Мақсатым – елге адал қызмет ету

Мақсатым – елге адал  қызмет ету
ашық дереккөз
Мақсатым – елге адал қызмет ету

25Фархад АБДРАЛИЕВ, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ақпараттық-талдау бөлімінің бас маманы.

Қиыншылығы мен қызығы қатар жүрген студенттік кездің жемісі – Алматы технологиялық университетінің дипломын алып, асыға күткен атамекенім Таразыма да жеттім. Осылайша, өмірімнің жаңа кезеңі басталды. «Қайдан жұмыс іздесем» деп жүрген кезімде кенет көктен іздегенім жерден табылып, Жамбыл ауданы әкімдігінің қаржы бөліміне жас маман ретінде жұмысқа шақырту алдым. Еңбек жолым осылай басталып кетті. Бірде жанашыр досым облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ашылғандығынан және онда жаңа кадрларға іріктеу жүріп жатқандығынан құлағдар етті. Бұл хабар мен үшін алдағы армандарыма жететін жолдай көрінді. Бұл қызметті атқара алатындығыма іштей сенімді едім. Сонымен қажетті құжаттарды тапсырып, сынақтан мүдірмей өттім. Нәтижесін күтіп жүргенде басқарма басшысының қабылдауына шақырды. Басқармаға келдім. Кабинет есігін ақырын ғана тоқылдатып, ішке кірдім. Жүзінде қаталдықтың белгісі бар жас азамат төрдегі орындықта отырды. Бұл басқарма бастығы Еркін Құлымбайұлы болатын. Менен бұрын: – Ия, амансыз ба? – деп қолын ұсынды. – Ассалаумағалейкум. – Уағалейкумассалам. Мән-жай сұраса келе, «маған үш жақсы және үш жаман қасиетіңді айт» – деп, сұрақты төтесінен қойды. Тосыннан қойылған бұл сұраққа жауап бере алмай біраз қипақтап қалдым. Дегенмен өмірден аздап түйген ойларымды ортаға салдым. – Иә, өмір жайлы танымыңыз жақсы екен. Құттықтаймын. Жұмысқа қабылдандыңыз, – деп басқарма басшысы жайдары жүзбен мені шығарып салды. Міне, осы кезден бастап азды-көпті екі айға ғана созылған алғашқы қызметімнен босап, басқармаға бас маман болып орналастым. Бұл жалындаған 22 жастағы кезім еді. Басқарманың жаңа құрылған тұсында мемлекеттік қызметке жаңа орналасқан мен және өзге де ұжым мүшелері қызығы мен қиыны мол кездерді бастан өткерді. Олар өз міндеттемелерін кәсіби деңгейде атқарып, еліміздің егеменді, тәуелсіз, демократиялық, әлеуметтік және құқықтық мемлекетке айналуына маңдай терлерін төгіп келеді. Десек те, бұл қызмет мен үшін өмір мектебі. Себебі, мұнда көп нәрсені үйрендім. Таныдым. Білдім. Мемлекеттің дамуындағы мемлекеттік қызметтің қосар үлес салмағы ерекше екені сөзсіз. Осындай зор жауапкершілік пен сенімді арқалаған соң, адал еңбек ету мақсатым болып қала бермек.

Ұқсас жаңалықтар