Оны АҚШ ғалымдарының өзі үлгі тұтуда
Болат Исақов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы-Тәртіптік кеңестің төрағасы.
Қандай да мемлекеттің даму жолы мемлекеттік билік органдарының жұмысымен тығыз байланысты. Ал, мемлекеттік билік органдарының жұмысы ондағы кадрларға байланысты екені мәлім. Ендеше, мемлекеттіліктің баянды болуы үшін қызметтегі кадрларға деген талап та жоғары болуы хақ. Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап кәсіби Үкімет құру басымдығын айқындауының басты себебі де осында.
Қазақстандық мемлекеттік қызмет жүйесін дамыту еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы рөлінің өзгеруі, саяси жүйенің, экономиканың, қоғамдық қатынастардың қалыптасу, мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыру процестерімен тығыз байланысты болып келеді. Мемлекеттік қызмет жүйесінде орын алған соңғы жаңа моделді қалыптастыру реформасы да аталған үдерістермен байланысты және еліміздің алдағы кезекті даму ырғағын қамтамасыз етудің факторына айналмақ. Мемлекеттік қызметтің нақты реформасы Мемлекет басшысының, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға және мемлекеттік қызметшілердің қоғамға қызмет етуіне бағдарланған саяси жігерінің негізінде жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні халықаралық сарапшылардың пікірі бойынша отандық мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру үдерістері заманауи үрдістер мен озық халықаралық тәжірибелерге сай дамып келеді. Әлемдегі алпауыт мемлекеттің бірі АҚШ-тың мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырушы ғалымдары да Қазақстанның мемлекеттік қызмет істеріндегі моделді АҚШ үшін де үлгі болатындай деп бағалайды. Бұл ретте мемлекеттік саяси қызметшілердің саны азайтылып, мемлекеттік әкімшілік қызмет құрылымында мемлекеттік саяси қызметшілер қалыптастыратын саясатты іске асыруды және стратегиялық шешімдер қабылдау мен оларды орындау арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін, арнайы талаптар мен іріктеу жүйесі белгіленген «А» басқарушылық корпусына жатқызылған лауазымдардың енгізілуі үлгі ретінде танылуда. Мемлекеттік қызметтегі жаңа өзгерістер тиімді кадр тетіктерін – мемлекеттік қызметке кірудің тиімді әрі айқын тәртібін, үздіксіз кәсіби өсу мүмкіндігін, жұмыс нәтижелері мен ынталандыру жүйесінің өзара байланысын қалыптастыруға бағытталған. Жаңа модел жинақталған халықаралық тәжірибелермен, құзырлы органдардың көп жылдық жұмыс тәжірибесі есебімен сипатталады. Мемлекеттік қызмет жүйесінің бастапқы қалыптасу кезеңінде Заңды іске асыру барысындағы проблемалар болды. Мемлекетшіл, кәсіби біліктілігі жоғары кадрларды іріктеу мақсатында Елбасының Жарлығымен конкурстық іріктеу жүйесі енгізілді. Өйткені ашықтықты, объективтілікті қамтамасыз ету шараларын қарастыру уақыт талабы болатын. Кадрлық шешімі үшін комиссия мүшелерінің және мемлекеттік орган басшысының жауапкершілігі қарастырылды. Конкурсты өткізу ережесінде «Бақылаушы» түсінігі енгізілді. Тесттер конкурстан ажыратылып, тестілеуден өту үдерістері және тестілеу бағдарламалары жаңаланды. Мемлекеттік қызметке түсушілердің құқықтық сауаттылығын көтеру мақсатымен заңнамаларды білуге арналған тестілеу бағдарламаларында жоғары лауазымдар үшін тесттер саны бес заңнамадан тоғызға дейін көтерілсе, басшы емес лауазымдар үшін де төрттен сегізге артты. Дегенмен ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап ауылдық және аудандық деңгейдегі бас және жетекші мамандар үшін тест саны алтыға дейін жеңілдетілді. Бұдан бөлек, қызметшілердің және мемлекеттік органдардың жұмысында сабақтастықты қамтамасыз етуге, қызметшілердің кәсіби дайындығына көмек көрсетуге бағытталған тағылымдама және тәлімгерлік институттары, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілер жұмысының тиімділігін және сапасын айқындау үшін олардың қызметін жыл сайынғы бағалау жүйесі енгізілді. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілерді ынталандыруға көңіл бөлініп отыр. Елбасының Жарлығымен «Мемлекеттік қызметші күні» кәсіби мерекесі және «Үздік мемлекеттік қызметші» ведомстволық наградасы енгізілді. Жалпы, тиісті өзгерістер мемлекеттік қызметшілермен қызметті өткерудің негізінен барлық аспектілеріне енгізілген және мемлекеттік атқарушы биліктің басы-қасында саналы да сапалы кадрлардың топтасуына бағытталған. Елбасының «Мемлекеттік қызметші кез-келген орында, кез-келген лауазымда қандай жағдай болса да халықтың, өз елі азаматтарының сенімін жоғалтпай жұмыс істеуі керек. Қазақстандық мемлекеттік қызметші әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болып, адамдар арасында өзін ұстай білуі керек» деген қағидалы сөздері осыдан болар. Жаңаша өзгерістер нәтижесінде мемлекеттің функцияларын тиімді орындауға және халыққа сапалы мемлекеттік қызметтер көрсетуге қабілетті мемлекеттік аппаратты қалыптастыра отырып, Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында айқындаған жаңа белестерді бағындыруға өз үлестерін қосады деп нық сеніммен айта аламыз. 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні кәсіби мерекесімен барша мемлекеттік қызметшілерді құттықтап, еңбектеріне табыс тілей отырып, мемлекеттік қызметші деген абыройлы атаққа әрдайым лайықты болуларына тілектеспін.
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді