақыттан бастап өңдеушi өнеркәсiпке құйылған инвестициялар көлемi еселенiп, 34 пайызға артқан. Мұның барлығы Қазақстанға деген инвестициялық қызығушылықтың айтарлықтай өскенін көрсетедi. Елі¬міздің жүргiзiп отырған көпқырлы сыртқы саясатының маңызды қағидаты сақтала отырып, Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одақ аясында әлемнiң өзге мемлекеттерiмен келiсiм жасасуға шек қойылмайтынын есте сақтаған абзал. Еуразиялық одақ – бүгінгі күн мен болашақтың күрделі сынақтарымен өлшенетін мегажоба. Ол қалыптасуы тарихтағы ең күшті жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстар ықпалымен басталған жаңа әлемдік архитектураның органикалық бөлшегі болудың барлық мүмкіндіктеріне ие. Мемлекет басшысы Еуразиялық одақ тек еріктілік, тең құқылық, өзара тиімді және оған мүше әрбір елдің прагматикалық мүдделерін ескеретін қағидаттар негізінде ғана мүмкін екендігін талмай айтып, осы қағидасынан танбай келеді. Елбасының бұл жаңашыл бастамасы қазіргі еуразиялық интеграция деп аталатын жаңа тарихи үдерістің бастапқы нүктесіне айналып үлгергені де ақиқат. Бірлестіктің мақсаты мемлекеттеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, экономикалық бөлік шегінен шықпайтын тек қана экономикалық интеграция екендігін Нұрсұлтан Әбішұлы осыдан жиырма жыл бұрын да қадап айтқан болатын. Еуразиялық интеграция мәселесін Елбасыдан артық білетін, одан артық жол сілтей алатын тұлға жоқ. Осы кезге дейінгі жеткен жетістігіміз, бейбіт өміріміз, ынтымағымыз, көршілермен татулығымыз да таңдаған жолымыздың дұрыстығының айғағы. Сонымен қатар, Елбасымыз Орталық Азиядағы, ТМД, мұсылман елдері арасындағы қатынастарды реттеудің, осы бағыттағы аса маңыздылығы дәлелденіп отырған барша бастамалардың жетекшісі болып табылады. Атап айтқанда, Президент Н. Ә. Назарбаев ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, АӨСІШК сияқты ұйымдардың негізін қалап, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ҰҚШҰ секілді іргелі ұйымдарға төрағалық етті. Бұның өзі Елбасының ерлікке пара-пар істерінің нәтижесі болатын. Әсіресе, Елордада өткізілген Саммит айтулы оқиға еді. Мұнда бүкіл әлемнің елдері жаңа Астанаға көз тігіп, әсем сәулет өнері мен үлгілері, сан алуан тарихи және мәдени ескерткіштерінің сұлулығына өз таңданыстарын білдірді. Өйткені, бүгінгі Астана – жедел қарқынмен дамып жатқан заманауи қала. Айналдырған бірнеше жылдың ішінде қаланың халқы үш есеге өсіп, құла даладан бой көтерген, сәні мен салтанаты жарасқан, сәулеті талайларды тамсандыратын елордамыз тәуелсіздігіміздің тірегіне, экономикамыздың жүрегіне айналды. «Бәйтерек», «Пирамида», «Ханшатыр», «Ақ орда», «Думан», «Бейбітшілік және келісім сарайы» және тағы басқа да ғажайып архитектуралық ғимараттар орналасқан Астанамыздың көркеюі Елбасымыздың ұшан-теңіз еңбегінің нәтижесі. Н. Назарбаев Елорданы Сарыарқаның төсіне көшіру идеясын көтергенде мұны ешкім түсінген жоқ және мұны құрғақ қиялға балады. Жаңа ғана егемендігін алған, экономикасы тұралап қалған мемлекет қалай құлан түзде қала салмақ деп топшылады. Әрине, бүгінгі күннің биігінен айту да, айшықты Астананың көркін айтып мақтану да оңай. Бірақ, мәселенің түп-төркініне үңілсек ерлікке пара-пар іс Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың керемет ерік-жігерінің арқасында ғана мүмкін болды. Мінеки, осындай Алаш жұртының асқан асуларының баршасы, елдегі экономикалық-әлеуметтік және саяси реформалар, халықаралық және өңірлік бастамалар, жаһандық жасампаз істердің барлығы дерлік Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты болып отырғаны белгілі.

32Дария Қожамжарова, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, ТарМПИ ректоры.

Ұқсас жаңалықтар