Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры М. Ескендіров туралы бір үзік сыр
Өңір экономикасының басты тірегі – химия саласында Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған тұңғыш қазақ азаматы Сартай Есімхановтан соң, арада қырық жылдай уақыт өткеннен кейін осындай атақ оның ізбасары Мұқаш Ескендіровті іздеп тапты. Бұл облыс үшін де айрықша елеулі оқиға болды әрі ел экономикасын ілгерілету жолындағы ерен еңбектің еленуі, лайықты бағалануы еді. Абырой да, құрмет те еңбекпен келеді. Әркім – өз дәуірінің перзенті. Өз заманының талабына өзінше үн қосады, еңбегін арнайды. Бала Мұқаштың да жасынан өндіріс майталмандарының өнегесін, ерлігін үлгі тұтып, соларға еліктеп өскені анық. Мектептен кейін бірден Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтына оқуға түскені де содан болар. Оны бітірген бойда жолдамамен Жаңа Жамбыл фосфор зауытына келіп, ауысым шебері қызметіне орналасады. Әрине, қазір айтуға ғана оңай. Бірақ ол осы күнге дейінгі еңбек жолында сан алуан қиындықтарды бастан өткерген. 1999 жылы құрылып, өз жұмысын минералды тыңайтқыштар, сары фосфор мен оның өнімдерін өткеру нарығын қайта қалпына келтіруден бастаған «Қазфосфат» ЖШС бүгінде еліміздің аумағында фосфат өндіріп, оны өңдеп, тұтынушыларға темір жол көлігі арқылы жеткізіп беретін бірегей компанияға айналған болса, бұл да Мұқаш Зұлқарнайұлының еңбеккештігінің, табандылығының, мақсаткерлігінің арқасында мүмкін болды. Қазіргі таңда мұнда минералды тыңайтқыш, сары фосфор, химия өнімдерінің 20-дан астам түрі өндіріледі. Өнімдер негізінен экспортқа бағдарланған, 94 пайызы шетелдерге өткеріледі. Әзірге негізгі табыстың 60 пайызы сары фосфор сатудан түсуде. Компанияның өнімдері Еуроодақ, ТМД елдеріне, Қытай, Жапония, Иран, Ауғанстан және Үндістанға жіберілуде. М.Ескендіров іргелі өндіріс ошағын басқару тізгінін қолына алған күннен бастап қалайда осы жолда жетістікке жету мақсатынан еш айныған емес. Қазіргі таңда «Қазфосфаттың» барлық өндірістік құрылымдарында 6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Компанияның үздік еңбек жетістіктері ескерусіз қалмай, халықаралық байқау, көрмелерде бірнеше ондаған марапаттарға да ие болған. Мұқаш Зұлқарнайұлының өзі де туған қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына ерен еңбегімен үлесін қосып, мұқтаж жандарға демеушілік көмектер көрсетуде. Атап айтқанда, «Бәйдібек» қайырымдылық қорына материалдық көмек, зағип және көру қабілеті нашар «Болашақ» мектеп-интернатының оқушыларына сауықтыру лагерьлерінде демалуына, өңірдегі жас ақындардың «Өрімтал» ұжымдық жинағының жарыққа шығарылуына демеушілік жасап, соғыс және еңбек, ауған соғысы ардагерлеріне қайырымдылық көмектер көрсеткен. Мүгедек балалар арасында өткен республикалық «BI Жұлдызай» фестиваліне облыс атынан қатысқан 101 өренге демеушілік көмек көрсетуі, Тараз қаласының «Самал» шағын ауданынан балалардың ойын алаңын салып беруі де оның азаматтық тұлғасын биіктете түскені анық. Әсіресе алқалы жиында «Қоршаусыз Тараз» идеясын көтеріп, бастамашылдық танытуы да туған өлкесінің гүлденіп, көркеюіне айрықша ден қоятынын аңғартса керек. Еңбек Ерінің алуан саланың жұмыстарын үйлестіруге қоғамдық негізде жанашырлықпен атсалысуы ерлікпен пара-пар іс қой. Оның ҚХА-ның, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік инвесторлар кеңесінің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңес бюросының мүшесі ретінде де қоғам дамуына қосып жүрген үлесі қомақты. Мұқаң, міне, осылай ерен еңбегінің арқасында абырой, құрметке де бөленуде. Әр жылдарда «Қазақстан Республикасының Құрметті инженері», «Білім» меценаты, «Жылдың үздік рационализаторы», «Химия өнеркәсібінің үздік қызметкері», Тараз қаласы мен Жамбыл облысының Құрметті азаматы атақтарына, «Құрмет», «Парасат», «Ресей химия индустриясына сіңірген еңбегі үшін» I дәрежелі ордендеріне, «Ерен қызметі үшін», «Ісіне адалдығы үшін» ІІІ дәрежелі медальдарына ие болуы – оның ел мүддесі, халық игілігі жолында төккен терінің өтеуі, еңбегіне берілген лайықты баға деп білеміз. Мұқаш Зұлқарнайұлы қазір де күндіз-түні тынбай, ат үстінен түспей елге қызмет етуде. Тұрғындармен, әсіресе жастармен әрбір кездесуінде: «Біздің ізімізді басып келе жатқан жастарға адам үшін барлық игілік тек қана адал еңбекпен келетіндігін баса айтқым келеді» деп өзінің өмірлік тәжірибесін ұдайы үлгі етіп те отырады. Өйткені ол бақытын еңбектен тапты. Әр кезде де үздік әрі үлгілі көшбасшы болу – оның ең басты азаматтық ұстанымы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді